|
Бірлік пен келісім – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі тірегі. Қоғамдағы татулық, өзара сыйластық пен түсіністік елдің дамуына жол ашып, болашаққа деген сенімді арттырады. Сондықтан ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту - әрбір азаматтың міндеті. Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекет. Бұл еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің айқын көрінісі. Ұлттар арасындағы достық пен өзара құрмет қоғамдық келісімді сақтап қана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік және мәдени дамуына да оң әсер етеді. Осы ретте, Қостөбе ауылдық округінде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың
үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл тұрғындары арасындағы ауызбіршілік, өзара түсіністік пен құрмет қоғамдық келісімді нығайтып, ел бірлігінің берік негізін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Түрлі ұлт өкілдерінің ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуі – татулық пен тұрақтылықтың айқын көрінісі. Жас ұрпақтың бойында бірлік, татулық және өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру мақсатында Қостөбе орта мектебінде жыл басынан бері 8–11-сынып оқушылары арасында бірқатар тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, «Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін», «Этносаралық қарым-қатынастағы мәдени диалог», «Ұлтаралық келісім – қоғам дамуының негізі» тақырыптарында кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары және түрлі тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар барысында оқушылар өз ойларын ортаға салып, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, қоғамдағы ынтымақ пен өзара түсіністікті сақтаудың маңызы түсіндіріліп, ел бірлігін нығайтуға бағытталған мазмұнды ақпараттар ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қостөбе ауылында аудан тұрғындары арасында ауыл әкімінің кубогы үшін кіші футболдан турнир демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған турнирдің мақсаты – тұрғындар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық бірлікті дәріптеу болды. Турнирге 6 ауылдық округтен, атап айтқанда, Сарыкемер, Талас, Ботамойнақ, Қостөбе, Кеңес және Диқан командалары қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Талас ауылы, ІІ орынды Сарыкемер ауылы, ІІІ орынды Қостөбе ауылы командалары иеленді. Жеңімпаз командалар мен белсенді қатысушылар ақшалай сыйлық, кубок, медальдармен марапатталып, арнайы Алғыс хаттар табысталды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, достық пен өзара қолдауды нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар, іс-шара аясында ұйымдастырылған шағын концерттік бағдарлама қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны арттыра түсті. Мұндай іс-шаралар ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін нығайтып, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді дәріптеуге оң әсерін тигізеді. Бірлігі бекем ел ғана кез келген қиындықты еңсеріп, тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Сондықтан қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, жастардың бойында патриоттық сезім мен өзара құрметті қалыптастыру - маңызды міндеттердің бірі. Бірлік пен келісім – тәуелсіз еліміздің ең үлкен байлығы. Ел тыныштығы мен ұлттар арасындағы татулықты сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті. Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.
Айгерім Абишева, Қостөбе ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы. |