|
Орман – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, табиғи тепе-теңдікті сақтайтын стратегиялық маңызы бар байлық. Жамбыл облысында орман қорын сақтау, көбейту және қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау» жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
директоры Бауыржан Желеубаевпен сұхбаттасқан едік.
– Мекеменің қарауындағы орман қоры жерінің көлемі қандай? – Бекітілген штаттық кестеге сәйкес мекемеде 77 қызметкер еңбек етеді. Мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 221 640 гектарды құрайды. Оның ішінде 135 458 гектары орман екпелерімен көмкерілген. Сонымен қатар, орман қорындағы жайылымдық жер көлемі – 52 626 гектар, шабындық алқап – 21 246 гектар. Құрылымдық тұрғыда Бескепе орманшылығының аумағы 143 656 гектарды, ал Талас орманшылығы 77 984 гектарды қамтиды.
– Бауыржан Берікбайұлы, өткен жылы қандай негізгі жұмыстар атқарылды? – 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес көктемгі кезеңде 70 гектар алқапқа сексеуіл көшеттері отырғызылды. Бұл мақсатта Ұланбел орман шаруашылығынан 250 мың дана сексеуіл көшеті жеткізіліп, оның 219 мыңы мемлекеттік орман қорының Түлей учаскесіндегі №5 орам, 10 телімге қолмен егілді. Күзгі санақ қорытындысы бойынша шығымдылық 52 пайызды көрсетті. Сонымен қатар, 2024 жылы егілген сексеуілдің 15 гектар алқабына толықтыру жұмыстары жүргізілді. №108 орам, 10 телімдегі 184 гектарға отырғызылған қарағаш екпелеріне сәуір айында бір реттік механикалық күтім жасалды. Күзгі санақ нәтижесі – 42 пайыз. Мекеменің уақытша тұқымбағында 2023 жылы өсірілген 270,8 мың дана көшет орман шаруашылығы мекемелеріне, ауылдық округ әкімдіктеріне және өзге де сұраныс иелеріне таратылды. Өткен жылы ауданымыздағы 17 ауылдық округімен келісімшарт жасалып, 34 мың дана қарағаш және 30 дана бозарша көшеті 5 250 000 теңгеге сатылды. Талас ауданының 9 ауылдық округіне 28 600 дана қарағаш көшеті 4 290 000 теңгеге өткізілді. Сонымен қатар жеке тұлғаларға 3 430 дана қарағаш пен 20 дана бозарша көшеті 820 000 теңгеге сатылды. Нәтижесінде мекеменің арнайы есепшотына жалпы 10 360 000 теңге қаржы түсті. Түскен қаражат есебінен компьютерлік техника, принтер, ноутбук және Niva Travel автокөлігі сатып алынып, материалдық-техникалық база нығайтылды.
– Орман және дала өрттерінің алдын алу бағытында қандай шаралар қабылдануда? – 2025 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында «Ақжар», «Түлей», «Есқара», «Сарыбарақ» учаскелерінде төрт өрт бақылау бекеті ұйымдастырылды. Бекеттердің аумағы абаттандырылып, өрт бақылау мұнаралары жөнделіп, сырланып, айналасына 200 дана қарағаш көшеті отырғызылды. Барлық бекеттерде тәулік бойы үш ауысымда 52 қызметкер кезекшілік атқарады. Өрт сөндіру станциялары қажетті жанар-жағармай, техника, байланыс құралдары, алғашқы өрт сөндіру жабдықтары және арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. «Ақжар» бекеті елді мекендерге жақын орналасуына байланысты қосымша өрт сөндіру автокөлігі және 3 тонналық жартылай тіркемелі цистернамен қамтамасыз етілді. Барлық техникалар жөндеуден өткізіліп, қызметкерлер өрт-техникалық минимум бағдарламасы бойынша оқытылды. Орман қоры аумағымен шектес ауылдық округтермен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.
– Алдағы жоспарларға тоқтала кетсеңіз? – Алдағы кезеңде Байзақ орман қоры жеріне 100 гектар, Ақкөл орман шаруашылығына 100 гектар, жалпы 200 гектар аумаққа 625 000 дана сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланып отыр. Уақытша тұқымбақта 180 кг қарағаш тұқымы жиналып, 1,5 гектар жерге себіледі. Сонымен қатар 631 кг сексеуіл тұқымы 7 гектарға себіледі. 1000 дана қылқан жапырақты көшет сатып алынып, отырғызылады. 2027 жылға арналған отырғызу жұмыстарына дайындық ретінде 200 гектар жер механикалық әдіспен әзірленеді. 2025 жылы отырғызылған екпелердің 25 гектарына толықтыру жүргізіледі. Өрт қаупі маусымына дайындық шеңберінде 1275 шақырым, ені 4,5 метр болатын минералды жолақтар жасалады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлескен өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізу көзделген. Орман заңнамасын бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолдану, рейдтік жұмыстар ұйымдастыру, биотехникалық іс-шаралар жүргізу және жабайы жануарлар арасында аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. –Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |