|

Кеше аудан әкімдігінде аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен “2026 жылдың 15 - наурызында өтетін Республикалық референдумға дайындық барысы” тақырыбында кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысына аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округі әкімдері мен мекеме басшылары қатысты. -ҚР референдум процесін ұйымдастыру және өткізу ҚР-ның заңнамасына сәйкес ашық, әділ және жария түрде жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі индикаторлардың бірі. Осы ретте жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары арасындағы өзара іс-қимылдың үйлесімділігі ерекше маңызға
ие,-деді аудан басшысы өзінің кіріспе сөзінде. -Аудан бойынша 36 референдум учаскелері тіркелсе, оның 9-ы аудан орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан. Аталған науқанға 37 комиссияның (1 аумақтық, 36 учаскелік) 267 мүшесі қатысады деп жоспарланып отыр. Референдум учаскелерінің 21-і білім мекемелерінде, 13-мәдениет үйлерінде, екеуі спорт мекемелерінде орналасқан. Республикалық референдум туралы заңға сәйкес референдум тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмейтін мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында учаскелік референдум комиссияларының құрамы, олардың орналасқан жерлері және референдум учаскелерінің шекаралары жарияланатын болады. 22 ақпан күні учаскелік референдум комиссиялары өз жұмыстарына кіріседі. Сондықтан референдум учаскелері орналасқан үй-жайларды материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуді жергілікті жерлердегі округ әкімдері ұйымдастыруы қажет. Ауданымызда 16 ақпандағы жағдай бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың саны 55873-ті құрап отыр. Ал мұның сыртында республика ішінде қайталанып келетін сайлаушылар саны 206 адам. Ал бұл мәселе заң талаптарына сәйкес шешімін табады,- деген аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бауыржан Көшербаев сайлаушылар тізімінің сапасына ерекше мән беруді сұранды. Сондай-ақ ол аудан әкімдігі жанынан 1 Call - орталығы іске қосылғанын айтып, енді Egov “Азаматтарға арналған үкімет” порталында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне енгізуді тексеру және референдум күні азаматтарды уақытша тіркеу ақпараттық сервистерін іске қосу қажеттігін айтты. Комиссия мүшелері 3 кезең бойынша оқытылатыны айтылды. Бұдан кейін “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық “Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!” Жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Индира Спаналиева Республикалық Жалпыұлттық коалиция мүшелері ауданымыздағы аудандық емхана, жарық тарату мекемесі, Мырзатай ауылында аудан халқы, “Әулие-Ата Феникс” жұмысшы қызметкерлерімен кездескені жайлы айтты. Сондай-ақ желілік кестеге сәйкес кездесулер Қостөбе ауылында, аудандық ардагерлер кеңесінде өткен. Аудандық Жалпыұлттық коалиция мүшелері желілік кестеге сәйкес бірнеше топқа бөлініп, ауылдарда, мекемелерде халықпен кездесулер өткізуде. Өкінішке орай кейбір ауыл әкімдері мен мекеме басшылары (Үлгілі ауылы, Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебі) кездесулерге халықты уақытында жинай алмауын атап өтті. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Әжібаев пен Ақпараттық медиа орталығының директоры Меруерт Тоқмолдаева өздеріне қатысты жұмыстардың атқарылып жатқаны туралы айтып өтті. Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Олжас Елебекұлы референдум учаскелерін дайындау, бильбордтарды уақытында ілу, сайлаушылар санын өзектендіруді нақтылау, тасымалданатын 14 елдімекендердегі тұрғындарды көлікпен қамтамасыз ету, ауылдардағы белсенді азаматтарды жұмылдыру, учаскелерді қосымша жарықпен қамтамасыз ету, кездесулерге халықты жинау, мүгедектігі бар азаматтардың учаскеге баруын қамтамасыз ету тәрізді мәселелерді ауыл, ауылдық округ әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, халықтың қауіпсіздігін сақтау керектігі, ауылдарда тазалыққа мән беріп, жексенбі сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізу, спорттық-мәдени шаралар ұйымдастыру, халыққа газ, су, жарықтың уақытылы беріліп тұруын тиісті азаматтарға табыстады.
Сундетулла Абилов, “Ауыл жаңалығы”. |