Онлайн газет



имандылық: адамгершілік тұтқасы

А.Қайыпназарқызы,
“Ауыл жаңалығы”.

Әлемде түрлі ұлт, оның өзіндік салт-дәстүрі, сенім-нанымы болатындығы сияқты, әр халықтың ұстанған діні де бөлек. Солардың ішінде мұсылмандар құрмет тұтқан ислам діні – ибалылықты, инабаттылықты насихаттайды.
Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107),- деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда. Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін: өзгенің ақысын бұзбауға, әділ болу, жақсы қатынас жасауға, жақсы мінезге ие болуға, мейірімді және кешірімді болуға бұйырады. Демек, ислам діні бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікке шақырады. Осы турасында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» делінен. Алайда, бүгінде жер-жерлерде саңырауқұлақтай қаптаған түрлі миссионерлік топтар мен дәстүрлі емес діни ағымдар алдап-арбаумен, идеологиялық құрал арқылы елдің бірлігіне іріткі салуда. Әсіресе, оның ықпалына көбіне жастар ұрынып жатады. Сол себепті де өсіп келе жатқан жасөскіндердің секталардың шырмауына түспеуі үшін олардың арасында діни сауаттылық бойынша жұмыстар жүргізіп, діни біліктіліктерін арттырудың маңызы зор.

Ауданымыздағы Жалғызтөбе ауылдық округі әкімшілігінің ғимаратында «Имандылық – тек сенің жүрегіңде» деген тақырыппен  өткен «дөңгелек үстел» отырысында  осы мәселе кеңінен айтылды. Оны ашып, жүргізіп отырған Жалғызтөбе ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы А.Жумадилова жиналандарды күн тәртібіндегі басты мәселелермен таныстырып, сөз кезегін ауылдағы кітапханашы Г.Асқароваға берді. Ол  қазақ халқы ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүргенін, тәуелсіз елімізде дінаралық, ұлтаралық тұрақтылық салтанат құрғанын атап өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанда дін қоғамнан бөлінбегенін, сондықтан да мемлекет бұл саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден шет қала алмайды. Сондай-ақ діни сенім адамгершілік негіздерінен құралғанын және аса ірі гуманистік әлеуетке ие екендігін ұмытпауымыз керек. Біз оны қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға қазақстандық  патриотизімді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және діни экстремизмнің алдын алуға пайдалануымыз қажет» деген сөзіне сүйене отырып, ел келешегі тіліміз бен дініміздің өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты екендігін сөз етті. Ал,  Жалғызтөбе ауылдық округі «Жастар орталығының» маманы А.Айтенова  соңғы кездері әлемді шарпыған қауіпті діни секталар кесірінен оқыс оқиғалар орын алып жатқанын, оны тоқтатудың жалғыз жолы ұлттың ауызбіршілігі екендігін әңгімеледі.
Келесі болып сөз алған ауыл имамы Д.Төлепбергеновтың айтуынша, қазақ тарихында ешқашан терроризм сияқты мәселелер бүгінгідей өзекті болмағанын тілге тиек етіп: «Соңғы кезде елімізде болып жатқан жайсыз оқиғалар келеңсіз нәрселердің қалыптасып, қордаланып жатқандығын айқын көрсетеді. Оның түпкі тамыры  дәстүрлі емес діндердің қалыптасуына әкеп отыр. Бүгінгі таңда өздеріңіз көріп, біліп отырғандай елімізде дәстүрлі емес діндер қанат жайып бара жатыр және олар дінімізге қарсы жұмыс жасауда, ел бірлігіне қауіп төндіруде. Бір өкініштісі, ол секталардан қаншама отбасы зардап шегуде және оның ықпалына көбіне жастар ұрынуда», – деп атап өтті. Оның пікірінше, шырмауға түспеу үшін, халықтың және тез еліктегіш келетін жастар арасында түсіндіру және насихаттық жұмыстарды көбірек жүргізу керек. «Әсіресе, ата-аналар балаларына дұрыс бағыт-бағдар берсе, мектеп мұғалімдері имамдармен бірлесе жұмыс атқарса нұр үстіне нұр болар еді», – деді Дидар Төлепбергенов.
Мұнан соң аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкері С. Әйтенова тұрғындарға дін саласын тереңірек ұғындыру мақсатында ауданымызда арнайы насихаттық-ақпараттық топ құрылғанын, топтың көздеген мақсаты, жасалған жұмыстар нәтижесі турасында түсіндіріп өтсе, осы топтың мүшесі, Сарыкемер орта мектебіндегі «Дінтану» пәнінің мұғалімі Д.Топашқызы «Жастардың құқықтық діни сауаттылығын арттыру мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Ал, жастар атынан сөзге шыққан Жамбыл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Г.Ерқатайқызы, Жалғызтөбе ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Өмірәлиев исламның басты қағидаттары, намаз оқу, оның сауабы және кейінгі буын жас ұрпақтың теріс діни ағымдардың жетегінде кетуіндегі ғаламтордың әсері жөнінде нақты дәлелдерді келтіре отырып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.  Имандылықты арқау еткен жиын жоғарыда атап өткен ақпараттық-насихат топтың мүшелерімен бірге Ынтымақ ауылдық округінің кітапханасында да ұйымдастырылды.

Обновлено 09.09.2014 09:32
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1297
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада1297
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16373
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2268042

Серіктестер