|

Кеше аудан әкімі Олжас Баққараев кестеге сәйкес Сазтерек және Жалғызтөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Абай ауылындағы клубта өткен кездесуге халық көп жиналды. Кездесуді аудан әкімі ашып, 2025 жылы ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Былтыр 2024 жылмен салыстырғанда барлық салада да көрсеткіштер артқан. Аудан ауылдары түгелдей газбен, таза ауыз сумен қамтылды. Аудандағы 46 көшенің 42 шақырым жолы жөнделді. Екі мектеп, 3 фельдшерлік тірек, 6 спорт алаңшасы пайдалануға берілсе, 3 алаңша күрделі жөндеуден
өтті. Көктал, Мырзатай, Үлгілі ауылдарындағы балалардың ойын алаңы демеушілер тарапынан соғылды. Тұрғын үй соғып, пайдалануға беруде де аудан көрсеткіші облыста қаладан кейін алғашқы орында тұр. Округ әкімі Жұмабек Шайхиев округке қарасты 3 ауылда атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өз баяндамасында ауыл кәсіпкерлерінің қай жерде жұмыс істегендеріне қарамастан салықтарын өздеріне түсіріп отырғанын атап өтті. Жаңасаз ауылы таза ауыз суға қосылғанын айтып, 3 азамат “Ауыл аманаты” жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие алып, 6 азамат қайтарымсыз несие алып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Кездесуде ауыл тұрғыны Мұхтар Нұрсейітов “Өтеміс” каналының қашан жөнделетіні туралы сұраса, Естай Оразбеков Мырзатай ауылы тұсындағы жол бойына көрсету белгісін қоюды сұранды. Қойылған сұрақтарға аудан басшысы жауап беріп, оның орындалуын тиісті мамандарға тапсырды. Кездесуге қатысқан аудандық мәслихаттың төрағасы, аудандық коалиция мүшесі Бақтияр Ақбаев жаңа Конституцияға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
* * * Аудан әкімінің Жалғызтөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі Жетібай ауылындағы клубта өтті. Мұндада кездесуге келген ауыл тұрғындарының қарасы қалың болды. Жиынды ашқан аудан әкімі Олжас Баққараев ауданымызда 2025 жылы атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталды. Биылғы жылға жоспарланған жұмыстарды да атап өтті. Биыл еліміз бойынша қаржы тапшылығына байланысты көп жобалар келесі жылға қалатынын да жеткізді. Аудан басшысы өз сөзінде “Ислам даму” банкі арқылы ауданда ұзындығы 69 шақырымды құрайтын 17 канал жөндеуден өткізілетінін, оның алды басталып та кеткенін де айтты. Олар мұндай ауқымды жұмысты біздің ауданымыздан бастап отырғанында атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ұңғыма қазылып, егістікті суландыру жөніндегі ұсыныстар орындалса, бұл шаруаларға көп жеңілдік туғалы отыр.
 Округ әкімі Мейіржан Тайтелиев слайдты пайдалана отырып, жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өткен жылы ауылда “Кемер Агро” ЖШС қой жүні мен құс қиынан органикалық тыңайтқыш және ланолин шығаруды қолға алса, биылғы жылы Аққия ауылынан балабақша ашу, форель балығын өсіру, көлік жуу орны, сүт өңдеу кооперативін, дене-шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланып отырғанына тоқталды. Ал өткен жылы демеушілер тарапынан орталық стадионға төсеніш төселіп, балалардың ойын алаңшасы соғылған. Аққия ауылына таза ауыз су берілген. Кездесуде ауыл тұрғыны Әлібек Көшербаев каналдарды жөндеуге байланысты сұрақ қойып, оған жауап берілді. Аудан басшысы кездесуден кейін жиналған халыққа алдағы саяси науқан туралы айта келіп, жаңа конституциядағы өзгерістердің мән-маңызын түсіндірді. Конституцияның басты артықшылығы - әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін нығайтуға және әр азаматтың құқығын қорғауға басымдық беруінде екені айтылды. Екі ауылдағы кездесулерден кейінде аудан әкімі Олжас Елебекұлы бірнеше азаматты жеке сұрақтары бойынша қабылдап, оларға заң талаптары аясында жауап берді.
Сундетулла АБИЛОВ, “Ауыл жаңалығы”. Абай, Жетібай ауылдары. |