|

Аудан әкімі Олжас Баққараев алдын ала дайындалған кестеге сәйкес өткен аптада Сарыкемер ауылының тұрғындарымен кездесті. Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуді аудан әкімі ашып, аудандағы 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қысқаша айтып берді. Өз сөзінде аудан басшысы Сарыкемер, Қосақ ауылдарында атқарылған жұмыстарға басымдық берді. Бұл ретте аудандағы ең өзекті деген тұрғын үй соғуда ерекше тоқталып, аудан орталығында 176 пәтер соғылғанын атап өтті. Сондай-ақ жақын күндерде
тағы 5 қабатты 60 пәтерлі бір үй пайдалануға берілмек. Аудан орталығындағы электр жүйесіне байланысты да ауқымды жұмыстар атқарылғаны, ауыл көшелері жөндеуден өткізілгені, бұрынғы тозып кеткен «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақтың қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқанына екпін салды. Жақын уақытта мұндағы жұмыстар аяқталып, бұл «дендропаркте» аудан тұрғындарының демалып, спортпен айналысуларына мүмкіндік туады. Бұл саябақ сол маңнан соғылған 7 көпқабатты үйлер тұрғындарының демалуға, әрі спортпен айналысуларына тиімді болады. Қосақ ауылындағы мектеп жанынан қосымша құрылыстар соғылып жатса, жақында ғана шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.
 Аудан орталығынан жаңа спорт кешеніде соғылып спортшы жастарға есігін айқара ашты. Аудан әкімі өз сөзінде биылғы жылы Сарыкемер, Қостөбе, Үлгілі ауылдық округтеріне газ қысымын көтеру мақсатында арнайы қаржы қарастырылғанын атап кетті. Кездесуде округ әкімі Еркін Заурбековте Сарыкемер, Қосақ ауылдарындағы атқарылған жұмыстарды айта келіп, осындай жақсы істер алдағы уақыттада жалғасын таба беретінін жеткізді. Кездесуде ауыл тұрғындары жаңадан соғылған көп қабатты үйлердің шайынды суларын сыртқа шығару, Кравцов көшесіндегі екі қабатты үйдің жағдайы, көше жарығы, тұрғын үйлердің Қосақ ауылынан соғылуы, Қ.Орынқұлов көшесі бойынан №50 автобус маршрутын жүргізу, емханада азаматтарды қабылдау жайы, жол белгісі, ауылдан науқас балалар үшін атқа мінгізіп емдеу әдісі ұйымдастырылса деген сұраныстарын айтты. Аталған сұраныстарға аудан әкімі Олжас Елебекұлы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауап берді. Кейбір мәселелерді шешу ауылдық округ әкімі мен тиісті мекеме басшыларына тапсырылды.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Сарыкемер ауылы. |