|

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде алдымен облыс әкімі 2025 жылы облыста қол жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарларды таныстырды. -Жергілікті атқарушы органдардың негізгі мақсаты- азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2025 жылы облыста 1,3 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 15,6 пайызды құрады. Экономикалық көрсеткіштердің
орындалуы-басты әрі маңызды міндет. Осы бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып, жүйелі түрде іске асырылатын болады. Аталған жұмыстарға байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалу барысы тұрақты бақылауға алынған,-деді Ербол Шырақпайұлы. Аудан әкімі Олжас Баққараев жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы міндеттерге тоқталды. -Өткен жылы ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Бірінші кезекте-өңірге инвестиция тарту-негізгі міндет екендігін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өткен болатын. Аудан бойынша барлығы 104 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде 27,5 миллиард теңге жеке инвестиция үлесіне тиесілі болды. Нәтижесінде 322 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1, ауыл шаруашылығы 13,8, құрылыс жұмыстары 18,7, тұрғын үй 6,4, сауда 2,9, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 31,6 пайызға артты,-деді Олжас Елебекұлы.
 Аудандағы 40 елдімекен 100 пайыз ауыз су, газбен қамтамасыз етілген. Ауылдарда дәрігерлік амбулатория, клуб, спорт кешені, шағын футбол алаңдары, балалардың ойын алаңдары да соғылуда. Көше жолдары жөнделіп, басқада әлеуметтік нысандар ерекше назарға алынған. Сондай-ақ аудан басшысы биылғы жылы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында жалпы құны 55,1 миллиард теңгені құрайтын 38 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Жиында аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Олардың арасында әл-Фараби атындағы мәдениет үйі мен мектептерді, каналдарды жөндеу жұмыстары, шаруаларға субсидия беру мен балабақшаға қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.Қызылша өніміне қатысты мәселелерде назардан тыс қалмады. Кездесуде ауданның басым бағыттарында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелерді назарға алып, жұмыстарды жандандыруды жүктеді. Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс әкімі Қостөбе ауылындағы сыйымдылығы 15 мың тонналық көкөніс пен өзгеде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын «Айымкүл» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі қойманы көрді. Құс шаруашылығымен айналысатын Көктал ауылындағы «Алель Агро» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Қосақ ауылындағы 400 басқа арналған «Нұрлыжай» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасында болды. Құны 1,6 миллиард теңге тұратын фермада жылына 10 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіру жоспарланып отыр.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы» |