|
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен жиында “Байзақ су”, Байзақ газ және Аудандық электр жүйелерін тарату мекемелерінің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жылғы міндеттері тыңдалды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиында мекеме басшылары Қуанышбек Болысбаев, Рустам Құспеков, Алтынбек Жамишжановтар рет-ретімен сөз алып, өздері басқарып отырған мекемелердің жыл ішінде атқарған жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ биылғы жылы
атқарылатын жұмыстарды да атап өтті. Мекеме басшыларын мұқият тыңдаған аудан әкімі Олжас Елебекұлы аудандағы коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жұмыстары жүріп жатқанымен әліде болса атқаратын жұмыстардың аз емес екендігін атап өтті. Атап айтқанда, ауданымыздағы барлық ауылдар таза ауыз суға қол жеткізгенімен халықтың ауыз суға қосылуы көңілдегідей емес. Ауыз суды заңсыз қосып алғандарда болса, оны жыл бойы тұтынып, ақысын төлемей отырғандардың бары да айтылды. Жекелеген үйлер ғана емес кейбір мейрамхана, кафе, мектептердің де орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмағандары белгілі болды. Аудан әкімі аталған мекеме басшылығы мен округ әкімдеріне әр тоқсан сайын кемі 2 мың үйді таза ауыз суға қосуды тапсырды. Бұл ретте арнайы журнал ашып, әрбір үйді аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты. Ауданымыздағы газ құбырларының басым бөлігі 1970 жылдары пайдалануға берілген. Сондықтанда жер асты газ құбырларының электрохимиялық қорғанысқа қарамастан бүгінде тозығы жеткен.
 Аудан халқы қарқынды өсуіне орай кейбір елдімекендерде жер үсті газ құбырларының гидравликалық есепке сәйкес келмеуінен қыс мезгілінде газ қысымы жетпей жатады. Міне осындай кедергілерден шығудың жолы 2026-2028 жылдар аралығында аудандағы газ жүйелерін жаңғырту жоспарланып отырғаны көңілге қуаныш ұялатты. Аудандық электр жүйелерін тарату мекемесі бойынша 2025 жылғы жоспар орындалған. Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 63,2 шақырым 10 кВ, 88,65 шақырым 0,4 кВ әуе желісі тартылса, 26,683 мВа 10/0,4 кВ, 6 дана 35/10 кВ қосалқы станциялар жөндеуден өткен. Сондай-ақ 300 шақырымға жуық әуе желісі, 31 қосалқы станциялар ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті. Бұлардан басқа да апаттық өшірулер орын алып, олар дер кезінде жөнделіп отырған. Аудан басшысы өзінің қорытынды сөзінде аталған жаңғырту жобасы іске асқанда ауданда 184 шақырым жердің трубасы, 42 ШРП-лар ауыстырылатынын атап өтті. Алайда оған дейін қарап отырмай тиісті мекеме басшыларына қисайып тұрған газ трубалары мен бағаналарды дер кезінде жөндеп, халыққа сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.
Сундетулла АБИЛОВ, “Ауыл жаңалығы”. |