|

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Олжас Баққараевтың аудан халқымен кездесуі жалғасуда. Аудан басшысы өткен сәрсенбі күні Бурыл, Мырзатай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Екі ауылда да аудан әкімімен кездесуге халық көп жиналды. Кездесулерге аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әлімхан Қарымсақов, тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты. Бурыл және Мырзатай ауылдарындағы Мәдениет үйлерінде өткен кездесулерде аудан әкімі Олжас Елебекұлы ауданымызда 2025 жылы атқарылған жұмыстарды
әрбір сала бойынша жеке-жеке айтып берді. Кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары бойынша өнім өндіру 2024 жылмен салыстырғанда анағұрлым артқан. Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да жыл ішінде 236 пәтер соғылып, жекелеген азаматтар қоныс тойын тойлауда. Аудан басшысы соғылған пәтерлер қабылданып, алған соң Үкімет қаулысына байланысты «Отбасы банкке» өткізілетінін жеткізді. Олар үй кезегінде тұрғандарға үй берумен айналысатынын атап өтті. Өткен жылы ең соңғы Төрткүл, Жаңасаз ауылдарына ауыз судың берілгені, Сарыбарақ, Аққия ауылдарында жаңа мектептердің салынғаны, Базарбай, Тегістік, Дихан ауылдарында фельдшерлік-акушерлік тіректердің соғылғаны, Сарыкемерде спорт кешені, Бурыл, Қайнар, Қосақ ауылдарында шағын футбол алаңдары пайдалануға берілсе, Көктал, Мырзатай, Үлгілі ауылдарында демеушілер тарапынан балалардың ойын алаңы соғылғаны айтылды. Өкінішке орай Сарыкемер ауылындағы жоспарланған 600 орындық, Бурыл ауылындағы 300 орындық мектептердің жобалары дайын болғанымен, кейінге қалдырылды. Сондай-ақ 19 ауылға шағын футбол алаңы соғылуы қажет. Бюджет тапшылығына байланысты олар биыл соғылмайтын болып отыр. Бурыл ауылындағы кездесуде округ әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Дүйсенбаев жыл ішінде атқарылған жұмыс туралы слайдты пайдалана отырып баяндады. Бұдан кейінгі жиын сұрақ-жауап тәртібі бойынша өрбіді. Бурыл, Құмжота ауылдарының тұрғындары А.Сқақов, А.Дәрменбаева, Ж.Айтуов, Д.Садықов, К.Сармамедов, Қ.Тасболатов және тағы басқалар электр энергиясының жиі өшетінін, көше жарығы, ауыл әкімдігі мен халық арасындағы кері байланыстың жоқтығы, жер кезегінің жылжымай отырғандығы, газ қысымының аздығы, тұрмыстық қалдықтардың шығарылуы, дәрігерлік амбулаторияның жұмысы, лотокқа көпір қою, көше камераларының жұмысы, Д.Қонаев көшесіне бағдаршам орнату, ауыл арасына автобус жүргізу тәрізді мәселелерді көтерді. Аталған сұрақтарға байланысты аудандық электр жүйелерін тарату, газ учаскесі, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшылары А.Жамишжанов, Р.Құспеков, Е.Тұрсынбек, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Б.Мейірбек, округ әкімінің міндетін атқарушы Б.Дүйсенбаевтар жауап берді. Ал аудан әкімі Олжас Елебекұлы кейбір мәселелердің зерделенетінін айтып, ал кейбірін шешу үшін орынбасары Қ.Бүркітәлиев пен мекеме басшылары, округ әкімінің міндетін атқарушы Б.Дүйсенбаевқа тапсырды. Кездесуден соң аудан әкімі О.Баққараев бірнеше азаматты жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
* * * Мырзатай ауылындағы клубта өткен халықпен кездесуде аудан әкімі Олжас Баққараевтың есебінен кейін ауылдық округ әкімі Асхат Оспаналиев слайдты пайдалана отырып, жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол өз баяндамасында өткен жылы Мырзатай ауылында 120 орындық клуб, балалардың ойын алаңы соғылғаны, кіші футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгені, Дихан ауылында фельдшерлік-акушерлік тіректің пайдалануға берілгені, орта мектептің күрделі жөндеуден өткені, жекеменшік балабақшаның ашылғанына екпін салды. Сондай-ақ Дихан ауылында балық өсіру кәсібі ашылып, алдағы сәуір айында томат пастасын өндіретін цехтың пайдалануға берілетінін жеткізді.
