Онлайн газет



АЗАТТЫҚТЫ АЙҚЫНДАЙТЫН – АТА ЗАҢ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің жеті жарғысы қазақ тарихында жазылмаған дала заңы. Сайын даланың төсін еркін емген қазақтай ұлттың ұлылығы сол, тарауы мен бабы болмаған дала заңына бабалары бұлжытпай бағынды. Ал, бабалары бұл күнде егемен елдің Ата Заңына зор құрметпен қарайды.
Мемлекеттің бірінші тірегі әлбетте Ата Заңы. Ата Заң - мемлекеттің айбатын, қайратын және қауқарын бірден аңғартады. Ата Заңды басыну -  басы бүтін мемлекет құндылығына қол сұғушылықпен бірдей. Сондықтан, Ата Заң ең қасиетті, ең құнды және мемлекеттің басты құжаты.
Биыл еліміз Ата Заңының қабылданғанына 19-шы жыл. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы екінші мәрте Ата Заңды жаңғырттық. Уақыт талабы, заман ағымына қарай бейімдеу сол кездің сұранысына сай еді. Он жеті жылда өзінің  өміршеңдігін көрсете білген Ата Заңымыз барлық тарапты қамтыған. Қағидалары қастерлі, қалыс және қалтарыста қалған бабы жоқ. Адам құндылығы мен құқығы, ар-ождан, мемлекеттің меншігі мүмкіндігінше қорғалған.
Ата Заң күнін атап өту біздегі дәстүр. Бұл – басты құжаттың құндылығы болса керек. Мерекелік күнді Байзақ жұртшылығы да салтанатты түрде атап өтті. Аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде  салтанатты жиын өтті.Жиынға аудан әкімі Мұратхан Шүкеев, аудан басшысының орынбасарлары, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрғали Үкібаев, аудандық мәслихат депутаттары мен түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері, ардагерлер, мекеме, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 
Жиын барысында алдымен сахнаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелінген соң мінбеге көтерілген аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы құттықтау сөзінде:
-Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары бәріміз де алдымен Ата Заңымыздың жарық көруін асыға күткен едік. Бодандықтан босаған жас ел адамдарға қандай құқықтар беретіндігін дүние жүзіндегі мойны озық мемлекеттер де қызықтай қарағаны ақиқат. Міне, сөйтіп 1995 жылғы референдумда Қазақстан халқы Конституцияны қабылдауға дауыс беріп, азаттық, өркендеу және нақты демократия жолындағы өз таңдауын қуаттады, тарихи таңдауын жасады. Осылайша халқымыздың сан ғасырлар бойғы асыл арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміздің жаңа Негізгі Заңы дүниеге келді. Осы Конституцияны қабылдай отырып еліміздің халқы өзінің және келер ұрпақтың болашақтарын айқын белгілеп алған еді.
ХХІ ғасырдың өркениет биігіне батыл қанат қаққан Тәуелсіз Қазақстанның 2012 жылғы басқа жетістіктерін былай қойғанда, әлемнің алдыңғы қатарлы 161 мемлекеті мүше болып табылатын Халықаралық көрмелер бюросының аламан бәйгесінде қара үздіріп, бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өткізу құрметін жеңіп алуы төрт құбыласы түгел дамыған елдердің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт еді.Бұл жеңіс-егемен еліміздің еркіндік алғаннан бергі жылдар ішіндегі салиқалы саясатын, «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін мойындау, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналған Астананың ашықтығының жеңісі. Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған Астананың айтулы эстафетасы енді Дүниежүзілік көрмелер алаңы-«ЭКСПО-2017»-ге ұласпақ.     
