|
Қазіргі таңда нашақорлық – тек бір адамның немесе бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл дерт адамның денсаулығын ғана емес, оның санасын, болашағын және әлеуметтік орнын да жояды. Нашақорлықтың басты қаупі – оның тез таралуы және адамды тәуелділікке байлауы. Есірткіге әуестік көбіне жасөспірімдер мен жастар арасында кездеседі. Бұған әсер ететін факторлар – ақпараттың жеткіліксіздігі, теріс орта, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және психологиялық қиындықтар. Нашақорлық салдарынан адам оқуынан, жұмысынан айырылып, қылмысқа баруы мүмкін. Ал бұл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Нашақорлықпен күресуде ең алдымен алдын алу шаралары
маңызды. Мектептер мен колледждерде салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бұл ретте отбасының да рөлі ерекше екенін атап өткен жөн. Ата-аналар баламен ашық сөйлесіп, оның мәселелеріне бейжай қарамауы тиіс. Баланың қызығушылығын спортқа, өнерге, пайдалы істерге бағыттау – нашақорлықтың алдын алудың тиімді жолы. Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрестің алдын алу мақсатында ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылуда. Нашақорлық пен есірткі жарнамаларын, интернет адрестерін қадағалау бойынша учаскелік полиция инспекторы жұмыстар жүргізіп отырады. Қазіргі таңда нашақорлық пен есірткі жарнамаларын тарату туралы дерек анықталған жоқ. Ауыл жасөспірімдері мен мектептің жоғары сынып оқушылары арасында Қостөбе дәрігерлік емханасы қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы нашақорлықпен есірткінің адам өміріне әкелетін қаупі туралы кездесулер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мектепте және ауылдық емхана ғимаратында есірткінің адам өміріне әкелетін қауіп-қатерін суреттеген қабырға газеттері ілінген. Округке қарасты жастар ісі жөніндегі маманы А.Абишева 13 қараша күні Қостөбе ауылында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында “Қай жолды таңдайсың?” атты профилактикалық акция өткізді. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге тәуелділіктің зиянды салдарын түсіндіру және дұрыс таңдау жасауға бағыттау. Акция барысында қатысушыларға екі түрлі өмір жолы ұсынылып, арнайы ватман бетіне өз таңдауларын білдіру мүмкіндігі берілді. Жастар “Өмір жолы” бөліміне стикерлер жапсырып, есірткіге қарсы екендіктерін және саналы өмірді қолдайтындарын көрсетті. Қостөбе ауылына қарасты Қостөбе орта мектебінде қыркүйек айында “Есірткі заттарын қолданудың алдын алу” тақырыбында сынып сағаты, қазан айында “Алкогольді ішімдік - бұл қасірет” дәріс сабағы, қараша айында «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында үлкен сыныптар арасында бейнеролик көрсетілді. Мектепте ата-аналар жиналыстары өтіп, балалардың есірткіні қабылдамау үшін оның бастапқы белгілерінің қандай және оны қалай анықтауға болатыны үнемі айтылып отырады. Ауылдық округ бойынша салауатты өмір салтын насихаттау жастар орталығының маманы мен мектепке жүктелген. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында округ бойынша (күрес, волейбол, шағын футбол, дойбы, шахмат, тағы басқа) түрлі спорттық секциялар жұмыс жасауда. Осы секцияларға қатысатын ауыл жастары аудан және облыстық түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Нашақорлық және есірткі бизнесіне қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауыл көшелері түнгі жарықпен жарықтандырылған. Аулие-ата көшесінің бойында орналасқан «Камшат» супермаркеті алдында адам көп шоғырлануына байланысты бейнебақылау камерасы орнатылған. Мешітте және ауыл жиындарында осы тақырып бойынша сөз қозғалып, түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Өзбек ЕСБОЛАТ, Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының маманы. |