|
Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз - бұл отбасына кірген табысты жанбасына шаққанда кедейшілік шегінен төмен отбасыларға көрсетілетін ақшалай көмектің түрі. Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224 сандағы “Әлеуметтік кодекстің” 120-бабына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейшілік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Жоғарыда көрсетілген кодекске сәйкес аудан бойынша консультант пен ассистенттер тарапынан
2025 жылы 1837 отбасына атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішіндегі 343 отбасынан өтініш қабылданып, оның 324 отбасындағы 2029 адамына әлеуметтік көмек тағайындалды. 19 отбасындағы 104 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда бас тартылды. Атап айтқанда: -3 отбасына жалған мәліметтер немесе анық емес құжаттар ұсынғаны үшін; -2 отбасына отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысудан бас тартқаны үшін; -11 отбасына учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде бас тартылды: - 3 отбасы басқа елді мекенде тіркелгендер. Көмек тағайындалған отбасылар ішінен 277 отбасындағы 1797 адам шартты ақшалай көмек, 55 отбасындағы 270 адам шартсыз ақшалай көмек алушылар болып табылады. Шартты ақшалай көмек тағайындалған отбасылар ішіндегі 191 адам 3 жасқа дейінгі бала күтімінде отырғандар болса, жұмысы жоқ 139 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, атап айтқанда: -103 адам тұрақты жұмыс орнына; -19 адам ақылы қоғамдық жұмысқа; -9 адам әлеуметтік жұмыс орнына; -6 кәсіби оқуға; -1 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. Шартты ақшалай көмек тағайындалған отбасылардың ішінен 3 отбасына әлеуметтік келісімшартты бұзғанына, 3 отбасының басқа елдімекендерге қоныс аударғанына байланысты тағайындалған көмек тоқтатылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуменен қатар осы көмекті алушы отбасының құрамындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға АӘК тағайындау кезеңіне әр балаға 1,5 АЕК яғни 5898 теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем төленуде. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 19 мамырдағы “Кедейшілік шегінің мөлшерін айқындау туралы” №160 бұйрығына сәйкес кедейшілік шегі 2026 жылдың 1 тоқсанында 39639 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейі 56627 теңгенің 70 пайызын құрайды. АӘК мөлшері кедейшілік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни 39639 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет.
Құралай АВДЫПОВА, Еңбек мобильдігі орталығы Байзақ ауданы бойынша “Мансаптық орталық” филиалының консультанты. |