|

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Байзақ аудандық ардагерлер ұйымының IX есеп беру-сайлау Конференциясы өтті. Жиынға аудан әкімі Олжас Баққараев, орынбасары Рүстем Қасымов, облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, орынбасары Талғат Жұмабек, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, конференцияға сайланған 74 делегаттың 69-ы қатысты. Конференция жұмысын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров кіріспе сөзбен ашып, Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Онда алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров Байзақ аудандық ардагерлер Кеңесінің
2024-2025 жылдардағы атқарған жұмысы мен алдағы уақытта атқаратын міндеттері туралы есепті баяндама жасады. -Ауданда бүгінгі күнде 9388 зейнеткер болса, оның 5788-і ардагерлер ұйымдарында есепте тұрады. Олардың қатарында 48 тың ардагері, 10 Чернобыль апатына қатысқандар, 60 Ауған соғысының ардагері, 8 Таулы Қарабах соғысы ардагерлері, 41 Тәжік-Ауған соғысы ардагері, 47 жалғызбасты қарттар, 35 Семей ядролық полигонында зардап шеккендер бар. Ардагерлер 17 ауылдық округ бастауыш ардагерлер ұйымдарына біріктірілген. Ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыру мақсатында өткен жылы Кеңестің 1 пленумы, 12 төралқа отырысы, 44 семинар ұйымдастырылып, оларда өзекті деген мәселелер қаралып, шешімін тапты. Есепті кезеңде ардагерлер ұйымдары ұлы Жеңістің 80 жылдығы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту, ауылдарды абаттандыру жұмыстарына қатысуда өзгелерге үлгі көрсете білді. Біздің жұмыстарымыздың негізгі бағыттары ретінде ардагерлер арасында мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар, қоғам қайраткерлері мен Алаш ардақтылары, еңбек және соғыс ардагерлерін еске алу бағытында көптеген іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудандық, облыстық ән байқаулары, спорттық жарыстарда ардагерлеріміз жүлделі орындардан көрінуде. Аудан әкімі Олжас Елебекұлының ардагерлерімізге спорттық киімдер алып беруі, олардың көңіл-күйлерін көтерді. Жыл сайын ардагерлеріміз аудандық, облыстық “Ақ бата” батагөйлер байқауларында да белсенділік танытуда. Ардагерлер бастамасымен 2023-2025 жылдар аралығында ауылдық жерлерде “Асарлатып үй салу” арқылы тұрмысы төмен 37 отбасы қоныс тойын тойлады. Ардагерлер мектептерде де болып, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарына орай оқушылардың қызығушылықтарын оятып, олардың отаншылдық пен патриоттық рухта тәрбиеленулеріне өз ықпалдарын тигізуде. Есепті кезеңдерде ауыл тазалығы, жастармен жұмыс, ысырапшылдық пен аста-төк дастархан ұйымдастыру, жаназа шығару тәрізді мәселелер үнемі назарымызда болып, аудан халқын бірізділікке тәрбиелеу шаралары жүргізіліп отырды. Бұл жұмыстарды ауыл мешіті имамдары, ауылдың белсенді азаматтарымен бірлесе жұмыс жасау арқасында жетістіктерге қол жетуде. Бұл ретте Базарбай, Абай ауылдары атқарылған игі істердің нәтижесінде ішкіліксіз ауыл атанып отыр. Аудан ардагерлері іс-шараларға белсенді араласып келеді. Бұл ретте Шырын Қапарова басшылық ететін аудандық аналар кеңесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Кимешек киген аналар кәсіптік лицей, мектеп, балабақшаларда болып, салт-дәстүрлерімізді насихаттауда үлкен жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ Исағали Сәлімбаев басқаратын аудандық Билер кеңесінің жұмысы да жақсы жолға қойылған. Кеңес мүшелері қаралатын мәселелердің 60 пайыздан астамын медиация тәртібі және Кеңес отырыстарында оң шешілуге қол жеткізді.