 Жиында Мырзатай, Сеңкібай, Дихан ауылдарының тұрғындары Ә.Байгелов, Қ.Бижасаров, О.Дәрібаев, Ә.Момбаев, Ә.Серікбаевтар аудан, ауыл әкімдерінің есептеріне ризашылықтарын білдіре отырып, Сеңкібай ауылындағы егін суы, мал жайылымы, Сеңкібай каналынан өткел, малға суаттың қажеттігі, көктемде егін суының кеш келетіндігі, Қыдырбай каналына лоток қою, Сеңкібай ескерткішін жөндеуге қаржы бөлу, ауыл жанындағы 77 гектар жайылымдық жерді қайтару туралы сұрақтар қойды. Аудан әкімі О.Елебекұлы өткен жылы егін суының жеткіліксіз болғанын, биылғы жылы да ылғалдың аз түсуіне байланысты егін суы қандай болатыны белгісіз екенін атап өтті. Бізге су Қырғызстанның Киров су қоймасынан келетінін айтып, жауын-шашынның аз болуына байланысты онда қанша су жиналатыны белгісіз. Сондықтан да дихандарға КазСушар мекемесімен келісімшарт жасаспай тұрып, егін егуге болмайтынын ескертті. Ал каналдарға байланысты Сеңкібай, Назарбек каналдарындағы құрылыс жұмыстары биыл аяқталатыны айтылды. Канал бойына көпір салу, мал суатына байланысты тиісті мердігерлермен жұмыс жасалатыны жеткізілді. Жайылымдық жер ауданда өзекті мәселеге айналып отыр. Бір жылда пайдаланылмай отырған әртүрлі 7 500 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал ауыл іргесіндегі 77 гектар жердің иесі бар. Ол өз еркімен бермесе, оны алуға болмайтыны түсіндірілді. Жайылымның тарлығына байланысты малды сыртқа шығарып бағуды айтып, басқада сұрақтарға заң аясында жауап берілді. Жиын соңында округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев арнайы келіп, әсерлі әңгіме жасағаны, округ халқының сұрақтарына жауап бергені үшін аудан әкіміне алғыс айтып, алдағы жұмысына табыс тіледі. Жиыннан кейін аудан әкімі О.Баққараев бірнеше азаматты өздерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдады. * * * Кеше аудан әкімі Олжас Баққараевтың халықпен кездесуі Көктал ауылында жалғасты. Ауылдық клубта өткен жиында алдымен аудан басшысы ауданымызда 2025 жылы атқарылған жұмыстарды сала-сала бойынша баяндады. Баяндамадан байқалғандай қай салада болмасын 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы ілгерілеушіліктің болғаны байқалды. Халықтың сұрануы бойынша аудан әкімі есебінен кейін жиын сұрақ-жауап тәртібі бойынша жүргізілді. Ауыл тұрғындары ақылы қоғамдық жұмыспен қамту, жол белгісін қою, егін суы лотогы, жаңа бейітке орын беру, ескі құрылыс нысанының қауіпсіздігі туралы сұрақтар қойды. Аудан басшысы ақылы қоғамдық жұмыс облыс көлемінде шешілетінін, жол белгісі қойылатыны, лотоктың жөнделіп жатқаны, ескі құрылыс нысаны қоршалатыны, жаңа бейітке байланысты орын қарастырылатынын айтты. Жиын соңында аудан әкімі Олжас Елебекұлы бірнеше азаматты өздерінің сұраныстары бойынша қабылдады.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Бурыл, Мырзатай, Көктал ауылдары. |