Онлайн газет



ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ - БОЛАШАҚТЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Түймекент ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында «Ұлттық тәрбие – болашақтың берік іргетасы» тақырыбында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-аналардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау, баланың эмоциялық, әлеуметтік дамуына ықпал ету мақсатындағы іс-шара өтті.
«Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» жұмысы бойынша ұйымдастырылған іс-шара өзімнің «Бала - отбасының айнасы» тақырыбында ой толғау әңгімемен басталды. Әрмен қарай «Ұлттық тәрбие-ұрпақ сабақтастығы» тақырыбында  «Әжемнің ертегілеріне саяхат» танымдық сағаты ұйымдастырылып, оған аудандық аналар кеңесінің төрайымы  Шырын Қапарова, мүшесі Минаш Омарова «Алтын сақа» ертегісін “Күншуақ” және “Еркетай” ересек тобының бүлдіршіндеріне  мәнеріне келтіре айтып берді. Мейірім мектебі бола білген әжелер ертегі арқылы баланың тілін, ойлауын, қиялын ғана емес, ұлттық болмыстағы жаны таза жеке тұлғаны тәрбиелеуге зор ықпалын тигізді.
«Әке көрген оқ жонар» тақырыбында «Жігітке жеті өнер де аз» бөлімі бойынша “Еркетай” ересек тобының тәрбиеленушілерінің әкелері Атабек Мамырбаев ұлы Бекарысқа қамшы өрудің қыр-сырын меңгертсе, «Ұлттық ойын-ұлт қазынасы» тақырыбында Мұрат Айымқұлов пен Сержан Рахимжанов балаларға  асықпен ойналатын ойындарды түсіндіріп, олармен бірге «Асық ату» ойынын ойнады.
“Күншуақ” ересек тобының аналары Нұргүл Кошкинбаева, Елігай Үйсінбаева, Жанат Абилханова  «Бұрымды қыз», «Ұлттық әшекей тағудың мәдениеті» тақырыбында қойылым көрсетті. Кішкентай бүлдіршіндердің  сұрауы бойынша шаш өру, шашқа байланысты тыйым сөздерге тоқталып, әшекей бұйымдарды қалай, не үшін тағу керек екенін, оның тәрбиелік мәнін терең түсіндіріп, мәдениеттілікке, әдемілікті сезіне білуге  баулыды.
Ересек топ бүлдіршіндері мен тәрбиешілері Рахима Сариева, Света Абдакимова, Айнур Карымбекова, Мөлдір Асқарова, музыка жетекшісі Жандаулет Айтуганов дайындаған концерттік бағдарламада “Күншуақ” тобының қыздары нақышына келтіріп орындаған “Тәуелсіздік биі”, “Еркетай” тобы бүлдіршіндерінен құралған оркестрдің орындауындағы “Келіншек” күйі, Аянат Әбілда пен Томирис Байназардың жеке орындауындағы “Балдырғандар әні” іс-шараның ажарын ашты.
Іс-шара соңында бөбекжай-бақша меңгерушісі Бакытгуль Тулебаева ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды насихаттаудың мән-мағынасына тоқталды. Ата-аналарға алғысын білдіріп, Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.

Роза Надирбекова,
“Қарлығаш” бөбекжай-бақшасының әдіскері.

Обновлено 17.02.2026 10:59
 

Халыққа жолдау

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2210
mod_vvisit_counterКеше4321
mod_vvisit_counterОсы аптада2210
mod_vvisit_counterӨткен аптада28488
mod_vvisit_counterОсы айда57155
mod_vvisit_counterӨткен айда126502
mod_vvisit_counterБәрі3700423

Серіктестер