|
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген “Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты” атты сұхбатында өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы бағыт-бағдарымыз айқындалған. Сұхбатта Президент елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаларға тоқтала отырып, ел дамуының басты бағыттарына айрықша басымдық берді. Әсіресе Президенттің биылғы жылды - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауын орынды деп
санаймыз. Өйткені сандық технология дәуірінде дамыған озық елдер қатарына енуіміз үшін барлық салаға жасанды интеллектіні енгізудің маңызы артып келеді. Биыл ел Тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Бұл жылдар ішінде еліміз жоғары жетістіктерге жетіп, дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуде. “Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы - еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс”,- деді Президент. 2025 жыл еліміз үшін де, ауданымыз үшін де табысты жыл болды. Мәселен ауданымызда өткен жылы бірнеше кәсіпорындар ашылып, көптеген азаматтар жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік нысандар салынып, қолданысқа берілді. Жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарып келеді. «Таза Қазақстан» акциясының аясында елдімекендер жаңа келбетке ие болды. Биыл да көптеген тың жобалар іске асырылып, оның игілігін халық көретін болады. Сұхбатта билік пен қоғам арасындағы ашық байланыстың маңыздылығы, көлік-логистика әлеуетін арттыру, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидатын өмірде орнықтыру, әлеуметтік масылдықтан арылу, заңсыз активтерді қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік жеңілдіктер, тағы басқа да өзекті мәселелер көтерілген. Сұхбатты оқи отырып, еліміздің жарқын болашағы әрбір азаматтың еткен еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты екендігін сезіндік. Олай болса, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға біркісідей атсалысайық дегім келеді.
Бақтыгүл Әбдібайқызы, көпбалалы ана. Түймекент ауылы. |