|
2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің болашағы мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын талқылай отырып, заң үстемдігі мен жауапкершілік қағидаларын нығайту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы қоғамда заңның бәрінен биік тұруы, азаматтардың мүддесін қорғау және жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – тұрақты даму мен әділетті қоғам құрудың басты шарты екенін айтты. Қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті құбылыстардың бірі – жемқорлық. Ол мемлекет пен халық арасындағы сенімге сызат түсіріп, әділдік пен теңдік қағидаларын бұзады. Сондықтан «Жемқорлық – адамгершілікке жат» деген ұстаным әрбір азаматтың өмірлік қағидасына
айналуы тиіс. Жемқорлық – бұл жеке пайда үшін қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану. Мұндай әрекет ар-ұят, адалдық, әділдік секілді адамгершілік құндылықтарға мүлде қайшы келеді. Адамгершілік бар жерде сатқындыққа, парақорлыққа орын жоқ. Себебі шынайы адам өз абыройын ешқашан ақшаға айырбастамайды. Жемқорлықтың зардабы орасан. Ол экономиканың дамуын тежейді, әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді, жастардың болашаққа деген сенімін азайтады. Егер жас ұрпақ парамен мәселе шешуді қалыпты жағдай деп қабылдаса, онда қоғамның рухани іргесі сөгіледі. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек заң арқылы ғана емес, тәрбие арқылы да жүргізілуі қажет. Осы бағытта нақты жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі тарапынан 2025 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүргізу» тақырыбында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел отырыстары, семинарлар, жастармен кездесулер, түсіндіру жұмыстары мен ақпараттық акциялар өткізіліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Аталған жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл бастамалар халықтың құқықтық мәдениетін көтеріп, мемлекеттік саясатқа деген сенімді нығайтуға өз үлесін қосуда. Отбасында балаға адалдық пен әділдік ұғымдарын сіңіру – ең маңызды міндет. Мектеп қабырғасында да құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заңды құрметтегенде ғана әділетті қоғам орнайды.
Ерсайын Мәліктай, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы. |