Онлайн газет



ЖҮЗ ЖАСАҒАН БӘЙТЕРЕК

Екі ғасырдың куәсі, жыршы-жырау, халықтың ірі айтыскер ақыны, «Халық поэзиясының алыбы», «ХХ ғасыр Гомері», «Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым» деген ұлы тұлға Жамбыл Жабаевқа биыл 180 жыл толып отыр.
Жамбыл  Жабаев - жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген қазақ халқының ұлы ақыны, өлең сөздің дүлдүлі, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы. Түстіктегі Жамбыл тауының бөктерінде, боранды ақпан айының соңғы күндері осыдан бір жарым ғасырдан астам уақытта дүниеге ақын келіп, кейін әлгі тауды да, бүкіл қазақ халқын да жалпақ жаһан, айдай әлемге жария етті.
“Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан”,– дейді Жамбыл ақын.
Жамбылдың бойындағы ерекше дарыны, тым өзгеше таланты қыстың күні ерте бүршік атқан бәйшешектей жас кезінен-ақ таныла бастаған екен. Ал жас ақынның бойындағы талантын әрі қарай ашқан, бала ақынға көптеген ақыл беріп, сөз өнерін сүйе білуге баулыған  айтыс өнерінің майталманы - Сүйінбай Аронұлы болды. Яғни, Жамбыл жасынан өлең жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «менің пірім-Сүйінбай»,- деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы ақынның талантын көріп, «Балам, өз өлеңіңді шығар, бірақ оны жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла, көне тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл», - депті. Жамбыл бабамыз қолынан қаламы түскенше осы өсиетті өлеңдеріне серік қылды. Бұған дәлел Жамбыл атамыздың шындық пен әділдікті басты жалау еткен, халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, сөзін сөйлеген өлең - жырлары.
Қазақтың ұлы ақыны, айтыстың өрен жүйрігі, ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Жамбыл - өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. 13-14 жасынан бастап сөзінің көбін өлеңмен айтқан ақынның XIX ғасыр шегінде шығарған өлең-жырлары мен айтыстары да өте мол болған. Олардан дәуір шындығы, Жамбылдың ақындық мұраты мен зор таланты айқын танылады. Ерлікті, елдікті дәріптеген, халықтың жоғын жоқтап, әлсіздерді күштілердің зорлығынан арашалаған, әділдікті, бостандықты жыр еткен көркем де қуатты поэзиясымен Жамбыл XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде көрнекті орын алады.
Ғасырлық ғұмыр жолында айтыс өнерінің, жыраулық дәстүрдің дамуына өзіндік үлес қосты. Қазақ қоғамының не бір қилы кезеңінің куәгері болған ақын халқының мұңын жүрегімен сезініп, жан айқайын жырымен жеткізді. Өлеңдерімен рух беріп, қиын күндерде демеу көрсете білді. 1941 жылы 15 республикадан құралған Кеңестер Одағына фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, елім деген ерлер атқа қонғанда тоқсанды алқымдаған ақын қаламын қолға алып, қайтадан жігерленіп, жалынды жырларымен қолдау білдірді. Жауға қаламмен қарсы шыққан жыраудың өлеңдері майданның ортасында елін, жерін қорғаған ұл-қыздарының жігерін қайрай түсті.
Ол өз өмірін жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттауға, әділеттілік пен патриотизмді дәріптеуге арнады. Ұлы Даламызда ұлттың, сөздің туын көтерген тұлғаның мұрасы - қазақ халқының өмір тарихының айнасы. Ақын шығармаларының шоқтығы биігі-айтыстары деп айтамыз. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Шашубаймен айтыстары суырып салмалық өнерінің биікке шарықтағанының айғағы.
Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.
Жамбыл жырларынан фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да орын алды. «Бата» өлеңінде «жақсы сөз-жарым ырыс» екендігін ескере отырып, «Әумин» деп қолыңды жай, Қабат тусын күн менен ай. Алғаның болсын сайма-сай» деп бар ақтілегін жаудырса, «Өсиет», «Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға!” өлеңінде:
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға, –деп жақсы өсиет білдірді.
Түпкі тегі түрікмендерден бастау алатын “Көрұғлы” дастанын Жамбыл ақын он бес күн бойы жырлаған. Бұл дастанның көркемдік құнары мол екенін ғалымдар дәлелдеген. Осылайша Жамбылдың даңғыл жолы түгел түркінің кеңістігін рухани нәрімен түйістіріп тұр.
Жамбылдың өнері мен өлеңі – халқын сүюдің айшықты үлгісі. Оның жырлары көпшіліктің рухын көтереді, жігеріңді жаниды. Адамдықтың асқақ биігін ең төмен демейді. Жамбыл жырлары отансүйгіштік қасиетті оятып, көпшілікті туған жерін құрметтеуге үндеді.
«Адамдықты айт, бірлікті айт, батырлықты айт» деген ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі – екінші дүниежүзілік соғыстың бейресми Әнұранына айналды. Үміт берді, жеңіске жетеледі. Ал «Халық бақытын жырлап өтемін» дегені-оның өмірлік қағидасы емес пе? Ақын шығармасы елуге жуық тілге аударылды. Ақынның рухани мұралары егемен елдің көзімен қарап, баға беруді қажет етеді. Құстың қос қанаты болса, адамның қос қанаты – білім мен тәрбие. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы екі қажеттілікпен сипатталуға тиіс.
Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл “Ленин”, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. 1941 жылы Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі өзіміздің облысымызға, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді.
Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру-біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз»,-деді.
Кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан-ғасырға жасай береді. «Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді» - деген қанатты қағида дәл Жамбыл бабамызға арнап жазылғандай.

Раушан Әбуева,
Сарыкемер мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

 

Халыққа жолдау

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2170
mod_vvisit_counterКеше4321
mod_vvisit_counterОсы аптада2170
mod_vvisit_counterӨткен аптада28488
mod_vvisit_counterОсы айда57115
mod_vvisit_counterӨткен айда126502
mod_vvisit_counterБәрі3700383

Серіктестер