Онлайн газет



Білім күні аталып өтілді

Жайдары жаз мезгілі межесіне жетіп, міне  күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге кезекті оқу жылы басталып, бала біткен мектепке қарай асығады. 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі республикадағы барлық өңірлердегі секілді, біздің ауданда да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. Жаңа оқу жылының құрметіне орай аудандағы барлық білім ошақтарында салтанатты жиын өткізілді.

Аудан орталығындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебінде 200-ге тарта ұстаз қызмет етіп келеді.  Былтырғы жылы бұл оқу ошағын 62 түлек тәмәмдаса, биыл қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын139 бала аттағалы отыр.  Қолдарына гүл ұстаған сол жасөскіндердің қатысуымен өткен іс-шарада алдымен Мемлекеттік Ту ортаға шығарылып, Әнұранымыз шырқалды. Онда сөз сөйлеген аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы барша мұғалімдерді, оқушыларды, олардың ата-аналарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.  Аталмыш білім ордасында қызмет етіп жүрген  білікті мамандардың ықпалымен өнерлі, оқуда озат жастардың жетіліп келе жатқанына тоқталған аудан әкімі, келешектің келісті болуы үшін саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеу керектігін, бұл жолда ұстаздар қауымының талмай еңбек етуі қажеттігін атап өтті.  Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған балғындардың қадамдарының құтты болуына тілектестігін білдірді.  Ал, 11-сынып оқушысы А.Уалихан мектептегі спортта, түрлі білім сайыстарында алдыңғы қатардан көрініп жүрген оқушыларды мақтанышпен ауызға алып, білім нәрін құйып отырған ұстаздар қауымына алғысын айтты.  Ақтоты Уалихан және бір жағымды жаңалық, облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебі сынақ алаңы ретінде Біріккен Ұлттар ұйымының ЮНЕСКО клубына мүше болып қабылданғанын жеткізді.
Мұнан соң «Күміс қоңырау» қойылымы көрсетіліп,  мектептің өнерлі өрендері «Мектебім», «Алғашқы қоңырау», «Туған жер» әндерін орындады. Білім күнінде 11-сынып оқушылары Б.Нұрланұлы, Ж.Сабырұлы  және 1-сыныпқа қабылданған А.Асланқызы алғашқы қоңырауды соқты.

*   *   *
Білім мерекесі Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясында да тойланды.  Үстеріне мектеп формасын киіп, ақ бантик тағынған қыздар мен сөмке асынған оқушы ұлдар ұлағатты ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынып жатты. Айтулы шарада ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, сөзге шыққан мектеп-гимназия директоры Г.Жаманова жиылған жұртшылықты Білім күнімен құттықтап, оқу ордасының жеткен жетістіктерін сөз етті.  “Күш - білімде, білім - кітапта” деген нақылға сүйене отырып, жас буынды жақсы оқып, ел абыройын асқақтата түсе берулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ салтанатты шараға арнайы келген “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов ұстаздар мен оқушыларға деген тілегін жеткізді. Мектеп-гимназиядағы Білім күні салтанаты қызықты ойындармен әрлене түсті.  11-сынып оқушылары жүрекжарды лебіздерін арнаса, 1-сыныптың балауса балғындары түрлі викториналық сұрақтарға жауап берді, Алғашқы қоңыраудың үні естіліп, оқушылар Білім күніндегі бірінші тәрбие сағатына қатысу үшін сыныптарына бет алды.

*   *   *
Н.Киікбаев атындағы орта мектебінде 1 қыркүйек Білім күніне орай «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оны мектеп директоры А.Бекбауов ашып, жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.  Өздерінің игі тілегін Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ш.Абдурасулов, Бәйтерек ауылдық округінің әкімі М.Қилыбаев,  қазыналы қариялар С.Айтбаев, Ө.Баушенов және ардагер ұстаз Қ.Елубаевалар да айтып, жеткізді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Э.Біржанова, Ш.Меркебаевтардың мұрындық болуымен өткізілген мерекелік думанда мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер жырдан шашу шашып, «Сыңғырла, сыңғырла алғашқы қоңырау» атты композициялық қойылым көрсетсе, 1-сыныпқа қабылданған оқушылардың «Сәлем саған сүйікті алтын ұя – мектебім» атты әдеби-сахналық қойылымы көпшілікке ерекше әсер қалдырды.  Алғашқы қоңырауды 11-сынып оқушылары Ш.Әбдіжан, Ж.Нұрмұхан 1 –сынып оқушылары І.Мұратбек пен Е.Жарқынбек соқты.

Өз тілшіміз.


*   *   *
Г. Шахметова,
Амангелді орта мектебі директорының құқықтық  тәрбие  ісі жөніндегі  орынбасары.

