|
Алғыс айту күні – мейірім мен сыйластықтың, ризашылық пен адамгершіліктің айқын көрінісі. Бұл күн-бір-бірімізге құрмет білдіріп, атқарылған еңбекті бағалайтын ерекше мереке. Менің атам Зулуф-оглы Хасан Османұлы 1935 жылы 1 қаңтарда Грузияның Магадан облысы, Батуми қаласында дүниеге келген екен. Ұлты-хемшили. Әжем Зулуф-оглы Хатиже Дурсунқызыда 1936 жылы Батуми қаласында өмірге келген. Атам мен әжем Қазақстанға 1956 жылы көшіп келген. Содан бері осы елде өсіп-өніп жатырмыз. Әкем Закария ауданымыздағы Головановка (Қостөбе) ауылында 1955 жылы өмірге келіпті. Осы ауданның тумасы Шырынкүл Бейсенқұловамен отбасын құрып, бүгінде бес баланы өсіріп отыр. Соның бірі мен 1987 жылы 20 наурызда көршілес Үлгілі ауылында дүниеге келдім. 2012 жылдан бері “Қостөбе ауылдық округі әкімінің аппараты” коммуналдық мемлекеттік
мекемесінде әскери есеп жүргізуші-бас маман қызметін атқарып келемін. Атам мен әжем сол бір қиын-қыстау кезде Қазақстанға қоныс аударғанда мұндағы ел жақсы қарсы алғанын айтып отыратын. Сондықтанда болса керек менің әкемнің қазақтың қызын алуына ықпал жасаған көрінеді. Сөйтіп, қазақтармен бірге тұрып, құдандалы болған жайымыз бар. Атам 2009, ал әжем 1999 жылы өмірден өтті. Міне соған дейін қазақ халқының өздеріне жасаған жақсылығын айтып, тауыса алмай отыратын. Енді міне одан кейінгі буын әкем мен анам, бізде осы Қазақстан Республикасының азаматы болғанымызды мақтан етеміз. 1-наурыз елімізде Алғыс айту күні ретінде аталып келеді. Міне осы күні біздің отбасы, ата-әжемізге, бізге жақсылық жасаған қазақ халқына алғысымызды айтамыз. Сіздердің дархан көңілдеріңіз, кең жүректеріңіз, қонақжайлық қасиеттеріңізге мың алғыс. Сіздер қиын-қыстау кезеңде тағдыр айдап келген сан түрлі ұлт өкілдерін бауырларыңызға басып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруге мүмкіндік жасадыңыздар. Бірлік пен ынтымақты ту еткен халық ретінде болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің үлгісін көрсетіп келесіздер. Алғыс - айту бұл тек жақсы сөз емес, жүректен шыққан шынайы ризашылық. Қазақ елі аман болып, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!
Земфира ЗУЛУФ-ОГЛЫ, Қостөбе ауылының тұрғыны. |
|
Обновлено 03.03.2026 11:00 |