Онлайн газет



БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ СӨЗ БОЛДЫ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

«Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады»
Н.Ә.Назарбаев.

Жылдағы дәстүрлі жаңа оқу жылын ашатын тамыз кеңесі аптаның бейсенбісі күні аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Тамыз кеңесіне аймақтағы білім саласының қызметкерлері мен аудан әкімі Мұратхан Шүкеев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрғали Үкібаев, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, ұжым басшылары, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер қауымы қатысты. Кеңес қатысушылары алдымен көрме жұмыстарымен танысып, өзара пікір алмасқан соң, қосымша білім беру мекемелері өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісі аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Зәуре Исақызының «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбында жасаған баяндамасымен ашылды.
«Өткен ғасырдың басында ұлы ұстаз, қазақ ұлтының ағартушысы А.Байтұрсыновтың: «Мектептің тірегі де, тіреуі де-оқыта білетін мұғалім» деген сөзі маңызын жоғалтпай келеді. Себебі, мемлекетіміздің алға басуына ықпалды адамзатты білім нәрімен сусындатушы-мұғалімдер қауымы. Олай болса, Сіздерді жаңа 2014-2015 оқу жылының басталуы мен және алдағы келе жатқан «Білім күнімен» құттықтаймын»-деп бастаған бөлім басшысы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін алқалы жиында жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырған өзекті мәселелердің талқыланып, алдағы оқу жылы барысында оларды шешу жолдары, еліміздің білім беру жүйесінің даму бағыттары айқындалатынын жеткізді.
-Биылғы мұғалімдердің тамыз кеңесі «Білім берудің инновациялық стратегиясы-мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыпта өтуде.
Бұл тақырып білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіруге, педагогтардың шығармашылық ойларын дамыту, педагогикалық қызметкердің біліктілігін және кәсіби шеберлігін арттыру, әлемдік бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу екені даусыз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында «...оқушыларға сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игертуге бағытталған міндетті» жүктеп отыр. Мектептерде білім мен тәрбиенің бірлігін жүзеге асырудың әдіс-амалдарын талдау, қорыту, меңгерту мақсаттары белгіленді-дей келе, өз баяндамасында өткір мәселелер, олардың туындау себептері, шешімін табу жолдарын толығымен қамтыды.
Баяндамада айтылғандай, өткен 2013-2014 оқу жылын шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде бірқатар жетістіктермен тәмамдаған ауданның білім беру мекемелері жаңа басталғалы тұрған 2014-2015 оқу жылын да ойдағыдай қарсы алғалы отыр.
Ауданымызда   өткен оқу жылында 44 жалпы білім беретін және 5 қосымша білім беру мекемелері  мектеп балаларына білім берсе,  қазіргі күнде ауданымызда 27 балабақша мен 8 шағын орталықтарда 2 160 бала тәрбиеленуде екен.
Елбасының бастамасымен қабылданған «Балапан» бағдарламасының  орындалуында оңды нәтижелерге қол жеткізіліп, аудан әкімдігінің қолдауымен жыл сайын балабақша ғимараттарын жөндеу және материалдық-техникалық базасын жарақтандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліпті. Атап айтқанда, Құмжота ауылындағы «Балауса» балабақшасында халықаралық «Тәй-тәй» технологиясымен, Сарыкемер ауылындағы «Астана» балабақшасында халықаралық «Мария Монессори»  технологиясы бойынша жұмыс істейтін эксперимент алаңдары ашылса, балабақшаға қамтылмаған көп балалы отбасы балалары мен инклюзивті балаларға арналған бір топ жұмыс істеуде екен.
Сонымен бірге, соңғы үш жылда аудандық білім саласына бөлінген қаржының көлемі 4 млрд. 069 млн. 124 мың теңгеден 5 млрд. 111 млн. 583 мың теңгеге, яғни 25,6 пайызға артқан.
Бүгінгі күнде аудандағы 44 білім мекемелерінің 29-ы жаңа үлгідегі лингафондық-мультимедиялық кабинеттермен, 16 мектеп жаңа үлгідегі физика кабинеттерімен, 19 мектеп биология кабинетімен, 10 мектеп химия кабинетімен, 12 мектеп интерактивті тақтамен жабдықталыпты.
Былтырғы жылмен салыстырғанда лингафондық-мультимедиялық кабинеттер 12 пайызға, физика кабинеттері 15,9 пайызға, биология кабинеттері 18,5 пайызға, химия кабинеттері 4,9 пайызға, интерактивті тақта жабдықтары 1,9 пайызға артқан. Сонымен қатар, ауданның 12 орта мектебі мен 5 балабақшасына бейнебақылаулар орнатылған.
Аудан әкімдігінің білім бөлімі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында білім мекемелерінде орта білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру, дарынды балаларды қолдау бағдарламасы жоғары және тұрақты нәтижелерге қол жеткізген, интеллектуалды іс-әрекетке бейім әрі қабілетті дарынды балаларға жағдайлар жасау жұмысын жүзеге асыруда. Осы тұрғыдан білім беру мазмұнын жаңарту мақсатында білім бөлімінің әдістемелік кабинеті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының озық тәжірибесін ескере отырып, заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізуді жоспарлапты. «PISA», «TIMSS» және оқушылардың білімін сырттай бағалау (ОЖСБ) негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуды ескеріп, оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік жұмыстарды әзірлеу қолға алынған.
Аудан мектептеріне электронды оқытуды енгізу, қазірдің өзінде 9 мектеп қосылған «E-learning» жобасы білім сапасын едәуір жақсартуға өз септігін тигізген.  Ағымдағы жылы ауданның 44 білім мекемесін 15712 бала, оның ішінде 108 сынып топтамасында 2069 бала бірінші сыныптарды, 45 сынып топтамасында 637 бала он бірінші сыныптарды аяқтап шыққан.
Аудан әкімдігінің білім бөлімі Елбасы Жолдауында көрсетілген әлеуметтік сала қызметкерлерінің әлеуеттік жағдайын жақсарту барысында аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетімен бірлескен әлеуметтік әріптестік келісім негізінде жұмыстар жүргізуде.
Ауданның білім беру мекемелерінде 2014 жылдың І жарты жылдығында 2112 педагог мамандар және 1600-ге жуық кіші қызметкерлер жұмыс атқарады екен. Олардың арасында мұғалімдердің 381-і жоғары санатты, 650-і бірінші санатты. Аталмыш оқу жылында аудан мұғалімдерінің 682-і (32,3%) 18 сағаттық оқу жүктмесімен, 941-і (44,6%) 18 сағаттан артық  жүктемемен жұмыс істеген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011-2020 жылдарға арналған «Мемлекеттік білім беруді дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылдан бастап, педагог мамандарды «Кембридж» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттыру курстарынан өткізу басталса, сол жылы ІІІ деңгейлі курстан - 30, І деңгейлік курстан - 21 мұғалім, 2013 жылы жоғарыда аталған біліктілік арттыру курсының ІІ деңгейлік курсынан – 6, ІІІ деңгейлік курсынан – 33 мұғалім, 2014 жылы І деңгейлік курстан– 20,  ІІ деңгейлік курстан- 26, ІІІ деңгейлік курстан- 62 мұғалім өтсе, бүгінгі күнде 7 мектеп директоры, 1 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары  «Кембридж» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырған.
Мұғалімдерді тегін медициналық бақылаудан өткізуге 2013 жылы бюджеттен 2 млн. 482 мың теңге бөлінсе, осы мақсатқа 2014 жылы 3 млн. 29 мың теңге бөлініп отыр.
Білім беру мекемелерінің кіші қызметкерлеріне 2013 жылы 606 мың теңгеге арнайы киімдер алып берілсе, 2014 жылға осы мақсатқа 1 млн. 625 мың теңге бөлініп отыр.
Сонымен қатар, білім бөлімі мұғалімдер еңбегін ынталандыру сипатындағы сыйлықтар жетістіктерге жеткен ұстаздарға берілуде.
Баяндамада сонымен бірге 2013-2014 оқу жылында атқарылған ауқымды жұмыстар, атап айтқанда, білім саласын қаржыландыру, материалдық-техникалық базасын жарақтандыру, білім нысандарын жаңа оқу жылына дайындау, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, тасымалдау, ҰБТ нәтижелері, инклюзивті білім беру, оқулықтармен қамтамасыз ету, білікті кадрлармен қамту, әдістемелік жұмыстар, білім беру мекемелерінде басшылар тарапынан жеке тұлғалар мен мұғалімдердің өтініштерін қарау, жұмысқа қабылдау туралы өтініштер бойынша көптеген кемшіліктердің орын алуы, ұстаздардың төл авторлық бағдарламаларын дамыту, инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру, тәртіп бұзушылық мәселелері мен діни экстремизмнің алдын алу  сынды өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды.
Осындай мәселелерге жан-жақты талдау жасап, кеңеске қатысушы әріптестерінің назарына ұсынған Зәуре Исақызы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде түпкі нәтиже отбасы, мектеп, қоғам бірлігіне тығыз байланысты екенін алға тартты.
Баяндама бойынша «Білім беру мазмұнын жүйелі жаңарту жағдайында сапалы біліммен қамтамасыз ету» тақырыбында Сарыкемер орта мектебінің директоры Мұхит Жанұзақұлы, «Инновациялық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар-мектепке дейінгі білім беру мазмұнын арттыру құралы» тақырыбында «Астана» балабақшасының меңгерушісі Ляйля Мейрамбайқызы, «Қазақстан Республикасы экономикасының үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жағдайын арттырудағы мектеп пен ауыл әкімшілігінің ынтымақтастығын арттыру жолдары» тақырыбында Мырзатай ауылдық округінің әкімі Нұрахан Бегәділұлы, «Балалар мен жасөспірімдер гигиенасын сақтау» тақырыбында аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сауле Тұрлығожақызы, «Тәрбие сапасын арттыру факторы ретінде жеке тұлғаны қалыптастырудағы мектеп пен ішкі істер бөлімінің үздіксіз сабақтастығын қамтамасыз ету» тақырыбында Байзақ аудандық ішкі істер бөлімі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшенің аға инспекторы Ермек Әбілдаұлылар жарыссөзге шығып, тұщымды ой-пікірлерімен бөлісті. Сөйлеушілердің қай-қайсысы да кеңестің күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің, талқылануға ұсынылған тақырыптың өзектілігіне тоқталды. