|

«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы комиссия төрағасы Алтынбек Жамишжановтың төрағалығымен өтті. Отырысқа филиал төрағасы Индира Спаналиева қатысты. Онда Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекова «Білім саласындағы оқушылар арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алудағы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен қолға алынған жаңа жобалар туралы» есеп берді. -Аудандық білім бөлімі тарапынан 2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша
профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде оқу жылының басында есепте турған 2664 оқушы 2639-ға төмендеді. Бұл ретте сынып жетекшілері, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар мүдделі мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізіп, тәуекел тобындағы оқушылармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылды. Санаттар бойынша жүргізілген саралау жұмыстары әлеуметтік осал топтағы оқушылардың басым бөлігі аз қамтылған отбасыларынан шыққанын көрсетті. Бұл санатта 1778 оқушы есепте тұр. Ал бұл тәуекел факторларының әліде болса жоғары екендігін аңғартады. Аудандағы 42 мектепте 20725 оқушы білім алуда. Олардың ішінде мектепшілік есепте 24 оқушы, аудандық полиция бөлімінде 3 оқушы есепте тұр. Ал бұл 2024-2025 оқу жылымен салыстырғанда тиісінше 2 және 4 пайызға азайғанын көрсетеді. Аудандағы 39 мектепте 195 оқушыны қамтитын «Жас инспектор» жасақтары құрылып, жұмыс істеуде. «Заң мен тәртіп» жобасы аясында кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында 10 мектепте «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылды. Оған 206 оқушы қамтылған. «Жас прокурор» сыныптары №4 лицейде, Ғ.Мұратбаев гимназиясында, №7 орта мектебінде өз жұмыстарын жалғастыруда. Аталған жоба аясында 39 мектепке прокуратура, полицияның бұрынғы қызметкерлері тәлімгер болып бекітілді. «Цифрлық әлемде қауіпсіз қоғам», «Буллингтен қорған!», «Қоғамдық мүлікті қорға!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары аясында білім беру ұйымдарында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде аталған жобалар аясында өткізілген іс-шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіз орта құруға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға оң әсерін тигізді, - деді Құралай Амреқұлқызы. «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы» аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Мейірбеков, ал «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдардағы «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және аудан көлемінде автомобиль жолдарын жөндеу және инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы» аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қантемір Данебаев есеп берді. Есеп берушілерге комиссия мүшелері Қ.Үкібаева, Н.Тлепов, Г.Ермекова, К.Амирова, А.Жантаев, Е.Ермековтер «Берікқара», «Суханбаев» орта мектептеріндегі пешті газдан электр энергиясына ауыстыру, асхана жабдықтарын жаңалау, Демалыс саябағы алдынан жаяу жүргіншілер өткелін орнату, бағдаршамдардың тұрақты жұмыс істеуі, аялдама жолдарын ретке келтіру, ауыл ішіндегі автобустың жүру тәртібі, Бурыл ауылындағы жолдардың тозуы тәрізді сұрақтар қойып, жауап алды. Отырысты қорытындылаған А.Жамишжанов комиссия мүшелері халықтың қауіпсіздігіне байланысты өте орынды сұрақтар қойып отырғанын айта келіп, айтылған ұсыныстар мен орын алған кемшіліктерді таяу арада ретке келтіруді тиісті мекеме басшыларына тапсырды.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |