Онлайн газет



Спорт күні аталып өтілді

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның дені сау, қимылы ширақ болатыны да рас. Біздің ата-бабаларымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында да халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Расында да, бүгінгі таңда ақсақалдардан бастап жастарға дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде. Сондықтан да болар, биыл елімізде жылдағыға қарағанда спорт күні кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтілді.

«Спорт – денсаулық кепілі». Осындай ұранмен сенбі күні ұйымдастырылған ауданымыздағы спорттық іс-шара да өзіндік сән-салтанатымен өткерілді. Алдымен көкпаршылар бастап, түрлі спорт додаларында биіктен көрініп жүрген жастар және спортшы ардагерлер, ауылдық округтерден келген спорт командалары, жалпы спортқа қатысы бар барлық жамағат орталық алаңмен жүріп өтіп, «Астананың 10 жылдығы атындағы» дендросаябаққа табан тіреді. Мұнда аудан әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар орталығының» қыз-жігіттері салауаттылықты үгіттейтін флэш-моб көрсетілімін қойды. Мінбеге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Ә.Қилыбаев жиналғандарды спорт күні кәсіби мерекесімен құттықтап, дене шынықтырумен айналысудың адам өміріне тигізер ықпалын атап өтті. Байзақ елі Ж.Үшкемпіров, Б.Жұмаділов, Б.Ниязымбетов, А.Мұсабеков сынды белгілі спортшылар туған қасиетті өлке екендігін тілге тиек ете отырып, кейінгі буын жастардан чемпион дәрежесіне дейін көтерілгендердің есімдерін мақтанышпен ауызға алды. Алда да сәттіліктер тіледі. Әзімхан Қилыбайұлы спорт күні кәсіби мерекесіне орай шәкірттері әлем, Азия ареналарында топты жарып жүрген білікті жаттықтырушылар – І.Жансақалов, А.Бошқай және А.Пайды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Дәл осындай құрметке бірқанша спорт ардагерлері де ие болды.
Мұнан кейін өзінің игі тілегін ардагер спортшы Ж.Мәдімаров білдірсе, аудан әкімдігі спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ә.Омаров спорт күні кәсіби мерекесіне арналған жарыстың басты тәртібімен таныстырды.
Сонымен «Астананың 10 жылдығы» атындағы дендросаябақта спорт күні кәсіби мерекесіне арналған аудандық  спартакиада басталып та кетті. Қол күресі, үстел теннисі, арқан тарту,  воллейбол сынды спорттық жарыстар қыза түскен тартысты ойынның қорытындысы түске таман белгілі болды. Атап айтар болсақ, қол күресінен әйелдер арасында жүлделі І орынды түймекенттік Ж.Омашева иеленсе, ІІ, ІІІ орындарды Мырзатай ауылдық округінің командасын бастап келген М.Өтемісбаева, А.Майлыбаева өзара бөлісті.
Ерлер арасындағы додада І орынды сазтеректік Ә.Жеңісбай жеңіп алса, Диханнан Ғ.Жақсыбеков ІІ, Ботамойнақтан И.Махмудов ІІІ  орындарды місе тұтты.
Үстел теннисі бойынша І орын сарыкемерлік О.Әділханұлына, ІІ орын Жаңатұрмыстан келген Қ.Құлахметовқа, ІІІ орын ботамойнақтық Е.Байетовке берілді.
Арқан тартудан алдына жан салмаған Ботамойнақ командасы алдыңғы шептен көрінсе, кейінгі орындарды Үлгілі мен Суханбаев ауылдық округтерінің командалары иемденді.
Ал, воллейболдан Қостөбе командасы І орынды қанжығасына байласа, ІІ, ІІІ орындар Түймекент, Бәйтерек командаларына тиесілі деп танылды. Осы және өзге де  жарыста ерекше көзге түскен командалар мен жекелей спортшылар ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған Кубоктармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Дипломдармен мадақталды.

Обновлено 21.08.2014 08:53
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін369
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада7804
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда15445
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267114

Серіктестер