|

Өткен аптада Тараз қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ардагерлер арасындағы дәстүрлі облыстық спартакиада өтті. Спорттың 7 түрінен өткен спартакиадаға Тараз қаласы мен 10 аудан командалары қатысып, бақ сынады. Екі күнге созылған спартакиаданың ашылу салтанатында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, еңбек ардагері Қасымхан Төлендиев, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтар сөйлеп, ардагерлерге сәттілік тіледі. Спорттың қай түрінен болмасын жарыс өте тартысты өтті. Барлық аудан, қала ардагерлерінен жасақталған командалар спартакиадаға тас-түйін дайындықпен
келгендіктерін байқатты. Алдын ала айта кететін тағы бір нәрсе бұрнағы жылдарға қарағанда биылғы жылы жүлде қорыда мол болғандығын айта кеткен жөн. Спартакиаданың алғашқы күні ардагерлер волейбол мен бильярдтан өзара күш сынасты. Біздің аудан командасы өз тобындағы Талас және Сарысу ауданы командаларын волейболдан ұтқанымен кейінгі ойындарда жеңіліс тауып, бар болғаны IV-орынды қанағат тұтты. Ал бильярд ойынында ботамойнақтық ардагер Ержан Бегалиев жүлделі екінші орынды иеленіп, аудан командасы қоржынына алғашқы ұпайды салды. Тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы жарыста ботамойнақтық ең жасы үлкен, 78 жастағы Спатай Төребеков барлық қарсыласын шақ келтірмей, облыс чемпионы атанды. Ал әйелдер арасындағы жарыста Спатай қарияның жерлесі Аққалам Мұсаева IV-орынды иеленді. Дойбыдан өткен әйелдер арасындағы жарыста сарыкемерлік Зина Мұсабекова барлық қарсыласын ұтып, І-орынды иеленсе, ерлер арасындағы жарыста көптеректік ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Ақбердиев тек шешуші ойында ғана сүрініп, ІІ-орынды қанағат етті. Ойлылардың ойыны саналатын шахмат ойынында әйелдер арасында сарыкемерлік Қанымқұл Бесінбай жүлделі ІІІ-орынға қол жеткізсе, ерлер арасында мырзатайлық Сейтқазы Толымбеков IV-орынды жеңіп алды. Асық атудан өзінің мергендігін танытқан сазтеректік Керімбек Жүнісов ІІ-орынды иеленіп, ерледі. Үстел теннисінен өткен жарыста қостөбелік Фарида Кабирова IV-ы, ал ерлер арасында Фарид Кабиров VIІ-і орынды қанағаттанды. Спартакиаданың жалпы қорытындысы бойынша аудан командасы Тараз қаласынан кейінгі жүлделі ІІ-орынды иеленіп, арнайы кубок, медаль, диплом, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ жекелеген спорт түрлері бойынша жүлделі орындардан көрінген ардагерлер тиісті марапаттарға қол жеткізді. Аудан командасы өз тарихында биыл алғаш рет жүлделі орыннан көрініп отыр. Ал бұған спорт ардагері Асқар Бекбауов басқаратын Ботамойнақ ауылдық округі ардагерлерінің қосқан үлесі мол. Сол сияқты волейболдан аудан командасын дайындауда Жетібай ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің директоры, волейболшы Шоқан Мекебаевтің еңбегі көп болғанын айта кету орынды. Спартакиадаға аудан командасын дайындауға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өсер Нұрбаевта көп еңбек сіңірді. Ардагерлерден жасақталған аудан командасын облыста екінші орынды иеленулерімен құттықтап, алда да биіктерді бағындыра беруін тілейміз.
Серік КЕНБАЕВ, аудандық ардагерлер кеңісі жанындағы спорт жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. |