Онлайн газет



Сөзге сергек қарайық

Е.Бердалы,
еңбек ардагері.

Қазіргі таңда таң қаларлық та, тамсанарлық та жаңалықтар жетіп жатыр. Соның бірі де бірегейі ҚР Мәдениет және ақпарат  Министрлігі бұрынғы тіл комитетінің тапсырысы бойынша «ҚР-ның тілдерді дамыту мен қолданулардың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылған «Қазақ сөздігі» (қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігі). «Қазақ сөздігі» Тіл білімі институтының өткен жылғы ерен еңбегі-ерлігі десекте қателеспейміз. Сөздік ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ыстық ықыласты құттықтауымен ашылған. Жаңа сөз, соны ұғым атауларымен толықтырылған, ол 106000 сөзден тұратын тамаша түсіндірме сөздік. Онда 48,3 мың сөз  тіркесі, барлығы 153,3 мыңнан астам лексикалық бірлік қамтылған. Бұл сөздік қалың жұртқа арналған тіл мәдениетін арттыратын, танымалдық білімдерін жетілдіретін тамаша құрал. Біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдері тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым.
Мұнан бұрын І.Кеңесбаевтың редакциясымен шыққан «Қазақ» тілінің  түсіндірме сөздігі  (І-том 1959 ІІ-том 1961 ж. ж) де, А.Ысқақовтың басқаруымен жасалған он томдық «Қазақ» тілінің түсіндірме сөздігі де (1974 1986 ж. ж) тіліміздегі бар сөз қорын осыншама толық қамтыған жоқ болатын. Бұл арада ғалымдарымыздың игі ниеті қаншалықты түзу болғанмен өз ойлары мен еңбегін іске асыра алмағанында ұмытпауымыз керек. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында күнделікті  өмірде қолдануға қолайлы болуы үшін, профессор Т.Жанұзақовтың редакциясымен «Қазақ» тілінің түсіндірме сөздігі (1999 ж.) шыққанын да білесіздер. Бұл сөздік небәрі 50 мыңдай ғана сөз бен сөз тіркестерінен құралған еді.
Уақыт өз міндетін мүлтіксіз орындады. «Ештен кеш жақсы». Міне, бүгін жаңа шыққан сөздікке жанымыз сүйсініп отыр, сөздіктің таралымы бар болғаны – 4000 дана ғана. Отырамыз да ойға кетеміз. Япырмай, бұл кімге жетеді? Тым болмағанда әр кітапханада бір-бір дана болса қайтер еді? Амал қанша, бұғанда шүкір. «Көш жүре келе түзеледі» демей ме? Әрбір сөзі қарақты, өзі талапты жастардың қолына үлкен қазына тиді. Бұл баға жетпес байлыққа бәріміз де ортақпыз. Ендігі мақсат осы құндылықты  жоғары бағалап, күнделікті өмірімізде тиімді пайдалану болып отыр. Байқасақ, оның өзі де оңай шаруа емес екен. Қазіргі таңда «Тіл шұбарлығы» деген кесел қайда қарасақ та көзге ұрып тұрған шақ. Оның себеп-салдары, орынды- орынсыз тұрмысымызға килігуі өмір шындығы. Біз мұнан шошымауымыз керек.
Тіл өзі жанды құбылыс; туады, өседі, жаңарады, жетіледі, ұмытылады, туыстасады, алыс-беріс жасайды, жаңылады,  қақпайланады, көмескіленеді, ашылады тіпті көміліп қалады, яғни өледі. Сондықтан тілге түсіністікпен қарағанымыз абзал. Әншейінде біз бұл құбылыстың көпшілігін байқайда бермейміз.
Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып,  бір-екі мысал арқылы  түсіндіруге тырысайын. Облыс орталығы Тараз қаласынан оңтүстіктегі «Бауыржан Момышұлы» ауылы солтүстікте «Шақан» елді мекені алпыс шақырым қашықтықта орналасқан. Бір қызығы осы екі ауылдың тұрғындары, белгілі бір нәрсені екі түрлі атайды да бірін-бірі толық түсінбейді. Жуалы жұрты: «аң, бадал, пәтек, бесақа, шырпы, қасқарша» - десе, Байзақ елі сол сөздерді, «жыра тоғай, ұлтарақ, айыр, шақпақ, шәугім» - дейді. Мұндай тілдегі ауытқушылық әрдайым кездесіп отырады. Оны айтасыз білгеніңізді де білмейтін кез болады. Егерде былай десем, сізге түсінікті ме?  «Ақнияз бен Дүрдана шаңырақ көтеріпті» «Кеше Шона Смаханұлының жыр жинағын оқып шықтым», «Біржан-Сара операсын тамашаладық», «Мәдина Садуақасова ән кешін өткізді», «Шілде түскенде әжеміз сары самаурынын алдына алып, шайға шақырушы еді», «Көрікті Қаскелеңнің көп терегі, көктемде көкке қарай көктер еді» (Жамбыл Жабаев).
Расында, сіз сенімді түрде иә,  түсінікті  деуіңіз бек мүмкін. Олай болса, мына сөздерге назар аударыңызшы; «Ақнияз, Дүрдана, Шона, Сара, Мәдина, самаурын, Қаскелең» қазақ ұғымында не деген сөз? Біз біреудің тіл білімінен сауатты екенін анықтағанымыз жоқ, тіптен оның қажеті де болмас. Мақсатымыз тіл тұңғиығына бір сәт назар аудару болып отыр. Енді өзіңіз айтыңыз: Ақнияз – шын көңілмен берілген сыйлық (араб), Дүрдана – інжу, үлкен асыл тас (парсы), Шона – қасқыр (маңғол), Сара – таза қоспасыз алтын (парсы),  Мәдина – шахар қала (араб), самаурын – самовар, су қайнататын бұйым (орыс), Қаскелең – қалмақ батырының есімі екенін білуші ме едіңіз?
Кірпияз, сергек, ыждаһатты азаматтар байқап отырғандай-ақ, әңгіменің барысын бір нәрсеге бұрып келеміз. Тіл толысқан, қалыптасқан шағында бұл қайдан, қалай, қашан пайда болды демей –ақ өз ойымызды тілдің құралындағы бар сөздермен жеткізе береміз. Мұның ешқандай қиыншылығы да ағаттығы да жоқ. Әйтсе де сөз қолданғанда абай болғанымыз абзал сияқты. Тіл дариясының  тұңғиығына бару бізде қайдан болсын.
Мысалы, мен соңғы 20-25 жылдардан бері Ислам дініне қатысты әдебиеттерді оқып үйренумен келемін. Сондағы бір байқағаным 70-80 жыл «дінсіз» күн кешкендіктен үлкен-кішіміз бірдей араб, парсы тілінен ауысқан сөздердің мәнін дұрыс түсінбей, көп жағдайда қате қолданамыз. Осы жауапсыздығымызды болдырмау мақсатында назарларыңызға бір ғана дін қызметкерлерінің атақ- дәрежесін түсіндіруді жөн көрдік. Сіздердің қажеттеріңізге жарап жатса нұр үстіне нұр болар еді. Қараңыз:
1.Ахун - муфтиден кейінгі  атақ. Үлкен зиялы адам.
2.Аятолла - шииттік ағымда қолданылатын дін басыларына берілетін ең құрметті атақ.
3.Әулие - ерекше діндар адам, көріпкел, сәуегей адам.
4.Дамолла - үлкен молда, мешіт, медіресе оқытушыларының лауазымы.
5.Дәруіш - сопы, дүниеден безген, қаңғыбас, жарлы адам.
6. Имам - мешіт жетекшісі, намазда алда тұратын шен иесі, адал- таза, билікпен ісі жоқ адам.
7.Ишан - діни ғұлама, ұстаз. Бірақ лауазым емес.
8. Қалпе - қазіреттен кейінгі діни атақ.
9. Қари - «Құранды» жатқа білетін адам.
10.Молла -(молда) намазға жығылған діндар адам.
11.Муазин- азан шақыратын адам, азаншы.
12.Мурид- ерікті ізбасар, шәкірт.
13.Муфти- мұсылман дінінің ең жоғарғы уәкілі.
14.Муфтият- басшылық ететін діни мекеме.
15.Пір-қолдаушы, қозғаушы, сүйеніш, әулиешатыс адам.
16.Пірәдар - тақуа, сопы, пірге барып келген діндар адам.
17.Райс -  шариғат заңдылығын бақылаушы бастық адам.
18.Қазірет - дінбасы, тақсыр.
19.Шейх-ислам ақсақалы мағынасындағы атақ.
Қорыта келгенде, Олжас Сүлейменов айтқандай тауды аларсатудың, даланы дамытудың қажеті жоқ. Біздің ана тіліміздің қуат-күші жеткілікті. Соны көздің қарашығындай сақтап,  сөзге сергек қарайық дегім келеді.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1133
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада1133
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16209
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267878

Серіктестер