|
Мырзатай ауылдық клубында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығының келісімімен, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер сынға түсті. Айтулы іс-шараға Тараз қаласы және 10 ауданнан 18 бен 35 жас аралығындағы 12 үміткер
қатысты. Байқау қатысушылары сайыстың таныстыру деп аталатын алғашқы кезеңінде, өзін, ата-тегін, өскен жерін таныстырды. Өнер және сұрақ-жауап сынақтарына қатысушылар мұқият дайындалғандықтарын көрсетті. «Қамшы өру» сынағы да өте тартысты болды. Ләңгі тебу, қол күрес, желке тартыс, садақ ату, кір тасын көтеру секілді ұлттық ойын түрлерінен күш сынасып, шыныққан, шымыр екендіктерін таныта білді. Байқау қорытындысында бірінші орынды аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Дулат Жасұзақов иеленді. Екінші орынды Меркі ауданының намысын қорғаған Қуаныш Тұрсынбек, үшінші орынға жуалылық Қуаныш Сүйінбай лайықты деп танылды. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтап, арнайы диплом және ақшалай сертификаттар тапсырды. Сонымен қатар, байқауға белсене қатысқандары үшін барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. - Ауылымызда түрлі іс-шаралар өтіп жатқандығына қуаныштымыз. Әсіресе облыстық “Жігіт сұлтаны-2026” байқауы өте тартысты өтті. Бұл байқау тұрғындарға үлкен рухани азық берді деп ойлаймын.Тағылымы мол осындай іс-шараға ұйытқы болған ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз,-деді ауыл тұрғындары.
Өз тілшіміз. |
|
Обновлено 25.05.2026 18:08 |