1 қыркүйек  -  Білім  күніне  орай Амангелді орта мектебінде де салтанатты   жиын  өткізілді.   Жиынға  Жаңатұрмыс  ауылдық  округінің    әкімі   Қ.Шалбаев,    мектептің  ардагер ұстаздары   және  ата-аналар  қатысып,  құттықтау  сөз   сөйледі.  Мектеп оқушылары  «Қазақ  елі»,  «Атамекен», «Көк  ту»  сынды патриоттық   әндерді  орындап, жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Алғашқы  қоңырауды  соғу  11-сыныптың   түлегі  А.Нұралы мен 1-сыныптың  жас  бүлдіршіні  Қ.Берікқызына  бұйырса,  сынып  жетекшілері  тарапынан   «Қазақстан   жолы - 2050: Бір  мақсат,  бір  мүдде,  бір  болашақ», «Менің елім», «Конституция – тәуелсіздіктің  негізі»  атты  бұрыштар  әзірленіп,  «Еліміздің  Ата  заңына -19  жыл» тақырыбында   сынып  сағаттары  өткізілді.  5-11  сынып  оқушылары  арасында  1-7 қыркүйек  денсаулық  апталығы  аясында  «Шыңдалған  жан ғана  мұратына  жетеді»   атты  велошеру  ұйымдастырылды.
Нақ  осы  күннен  бастап жоспарға сәйкес,   «Денсаулық  апталығы» аясында балалардың  бос  уақытын тиімді пайдалануы үшін алғашқы  іс-шаралар   қолға    алынып,   8-9  сынып аралығында үстел теннисі, 5-6   сынып  аралығында   дойбы тағы басқа спорттық  ойындар  жүргізілді. 
Б.Тулымчакова,
С.Сейфуллин атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Арайлы жаздың үш  айын қызықты да, мазмұнды өткізіп, армандарын арқалап, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін С.Сейфуллин атындағы орта мектептің барша оқушылары сағынышпен алтын ұя мектептеріне оралды. Еліміздің тірегі мен көркі – білімді де білікті, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген саналы ұрпақ. Қазақ мектебінің келешегі туралы қазақ әдебиетінің ақиық ақыны М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі – мектебіне байланысты» дегеніндей, егемен еліміздің рухани байлығын дамытып, ұлттық мектепті қалыптастыру - өскелең ұрпақ қолында.
Қыркүйек айының бірінші жұлдызы, Ақжар ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі білім күнін жақсы дайындықпен қарсы алды. Ортаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, мерекелік жиын ашық деп жарияланысымен, әуезді Әнұранымыз орындалды.
Мерекенің алғы сөзі мектеп директоры Ержан Серубайұлына берілді. «Биылғы оқу жылында бірінші сынып оқушыларының саны артып, өткен оқу жылында аудан бойынша жоғары көрсеткіштерге жеттік. 2013-2014 оқу жылының қорытындысы бойынша, ҰБТ тапсырған үш түлектің екеуі өз білімдерінің арқасында жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсті. Мектебімізде сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына білім ордасы сақадай сай»-дей келе, барша жиылған ауыл тұрғындарын қуанышқа толы мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа табыстар, биік белестер тіледі.
Сондай-ақ мерекелік шараға Түймекент ауылдық округінің әкімі Бақыт Алсеитов, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Тәуірбек Әшімов, ардагер-ұстаз Айтмахан Тышқанбаевтар қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Мектеп атты кемеге кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп жүрген ойын балалары, қасиетті ұғым «оқушы» ретінде алғашқы ұстаздары Гүлжазира Сырлыбаева мен Шәмшәгүл Сарыпбекова жетекшілігімен шақырылды. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған кішкентай бүлдіршіндер ұстаз, алтын ұя мектеп туралы тақпақтарынан шашу шашты.
Алғаш рет Білім теңізіне сапарға аттанған 1-сынып бүлдіршіндеріне жоғары сынып оқушыларынан құралған би тобы «Ақ пен қара» биін арнап, көрермен көзайымына айналса, аудандық деңгейдегі байқаулардың жүлдегері Арайлым Аманғалиеваның орындауындағы әсем ән көпшілік қошеметіне ие болды.
Мерекелік шараның ең маңызды сәті – алғашқы қоңырау соғу рәсімі жаңа ғана мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршін Нәзия Тәуірбек пен 11-сынып түлегі Абылай Арқабайға табыс етілді. Адамзат баласына имани тәрбие мен қайнар білім бастауы болар сәтті білдірген алғашқы қоңырау үні Ақжар даласын өзіндік қоңыр күмбірімен көмкеріп кетті...
Білім теңізіндегі үлкен сапарларыңда талмай ізденіп, «Мектеп» атты кеменің желкенін биік те нық ұстаңдар, ақ жол, сапарларың сәтті болсын деген ниетпен 1-сынып оқушылары білім ордасына бастап кірді. Салтанатты мереке білім күніне арналған «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Ата Заңым – айбыным» тақырыптарындағы тәрбие сағаттарымен жалғасын тапты.

Обновлено 04.09.2014 17:48
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2153
mod_vvisit_counterКеше1554
mod_vvisit_counterОсы аптада2153
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда18783
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2270452

Серіктестер