|

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жалпыұлттық коалиция мүшесі Гүлдара Нұрым, басқа да “Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін” облыстық жалпыұлттық коалициясының мүшелері қатысқан Мырзатай ауылындағы орталық клубта өткен кездесуге Байзақ ауданының халқы қатысты. Жалпыұлттық коалицияның негізгі мақсаты - халыққа Конституциямыздағы өзгерістердің мәнін түсіндіру. Кездесулер арқылы әр тұрғын өз пікірін білдіріп, саналы түрде таңдау жасауларына
мүмкіндік туғызу болып табылады. Кездесуді “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева ашып, жүргізіп отырды. -Біз бүгін Конституциялық референдумға байланысты еліміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды өзгерістер жөнінде пікір алмасу үшін бас қосып отырмыз. Бұл әрбір азаматтың үнін білдіретін, ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылданатын тарихи кезең,- деген Индира Әбілханқызы алдымен коалиция мүшесі Гүлдара Алданышқызына сөз берді. Г.Нұрым өз сөзінде Ата Заңның маңыздылығына тоқтала келіп, ұсынылып отырған өзгерістер туралы атап өтті. Аталған реформаның басты ерекшелігі - халықтың тікелей қатысуымен талқылануы болды. Сондай-ақ оның басты ерекшелігі адам құқықтарына бағдарлануы туралы айтылды. Өзгерістерде құқық, медицина, білім, ғылым, әлеуметтік салаларға айрықша назар аударылып отырғандығы анық көрініс тапқанын жеткізді.
 Кездесуде “Әулие- Ата Феникс” ЖШС құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова, “Grand food premium” ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Жалил Аббосов, “Сенім” денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” ҚБ облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова, “Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан жаңа Конституцияның тарауларына, баптарына байланысты өзгерістер мен толықтыруларға түсінік берді. Байзақ аудандық мәслихатының төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапаровалар конституциялық референдум- әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігін талап ететін тарихи қадам екендігін айта келіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, еліміздің өркендеп өсуіне ықпалы мол болатынын жеткізді. Халықтың тілегі ұрпақтың болашағы, еліміздің тыныштығы екені де айтылды. Халықты Референдумға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.
* * * Осындай кездесулер аудандық емхана, электр тоғын тарату мекемелері, “Әулие-Ата Феникс” ЖШС-і жұмысшы-қызметкерлерімен өтіп, онда халықтың жаңа Конституцияны қолдайтыны байқалды.
* * * Сондай-ақ бұл күні Байзақ аудандық коалиция мүшелері Бурыл ауылындағы “Grand food premium” ЖШС-і, Үлгілі және Қостөбе ауылы тұрғындары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесулерде коалиция мүшелерінің 1 және 2 топ құрамы Конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндірді. Референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екендігін айтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тәрізді маңызды бастамалар туралы кеңінен түсінік берді. Жаңа Конституция-елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілдігі екендігіне тоқталды. Ата-Заңымыздың жаңа мәтінінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық берілгені айтылды. Кездесулер барысында аға буын өкілдері ел болашағына қатысты маңызды құжат жөнінде өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиынға қатысушылар тарапынан Конституцияның баптары бойынша сұрақтар қойылып, оған жауаптар берілді. Сондай-ақ өздерінің ой-пікірлерін білдіргендерде болды. Жалпыұлттық коалиция мүшелері тарапынан алдағы уақыттарда да осындай халықпен кездесулер жалғасын таба беретін болады.
Сундетулла АБИЛОВ, “Ауыл жаңалығы”. |