|

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әрі ауданымыздың Байзақ баба есімін иеленгеніне 30 жыл толуына орай Сарыкемер ауылында он екі отбасыға баспана берілді. Ауылдағы Қ.Орынқұлов көшесінің ІІ бұрылысындағы алқапқа салынған жаңа үйлердің кілттерін тапсыруға байланысты «Жаңа баспана – жарқын болашақ» тақырыбында іс-шара өтті. Онда алдымен аудан әкімі Олжас Баққараев тұрғын үй иелерін қуаныштарымен құттықтады. -Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғашқы кезекте осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қолға алынған еді. Аудан бойынша осындай 236 үй соғылуда. Енді міне солардың алғашқыларын табыстағалы отырмыз. Бұл үйлердің құрылысын жеке кәсіпкер Алмас Үргебайұлы толық аяқтап, тұрғын үйлер республикалық және аудандық
бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» аясында үйлер салына беретін болады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!,- деген аудан басшысы үйлі болғандардың дендеріне саулық, балаларының үлкен азамат болуына тілек білдірді. Содан соң ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға салтанатты жағдайда 2-3 бөлмелі үйлердің кілтін табыс етті. Жаңа пәтерге ие болғандарды «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтановта құттықтап, алдағы уақыттарда осал топтағы отбасыларға үй беру тәртібі жеңілдейтінін жеткізді. Сондай-ақ осал топтағы отбасыларға баспана беруді біздің ауданымыз алғашқы болып бастағанын атап өтті. Бұл – жаңа жүйенің бастамасы екендігінде айтты. Пәтер алушылар атынан көпбалалы ана Түймегүл Жақсылықова сөз алып, өздеріне осындай баспана сыйлап отырған аудан, облыс басшыларына алғысын айтып, Жаңа жыл мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімі бастаған іс-шараға қатысушылар жаңа үйлерді көре бастағанда ақжаулықты аналар шашу шашты. 2-3 бөлмелі пәтерлер жылы, жарық, ауыз суға, газға қосылған. Үй маңында бау-бақша егуге арналған үш соттықтан жерлері де бар екен. Ауданда осылайша басқа да үй кезегінде тұрған осал топтағы отбасылар кезең-кезеңімен тұрғын үйге қол жеткізе беретін болады.
Сүндетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». Сарыкемер ауылы. |
|
Обновлено 30.12.2025 16:38 |