Елбасының биылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барша халықтың жүрегіне жылулық, болашаққа сенім сыйлаған құжат болды. Дамудың даңғыл жолын нұсқаған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы қазір Қазақстан халқы үшін басты мұрат, басым бағыт. Жуырда ғана Ресей, Беларусь, Қазақстан секілді мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық кеңістік интеграциялық одақтың шартын бекітіп, экономикалық одаққа біріккен үш елді ынтымақтастыққа жетелеп келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан үшін экономикалық қарқынды даму бағытын халықаралық интеграциялық байланыспен тығыз ұштастырып кележатқаны баршамызға аян. Мемлекет басшысының үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде ауданымыз бүгінгі таңда аграрлық және өнеркәсіптік аймаққа айналудың нық қадамын жасауда. Бағдарлама аясында халық шаруашылығына аса қажетті инновациялық өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылуда .
Еліміздің экономикасының үдемелі бағытта дамуына ауданымыздың да үлес қосып келе жатқанын  ауданның көрсеткіштерінен байқауға болады. 2014 жылдың қаңтар-маусым айларында кірістер бойынша 3735,8 млн.теңге жоспарланған болса, түсім 3760,7 млн. теңге көлемінде, яғни 100,7 %-ға орындалды. 2014 жылдың қаңтар–маусым айларында бюджетке 940,4 млн.теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жиналып, болжам 104,2%-ға орындалды.
Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу жұмыстары 2013 жылы 193 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген болса,  үстіміздегі жылы 400 га алқапқа жаңа технологияны енгізу жоспарланып, іске асырылуда.
Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалды–инновациялық дамуы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жалпы құны 2,310 млрд.теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба («Жасұлан-Флора», «Тараз құбыр зауыты», «База-сервис» ЖШС-тері) іске қосылып, 170 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында  1156,9 млн.теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылуда.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2014 жылдың қаңтар-маусым айларында 2339,4 млн.теңгені құрады.  2014 жылдың қаңтар-маусым айларында құрылыс жұмыстарының көлемі, қосымша бағалау есебімен, 5105,9 млн.теңгені немесе 2013 жылдың тиісті кезеңінен 2,8 есе өсіп отыр. 2014 жылға ауданда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоғарғы тұрған бюджеттен 90,1 млн.теңге қарастырылып,  оның 41,4 млн.теңгесі игерілді.
Бүгінгі күні ауданымыз индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асырып, ауыл шаруашылығын сапалы жаңа деңгейде,  қоғамдық саяси тұрақтылықты баянды еткен және әлеуметтік жаңғыртуларға ерекше көңіл аудару арқасында қарқынды дамып келе жатқан өңір болып табылады.
Конституция күні жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін осындай жетістіктерімізді еске алу және жоспарларды жұртшылыққа жеткізу әр азаматтың парызы. Өйткені, елдің жеткен биігі – біздің жетістігіміз!
Сіздерді  Казақстан Республикасы Конституциясының  қабылданғанына 19 жыл толған жарқын мерекесімен құттықтай отырып, алдағы уақытта Ата заңымыздың аясында абыройлы істер мен толағай табыстарға қарышты қадам баса берулеріңізге тілектеспін. Еліміз еңселі, еңбегіміз берекелі, заманымыз тыныш болсын-деп ізгі ниетін білдірді.
Мерекелік құттықтау сөзден соң аудан экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан бір топ қызметкерлерді марапаттау рәсімі өткізіліп, оларға аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Грамотасы және Алғыс хаттары табыс етілді.
Иә, Ата Заңды құрметтеу баршамыздың міндет, парызымыз. Сөз бостандығы, дін мен ұлтаралық тұрақтылық, ынтымақ пен ымыра һәм экономикалық өркендеу және демократиялық жаңару біздегі жетістік. Еркін адамзаттық қоғам құруға бет алған қазақ елінің қарышты қадамының дара жолы бұл. Жайлы өмір мен жаңа белес бағындырған еліміз Конституциясының өміршеңдігі осыдан-ақ айқындала түседі.
Сахна төрінен мемлекеттік Ту әкетілген соң, салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Обновлено 02.09.2014 16:31
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1234
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада1234
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16310
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267979

Серіктестер