Онлайн газет



ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ - ОТАНДЫҚ БИЗНЕСТІҢ ЖАНАШЫРЫ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті, ауылдағы бизнесті дамытудың жаңа идеологиясын құру керек екенін баса айтқан болатын. Бұл көптеген кәсіпкерлеріміздің кәсібін дөңгелетуіне үлкен жол ашты. Осы бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асырушы басты құрылымдардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік палаталары болып табылады. Кәсіпкер қауымның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын Ұлттық палата құрылғанына ағымдағы жылдың 9 қыркүйегі күні бір жыл толды.  Елдегі ең ірі бизнес-қауымдастық кәсіпкерлерге кең өріс ашар кенеулі істердің жаршысы болып отырғаны баршаға аян. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген Палата кәсіпкерлердің қорғаушысы, қолдаушысына айналды. Елбасы жүктеген міндет, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқалаған миссия – міне, осы.
Осы мақсатта, Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының Байзақ аудандық филиалы тарапынан көрсетілген қолдауды айқын сезінген байзақтық кәсіпкерлердің бір тобының мерекелік лебіздерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Гүлнара Дәулетбаева, «Жадыра» шаруа қожалығының басшысы:
Біздің шаруа қожалық 2004 жылы құрылған. Сол уақыттан бері асыл тұқымды қой өсірумен айналысып келеміз. Бүгінгі күнде сүт өнімдерін өңдейтін жаңа құрылғылар орнатуды жоспарлап отырмыз.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – бұл сирек кездесетін қоғамдық құрылым. Ол, бірінші жағынан, бизнестің барлық жігінің-шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін көздейді. Екінші жағынан, бұл өнеркәсіп пен ішкі және сыртқы сауда, ауыл шаруашылығы, қаржы жүйесі, қызметтер салаларын қамтиды.
Өздеріңізге белгілі, құрылғанына аз ғана уақыт болғанына қарамай, аудандық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік қауымдастықты топтастыру, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттің экономикалық саясатын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар жасау үшін кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру, кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға жәрдемдесу, кәсіпкерлік қызметті іске асыру мәселелерін реттейтін заңнамаларды жетілдіру процесіне қатысу барысында көптеген жұмыстар атқарып үлгерді. Осы белгіленген міндеттердің шеңберінде кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту, іскерлік инвестициялық жағдай қалыптастыру, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға көмектескені үшін аудандық филиал қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бізге де сервистік көмек көрсетіліп, нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бизнес-жоспарымыз жасалып, бүгінде «КАФ» АҚ –ы арқылы лизингке қол жеткізгелі отырмыз.
Мереке күнімен барлық палата қызметкерлерін құттықтағым келеді. Еңбектеріне табыс тілеймін.

Алтынбек Жамишжанов, «Жамишжанов А.М.» жеке кәсіпкерлігі,  «Еңлік» бала бақшасының құрылтайшысы:
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегі күні 75 орындық жаңа балабақша өз бүлдіршіндеріне есігін айқара ашты. Жаңа балабақшаға аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 25 тәрбиеші, аспазшылар және тағы да басқа қызметкерлерді жұмысқа қабылдадық.
Бүгінгі таңда өңірде екі жарым мыңға тарта бүлдіршіндер балабақша кезегінде тұрғанын ескерсек, олардың ішінде аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылатын балалар саны мыңға жуықтаған.
Аталмыш балабақшаның ашылуы барысында аудандық кәсіпкерлер палатасының бізге көрсеткен қолдаулары мен экономикалық және заңдық тұрғыдан берген кеңестеріне шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына бір жыл толған мерекеге орай, барлық палата қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін.

Жамалбек Есенқұлов,  «Алди и К» ЖШС-нің басшысы:
1992 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып келемін. 2006 жылдан бері Байзақ ауданы бойынша «Алди и К» ЖШС-нің директоры болып қызмет істеймін. Біздің негізгі міндет -  халыққа қызмет көрсету, күл-қоқысты қабылдау, жою және тазалау, экологиялық тазалықпен күресу болып табылады. «Алди и К» ЖШС-і күл-қоқыстан бөлек медициналық қалдықтарды жоюмен айналысады. Аудан бойынша өлексе-бруцеллез малдарды қабылдайтын арнайы «беккер» шұңқырын дайындап, аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келеміз.
Өзіміздің өңір туралы сөз қозғасам, бүгінде ауданда 94 мыңнан астам халық бар, аудан аумағында 5242 кіші және орта бизнес субъектілері тіркеліп, олардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қолдауға зәру. Осы орайда, Елбасы тапсырмасымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы аталған олқылықтың орнын толтырды десек артық айтпаған болар едік.
Бүгінгі күні еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үлкен маңызға ие. Осының бәріне қол жеткізу үшін аталмыш Палатаның құрылуы барлық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік және нақты үміт беруде. Кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымына қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлік секторының дамуына оңды ықпал жасауда. Әрине, бұл іс-шаралардың орындалуында біз-кәсіпкерлердің де белсенді түрде қатысуымыз қажет. Өйткені, палата мемлекеттік органдармен болған қарым-қатынаста біздің өкіліміз болып табылады.
Осы жерде кәсіпкер ретінде мен өз басымнан өткен мәселе жайында айта кеткім келіп тұр. Кезінде бір мекемемен арада жасалған келісім-шарттың дұрыс толтырылмау себептері аталған келісімнің бұзылуына әкеп соға жаздады. Сол жерде, Палатаның қызметіне жүгінуге тура келді, себебі әрбір кәсіпкер өз қарамағында білікті (заңгер) мамандарды үнемі ұстап отыруға мүмкіншілігі бола бермейді. Осы іс-шараға Байзақ ауданындағы кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Нұралиевтің араласуы және дұрыс бағыт-бағдар беруі нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты.
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап, құрылыс қалдықтарын қабылдайтын орын ашып, белгілеп, оның рұқсатын алып, халыққа қызмет көрсету ауқымы кеңейе түсті. Бүгінде сынапты лампаларды және істен шыққан оргтехникалық қалдықтарды қабылдап алатын жердің сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Сондай және бір көкейімде жүрген жоспарым аудандық орталық демалыс саябақ аумағынан аудан халқына және балаларға арналған бассейн салу.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының барлық қызметкерлерін бір жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Төребек Көлбаев, «Ақ ниет» шаруа қожалығының басшысы:
1992 жылдан бастап, аталған шаруа қожалықты құрып, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысып келемін. 1998 жылы КЖО (көлік жөндеу орталығы) ашып, халыққа қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Күнделікті жұмыстар барысында сан түрлі кедергілердің кездесіп жататыны жасырын емес. Сондай бір тығырыққа тірелген сәттерде аудандық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, істерімнің алға басуына әр-қилы консультациялық кеңестер және сервистік қолдау көрсетіп, көмек беріп отырған ауданымыздағы кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Еліміз көлеміндегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын және өсуіне жол ашып, жағдай жасайтын жалпы елімізде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ашылуына ықпал еткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа Байзақ ауданы кәсіпкерлері атынан алғысымызды білдіргіміз келеді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасына айтарым 1 жылдық мерей тойларыңыз құтты болсын, алдағы жұмыстарыңызға тек сәттіліктер тілеймін.

Аққалан Жұмаева, «Джумаева А.Д.» жеке кәсіпкерлігі:
1996 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ұлттық үлгідегі киімдер тігумен айналысатын  тігін цехын ұйымдастырдық. Жанұямызда 4 қыз бала, 1 ұл бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Жеке кәсіпкер ретінде шығарып отырған өнімдерімізбен еліміз көлеміндегі көрмелерге қатысып, жүлделерге ие болдық. Ағымдағы жылы аталған цехқа қосымша күнделікті сұранысқа ие  азық-түлік сататын дүкен ашпақ ойымыз бар.
Қазіргі уақытта осы істерімнің алға басуына әр түрлі консультациялық кеңестер мен сервистік қолдау көрсетіп, екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеу барысына көмектерін беріп отырған ауданымыздағы Д.Нұралиев бастаған кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін.
Ал, бір жылдық мерейтой иелеріне мереке құтты болсын, жолдарыңыз ашық, сәтті болсын дегім келеді.

Тұрсынбек Кизятильянұлы, «RoIa - 7» ЖШС-нің басшысы:
-Қазіргі уақытта шаруашылықта қызмет жасау барысында Халық банкінен 215 млн. теңге несие алуға қол жеткіздік. Оның 35 млн. теңгесін құрылыс алаңдарына жұмсадым. Сондай-ақ 92 млн. теңге қаражатты құрал-жабдықтарға, 88 млн. теңге ішкі айналымға жұмсалды. Қазіргі таңда ішкі тауар айналымы тәулігіне 30 тоннаға жетіп,  макарон өнімдерін өндірудеміз. Солтүстік Қазақстан облысынан бидай өнімін сатып алып, 50 млн. теңге игеріліп отыр. Қызыл жұлдыз ауылдық округінде жұмыссыз жанұяларды жұмыспен қамту, округтегі соғыс ардагерлеріне көмек қолын созу, қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысу біздің негізгі ұстанымымыз болып табылады. 2013 жылы желтоқсан айының 31-ші жұлдызында Жамбыл облыс әкімінің «Үздік жыл кәсіпкері» марапатына ие болдық.
Кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының құрылғаны белгілі. Дәлірек айтқанда, өзім басқарып отырған «Rola-7» ЖШС-і ауданда кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ашылғалы бері тығыз байланыста жұмыс атқарып жатырмыз. Мысалға, мектеп оқушыларына  профориентациялық экскурсиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қорынан несие алу барысында консультациялар беріп, қолдау көрсетті. Аудандық электр жүйелері мекемесі тарапынан туындаған мәселелерге араласып оң шешімін табуға атсалысты.Қысқасы, Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының аудандық филиалы ашылғанына аз уақыт болса да жұмысының нәтижесін көріп отырмыз.
Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының ашылғанына қуаныштымыз және біздің мұқтажымыздың оң шешімін тауып беретіндігіне толық сенімдеміз. Әлі де алға қойған мақсатымыз көп.
Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты қолдауды сезінуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен орнатылған өзара әріптестік байланыс Елбасы қойған міндеттерді орындауға, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік жасайды деп санаймын.

Обновлено 11.09.2014 09:32
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін211
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11463
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда28093
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279762

Серіктестер