|
Моншалар мен сауналар – демалуға және сауықтыруға арналған кешен. Монша рәсімдерінің өзіндік дәстүрлері мен әдеттері бар, ыстық ауа мен судың үйлесімі емдік процедура болып табылады. Монша мен сауналарда санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаса, денсаулығыңызға қауіпті қышыма, дерматомикоз, педикулез сияқты тері ауруларын жұқтыру қаупі бар екенін есте ұстаған жөн. Осыған байланысты Сіздерді монша мен сауналарға қойылатын кейбір санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен таныстырғымыз келеді. Мысалы: • бу қабылдау бөлмелерінде ауа температурасын бақылау үшін
термометр қарастырылады; • киім ауыстыратын бөлмелер мен себезгі бөлмелерінде ағаш траптар пайдаланылмайды, резеңке төсеніштер болуы керек; • бөлмелерде жуу және дезинфекциялық заттарға төзімді материалдардан жасалған жиһаздар орнатылады; • легендерді өңдеу үшін дезинфекциялау ерітінділері бар сыйымдылықтар, тазартатын заттар, щеткалар мен шүберектер болуы керек; •бу бөлмелерін қоспағанда, бөлмелерде қоқыс жәшіктері орнатылады. Сонымен қатар, монша процедураларын дұрыс қабылдап, денсаулыққа пайдалы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыру үшін келесі қарапайым ережелерді сақтауды ұсынамыз: • суық тиіп ауырып қалған жағдайда ем қабылдап болғанға дейін моншаға түспеңіз; • бу қабылдау бөлмесіне кірмес бұрын жуынып алыңыз; • жеке бас гигиенасын және бу қабылдау бөлмесіне кіру арасындағы үзілісті сақтаңыз; • егер Сізде қан қысымы жоғары болса, қатерлі ісік немесе жүрек-қантамырлары аурулары болса, онда бу қабылдау бөлмесінен бас тартуыңыз немесе жалпы моншаға бармауыңыз керек, • моншаға түсіп болғаннан кейін демалып алған жөн.
Рита Алтынбасова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы. |