|

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3-наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Олжас Баққараев Қостөбе ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдық клубта өткізілген кездесуге аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник Әлімхан Қарымсақов, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл халқы көп жиналды. Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан аудан басшысы Олжас Елебекұлы 2025 жылы ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Атап айтқанда, ауданымызда өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, бөлшек сауда айналымы бойынша 2024 жылмен салыстырғанда жұмыс нәтижесі
анағұрлым артқан. Аудандағы өзекті мәселенің бірі-халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болатын. Былтыр ауданда 236 пәтер соғылып, «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрған азаматтарға берілді. Міне мұндай жүйелі жұмыстар биылда жалғасын табуда. Жаңасаз, Төрткөл ауылдарына ауыз су беріліп, Қосақ ауылы ауыз суға қосылғалы жатыр. Ал бұл аудан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылғанын білдіреді. Сарыбарақ, Аққия ауылдарында 100 орындық мектеп салынса, Дихан, Базарбай, Тегістік ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Бірнеше ауылда шағын футбол алаңы соғылып, демеушілер тарапынан Мырзатай, Үлгілі, Көктал ауылдарында балалардың ойын алаңдары соғылып, пайдалануға берілді. Аудан әкімі басқада қол жеткізген жетістіктер мен алдағы міндеттер туралы айта келіп, алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Ал Қостөбе ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мамышев өз баяндамасында О.Атабекова мен К.Шілдебаева көшелерінде екі көпірдің жөнделгені, құны 1 млрд. 80 млн. теңгені құрайтын 15 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысы толығымен аяқталғанын атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстары атқарылғаны айтылды. Дегенмен округ әкімі жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қарағанда алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға, өзекті деген мәселелерге басымдық берді.
 Кездесуде ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Динмуханбет Наурызбаев, ауыл тұрғындары Макун Тулеуғалиева, Әбен Дауталиев, Шолпан Болатбековалар Сарыкемер мен Тараз қаласы аралығына автобус жүргізілгеніне алғыс айта келіп, ауыл көшелерінің соғылмай кеткен жерлеріне аялдамалар соғу, ауыл клубына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу, электр жарығы мен газ қысымының кейбір көшелерде төмендігі, балаларға ойын алаңын салу, бақша суын ретке келтіру, оқушыларды өнерге баулуға байланысты сұрақтар қойды. Сұрақтарға аудан әкімі жауап беріп, кейбірінің шешілуіне байланысты тиісті мамандарға нақты тапсырма берді. Кездесу соңында аудан әкімі О.Баққараев ауыл тұрғындарына жаңа Конституциядағы 77 бапқа енгізілген түзетулер мен өзгерістер туралы айтып, 15-наурыз күні өтетін референдумға ұйымшылдықпен қатысып, өз таңдауларын жасауды ескертті. Кездесуден кейін аудан басшысы ауыл тұрғындары Токтосун Кавазов, Динмуханбет Наурызбаев, Талап Аманжоловтарды өздерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың сұрақтарына заң талаптары аясында жауап берді.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Қостөбе ауылы. |