|
Қазақстан үшін Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғам дамуының негізгі бағытын айқындайтын басты заң. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуы осы құжатқа сүйеніп жүзеге асып келеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалар аясында Конституцияға енгізілген өзгерістер Қазақстанды жаңғыртуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – әділетті, ашық және жауапты мемлекет қалыптастыру. Осыған байланысты билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Парламенттің рөлі күшейіп, оның заң шығару қызметіндегі ықпалы артты. Сонымен қатар
жергілікті басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, мәслихаттардың құзыреті кеңейтілді. Бұл қадамдар мемлекеттік басқаруды халыққа жақындатып, қоғамның шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Жаңа конституциялық өзгерістер әлеуметтік мемлекеттің қағидаларын нығайтуға да бағытталған. Конституцияда азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен еңбек құқықтарын сақтау мәселелері ерекше назарда. Мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруды, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді және қоғамдағы тең мүмкіндіктерді кеңейтуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Сонымен қатар білім беру саласының дамуы да Конституцияда маңызды орын алады. Білім-ел болашағының кепілі. Сондықтан мемлекет әр азаматтың сапалы білім алуына жағдай жасауға міндетті. Жаңа реформалар білім беру жүйесін жетілдіруге, мектептер мен жоғары оқу орындарының сапасын арттыруға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған. Бұл – елдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтіп, болашақтағы тұрақты дамуына негіз болады. Қазіргі уақытта әлем алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – экологиялық қауіпсіздік. Осы тұрғыда Конституцияда табиғатты қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелері де ерекше мәнге ие. Мемлекет табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және келер ұрпаққа таза табиғат қалдыру міндетін алға қояды. Бұл бағыттағы саясат елдің тұрақты дамуына және халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Адам құқықтарын қорғау мәселесі де конституциялық реформалардың маңызды бағыты болып табылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесі күшейтіліп, азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі кеңейтілді. Сонымен қатар Конституциялық Соттың құрылуы-құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы. Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді 15 - наурыз күні бүкіл ел болып, ұйымдасқан түрде референдум учаскелеріне барып, белсенді түрде дауыс беруге шақырамын! Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер Қазақстан қоғамының барлық саласын – саясатты, әлеуметтік жағдайды, білім мен экологияны қамти отырып, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Бұл реформалар мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне негіз болып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Гульбахрам ЕРМЕКОВА, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты. |