Онлайн газет



АДАЛ КӘСІПТІҢ НАНЫН РИЗЫҚ ЕТКЕН

М.Шалғынбай,
«Ауыл жаңалығы».

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн қойғаны белгілі. Сондықтан, дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр. Шыны керек, осы әдіске көшкелі бері облыс пен аудандағы егін шаруашылығымен айналысушы шаруа қожалықтары, серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлердің шаруасы дөңгеленіп жүре берді деуге әбден болады. Өйткені, қазір егіннің қызған шағы, соған орай, дала төсінде тынымсыз еңбек майданы жүріп жатыр. Бақша өнімдері, жеміс-жидектер базарларға шығарылып, сатылуда. Ал олар қалай егіліп, қандай әдіспен өсіріліп жатыр десек, кейбір шаруалардың жұмыс барысына қарай оң баға беруге болады. Соның ішінде жуырда өзіміз куә болған егінші Болат Құрбановтың тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, бақша өнімдерін өсіруін мысал ретінде айтар едік.
Ыстық күннің, аңызық желдің өтінде жүрген Болат аға бізді жылы ұшырай қарсы алды. Жел қақтаған өңінен еңбек адамының анық бейнесін көргендей болдық. Біз барғанда қаз-қатар қойылған бос қораптарға жаңа жұлынған қызанақтарды салып, реттеп отыр екен. Келгендегі мақсатымызды білген соң жан-жағына асықпай бір қарап алып, тершіген маңдайын жеңімен сылып тастап, әңгімесін бастап кетті.
«Биылғы жыл құрғақшылыққа тап болдық. Көктемгі егіс жылдағыдай басталған, бертін келе ауа райы біресе қатты ысып, біресе суып, шаруа қауымға, егіннің өсуіне біраз қолайсыздықтар тудырды. Бірақ, үкілеген үмітімізді үзбей, аянбай, туындаған қолайсыздықтармен күресіп, еңбек етіп келеміз. Соңғы жылдары тамшылатып суару технологиясын қолданып, өздерің көріп тұрғандай он жеті гектар аумаққа бақша дақылдарын өсірумен айналысуда»-деп, бастады сөзін.
-Он жеті гектардағы бақша дақылдарына түгелімен дерлік тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Үстіміздегі жылы голландиялық «Реогрант», израйлдік «Шанти», «Галина» сортты қызанақ пен қияр өсірудеміз. Сондай-ақ бір гектарға қырыққабат, екі гектарға жуық қияр, жарты гектарға баклажан, жетпіс сотық жерге бұрыш ектік. Италиялық «Ламбарджино» құрылғысы арқылы канал бойынан су алып, пластмасс құбырларға жалғастырылған жүйекаралық түтікшелер бойымен дақылдардың түбіне су жіберіледі. Дақылдарға қажетті тыңайтқыштар, микроэлементтер де өз уақытымен берілді. Қазіргі таңда шілде айының он бесінші жұлдызынан бастап қызанақ пен қияр өнімдерін жинауды бастадық. Бүгін екі топта он төрт адам жұмыс істеп жатыр. Күндігіне  адам басына екі мың теңгеден ақы төлеймін, оған қосымша түскі астарын беремін. Қиярдан түскен табыс осы шығынды жабуға жұмсалады. Біздің өнімдерге тапсырыс Астана, Алматы, Тараз қалаларынан келгендіктен сол жақтарға жіберіп жатырмыз,-дейді дихан аға.
Егінді дер кезінде егу – мол өнімнің негізгі бір шарты. Болат ағаның айтуынша, егу мерзімі себілетін дақылға, аймақтың ауа райына байланысты өзгеріп отырады. Тіпті бір жердің өзінде де жыл сайын егу мерзімі әртүрлі күнге келуі мүмкін. Дақылдардың ерте егілетіндері бар, кеш егілетіндері бар.
Ал тамшылатып суарудың тиімділігі сол, біріншіден, су аз шығындалады, мейлі егістік көлемі қанша үлкен болса да, суды мейлінше аз қажет етеді. Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Әрине, мол табысының басты себебі де осы тамшылатып суару технологиясында болса керек. Бұл технология бойынша сумен қоса қажетті тыңайтқыш тек керек жерге ғана, яғни дақылдың тамырына керекті мөлшерде тамшылату арқылы беріледі, артық су, тыңайтқыш ысырап болмайды. Сол себепті топырақ құнарлылығын сақтап, күннің қызуын мол алады, арам шөп те көп өспей, кедергі бола алмайды. Нәтижесінде мол өнім алуға мүмкіндік жасалады. Ал атыз қазып, арық бойымен су жіберушілерге қарағанда, тамшылатып суару бойынша су аз жұмсалғанымен бірге, өнімнің шығымын жақсы береді.
Мақсатқа жету жолында күн-түн дамыл таппаған Болат ағамыздың еңбегіне сәттілік тілеп, аттандық.

Обновлено 28.08.2014 10:47
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін787
mod_vvisit_counterКеше1665
mod_vvisit_counterОсы аптада5791
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда13432
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2265101

Серіктестер