Онлайн газет



Еңбек етсең ерінбей...

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Еліміздің экономикасы дамымай, халқымыздың әлеуеті жақсармайтыны, жұмыссыздар санының азаймайтыны ежелден белгілі.
Елімізде жұмыссыздар санын азайту басты мәселенің бірі. Бұл бағытта алға қойған мақсаттарды шешуге арналған жаңа бағдарламалар қабылданып, өзінің оң нәтижелерін беріп те үлгерді.
Соның бірі бүгінде «екі қолға бір күрек» іздегендерді кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналастыру мақсатында елімізде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталмыш бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру болып табылады. Бағдарлама аясында сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқытуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама аудан орталығында жылма-жыл өз жалғасын табуда. Аталмыш бағдарлама арқылы пайдалы кәсіп көзін тауып, оны әрі дамытамын деушілердің қатары да көбеюде.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, мемлекеттің мұндай қамқорлығынан тыс қалмаған сарыкемерлік «Ақ ниет» шаруа қожалығының басшысы Төребек Көлбаев «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, бүгінде кәсіпкерлік саласындағы жоспарларын жүзеге асыруының арқасында оның  нәсібін көріп отыр. Жақында сәтін салып, ағамызбен жүздесудің орайы келіп, оны әңгімеге тартқан болатынбыз.
-«Мен де қарапайым ауылдағы халықтың арасынан шықтым. Алдымен «Ақ ниет» шаруа қожалығын құрып,  ауыр кезеңдерде де тынбай еңбектенудің нәтижесінде бірқатар табыстарға қол жеткіздім.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында мемлекетіміздің қолдауының арқасында бағдарламаның екінші бағыты бойынша кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатымен үш миллион көлемінде несие алдым. Алған қаражатқа үлкен жолдың бойында орналасқан көлік жөндеу шеберханасына құрал-саймандар алудамын. Атап айтқанда, дәнекерлеу цехына бір аппарат, машина бөлшектерін жөндеу цехына автокөлік көтергіш, дөңгелек желімдеу цехына жаңа құрылғылар сатып алдым. Сондай-ақ қосымша қажетті құрылғылар алуды жоспарлап отырмын»-деп, ағынан жарылды Төребек аға. Әңгімесін одан ары сабақтай түскен ол: «Алға қойған мақсаттарым көп, сол жолда аянбай еңбек етудемін. Осы көлік жөндеу шеберханама шағындау қылып асхана да ашып қойғанмын. Көлігін жөндетуге келген азаматтар аз да болса тынығып, шама-шарқына қарай ас-су ішсін деген ниетпен. Сол шағын асханаға жұмысқа қабылдайын десем, бір аспазшы шықпады. Әзірге келінім істеп жүр. Бір қызығы ауданымыздағы №3 Байзақ колледжі жыл сайын қаншама  жас мамандарды дайындап шығарады, солардың бірде-біреуі көлік жөндеу шеберханасына немесе аспазшы болып жұмысқа келмейді. Ал, егер автокөлік жөндеу мамандығы бойынша жұмыс істегілері келсе, мен ондай шеберлерге зәру болып отырмын. Қазіргі таңда біздегі ең басты өзекті мәселе осы – шеберлердің жоқтығы дер едім»-дейді.
Төребек ағамыз өз адал еңбегін кәсіп еткен азамат. Қосымша бау-бақша өсіріп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Биылғы жылы алғаш рет ас бұршағын егіпті. Өнімділігі көңілге қонса, келер жылы тағы да өсірмек ойда екен. Сонымен қатар, жүзім өсіруді де қолға алсам дейді.
Ия, шынында да әрекет түбі – берекет екені рас. Мемлекетіміздің жасап берген қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, ісін жүзеге асырып отырған Төребек ағаның тірлігіне тәнті болдық.

Обновлено 04.09.2014 17:37
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін438
mod_vvisit_counterКеше1554
mod_vvisit_counterОсы аптада438
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда17068
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2268737

Серіктестер