 Әкелер кеңесі өз жұмысын алдағы уақытта ширата түсіп, өз белсенділіктерін көрсетулері қажет. Ауылдық жерлерде өткізілген жиындарда Үлгілі, Ынтымақ, Көптерек, Суханбай, Мырзатай ауылдық округтері ардагерлерінің жүйелі жұмыстары үлгі ретінде айтылып отырды. Осындай жиындардың нәтижесінде Ынтымақ, Көптерек, Жалғызтөбе, Суханбаев, Бәйтерек, Ботамойнақ ауылдық округтерінде жаназадан кейінгі ас беру, бейсенбілік тарату, дастархан ысырапшылдығын азайту, бейіт басында теңге таратуларда біршама оңды жұмыстарға қол жетті. Әсіресе азаматтарымыз өмірден қайтқанда жетісін, қырқын және жылдығын атап өту дастархандарында ысырапшылдыққа жол бермеуде жолға қойылып келеді. Әлеуметтік осал топтағы қарияларға әр түрлі деңгейдегі көмектер тұрақты берілуде. Ардагерлерімізге ауруханадан кезексіз ем алу, басқада жағдайлар қарастырылған. Аудандық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да өз жұмысын жүйелі атқара беретін болады,- деді Бердібек Омаров. Конференцияда билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдырәлі Оралов, Көптерек, Темірбек, Ынтымақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалары Ғалымжан Ақбердиев, Елемес Есімов, Жамбыл Дәулетовтер сөз алып, тиісті кезеңде атқарылған жұмыстар туралы айтып, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына оң баға берді. Жиында облыстық Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов ардагерлер кеңесі қарттарға қамқорлық жасау, жастарға ұлттық тәрбиені түсіндіру, жақсы жұмыстарды насихаттап отыру, бағаны тұрақтандыруға да өз үлестерін қосулары керектігін атап өтті. Сондай-ақ жастар арасындағы ажырасулардың себебін анықтап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру керектігін, ауыл халқының ауызбіршілігіне өз үлестерін қосу керектігін айтты. Ауданымыздан ардагерлерге арналып Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылса, ауылдық жерлерде ардагерлеріміздің клуб жанынан газет-журнал оқып, дойбы-шахмат ойнап, бірмезгіл бас қосатын орталық болса, ардагерлердің шипажайда демалуларына жағдай жасалса деген ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі О.Баққараев ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, ауыл халқының ауызбіршілігіне аудан ардагерлерінің қосып отырған үлесі мол екендігіне тоқталды. Ауданда өтіп жататын әр түрлі деңгейдегі іс-шараларда ардагерлеріміздің белсенділік танытуыда екендігі айтылды. Ал жоғарыда айтылған ұсыныстардың шешілуі бойынша жұмыс жасалатынын жеткізді. Конференцияда Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің Пленум, төралқа мүшелері, Жамбыл облысы ардагерлер ұйымының ІХ конференциясына делегаттар сайланды. Жиында қаралған мәселеге байланысты атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға беріліп, қаулы қабылданды. Конференциядан кейінгі ұйымдастыру пленумында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Бердібек Омаров, орынбасарлығына Өсер Нұрбаев қайта сайланды. Конференциядан соң жыл қорытындысы шығарылып, рейтингтік көрсеткіш бойынша Ынтымақ бастауыш ұйымы бірінші орынды иеленсе, Көптерек және Суханбай бастауыш ұйымдары екінші және үшінші орындарды бөлісті. Жеңімпаздар аудан әкімінің дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Осы күні биыл 70 жасқа толған қос ардагерлер Үлгілі бастауыш ұйымының төрағасы Фазыл Шаухаров пен Жалғызтөбе бастауыш ұйымының кеңес мүшесі Қадырбек Тұрабаевқа “Ауданымыздың Құрметті ардагері” атағы беріліп, құттықтау хат, арнайы төсбелгі табыс етілді.
Сундетулла АБИЛОВ, “Ауыл жаңалығы”. Сарыкемер ауылы. |