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, өз ұжымдарының мысалы негізінде егемен елдің ертеңін тәрбиелеп, қалыптастыруда отбасы, мектеп және қоғамның бірлестігі болғанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын меңзеді.
Тамыз кеңесі барысында сөз алған аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы өз сөзін: «Бүгінгі күні ұстаз білім беруді жетілдірудегі  басты тұлға болып табылады. Қоғамдағы ұстаз мәртебесі оның зияткерлік және кәсіби деңгейіне, оның жеке басының қасиеттеріне тікелей байланысты. Содан болар – біз қашаннан «дүниенің кілті - оқу-білімде» деген ата сөзін ұстаған, үйреніп-түюге құмар дана халықпыз. Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан оның бүгінгі баянды бабына дейін талай жасампаз жоба, жаңа бастаманы қолға алып, азды-көпті жетістіктерге жетіп отырмыз. Ол да болса, Елбасы мен еліміздің ілім-білімге деген ерекше ықыласы мен Өздеріңіз сияқты өскелең ұрпақты тәрбиелеп жүрген ұстаз-мұғалімдеріміздің арқасы»-дей келе, білім саласындағы түрлі мәселелерді талқылауға жиылған ұстаздар қауымын құттықтаудан бастады. Сондай-ақ білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жүргізіліп жатқан ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, оған бөлінген қаржы мөлшері, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елдімекендерді дамыту, білім реформасын жүзеге асырудағы міндеттер, оқу-тәрбие үрдісін дұрыс ұйымдастыру, жастарға міндетті орта білім беру, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, ондағы жетістіктер мен кемшіліктер, нәтиженің төмен болу себептері, оны жою жолдары, кейбір мектеп ұстаздары арасындағы арыз-шағымдар, апталық оқу жүктемесінің толық берілмеуі, кезең-кезеңімен электрондық оқыту жүйесіне және 12 жылдық оқу бағдарламасына көшу, мектептерді компьютермен жабдықтауды дамыту, оқытудың озық технологияларын енгізу арқылы білім берудің сапасын жақсарту сынды келелі мәселелерге тоқталды. Аудан басшысы М.Шүкеев білім сапасының нақты көрсеткіші саналатын ҰБТ нәтижелеріне ерекше мән бере отырып, сандық көрсеткіштерден білім берудің барлық деңгейдегі сапалық дамуға бет бұру қажеттілігін ескертті. Пән мұғалімдерінің оқушылардың оқу үлгеріміне көтеріңкі баға қоюы мен үміткер оқушыларды іріктеуде білім сапасынан гөрі санына басымдық берілуі ҰБТ нәтижесінің төмен болуының басты себептері екенін қадап айтқан аудан әкімі жекелеген орыс тілі мен математика пәндері бойынша екілік баға алған оқушылар санының көптігіне қынжылды. Алдағы оқу жылында осындай кемшіліктерді жою бағытында кешенді шаралар қабылдап, нәтижелі жұмыстар жүргізуді қатаң тапсырды.
Елбасы Жолдауындағы -Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында еңбек ету әрбір ұстаздың мақсатына айналғанда ғана мақсат-мұратымызға жетуге мүмкіндіктің артатынына сенім білдіріп, жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беріп, санасына отансүйгіштік сезім құйып, осы жолға бар ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздар қызметіне табыстар тіледі.
Бұдан соң кеңес қатысушылары тарапынан берілген сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды. Шәкірттерді оқытуда шығармашылықпен жұмыс жасап, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген ұстаздардың бір тобына  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім беру басқармасының, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудан әкімінің түрлі деңгейдегі марапаттары, сый-сияпаттары табысталды. Осындай марапаттар аудандық мәслихат, аудан әкімдігінің білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті тарапынан да үлестірілді.
Кеңес жұмысын аудан әкімі М.Шүкеев қорытындылады. Мұғалімдердің алдында тұрған маңызды міндеттерді, мектептерде атқарылуға тиісті шараларды атады. Соңынан тамыз кеңесінің ұсыныстары қабылданды.

Обновлено 25.08.2014 12:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін660
mod_vvisit_counterКеше1665
mod_vvisit_counterОсы аптада5664
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда13305
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2264974

Серіктестер