Онлайн газет



МӘДІМАР АУЫЛЫНДАҒЫ АРКА АШЫЛДЫ

Өткен аптада Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылында ауыл азаматтарының бастамасы, ауыл тұрғындарының қолдауымен заман талабына сай айшықты арка құрылысының аяқталып, ел игілігіне берілуіне арналған іс-шара өтті. Оған қатысушылар көп болды.
Тәрбиемен тамырлас, өнегемен өрнектес іс-шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиевке берілді.
-Ауылдарыңызда бой көтеріп отырған заманауи жаңа арканың ашылуымен құттықтаймын! Бұл арка - жай ғана құрылыс нысаны емес, ауыл халқының бірлігі, ынтымағының және туған жерге деген шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі.
Бес айға созылған арка құрылысы ауыл кәсіпкерлері мен тұрғындарының демеушілігімен жүзеге асырылды. Бұл ауыл халқының ұйымшылдығы мен елжандылығының нақты дәлелі.
Бұл ауыл бұрыннан тазалығы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуымен өзге ауылдарға үлгі болып келе жатқанын жақсы білеміз. Соның бір дәлелі 2020 жылы облыстық “Үлгілі ауыл” байқауында жүлделі екінші орынды иеленді.
Бүгінгі ашылып отырған арка сол жетістіктердің жалғасы болсын. Арка ауылдың ажарын ашып қана қоймай, келер ұрпаққа үлгі болатын, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыратын символдық нысанға айналсын деп тілеймін. Осы игілікті іске атсалысқан барша ауыл кәсіпкерлеріне, белсенді азаматтарға, ақсақалдар мен жастарға аудан әкімдігі атынан шынайы алғысымды білдіремін. Елдің бірлігі бекем, тірлігі берекелді болсын!
Келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!,- деген Қуаныш Қалмаханұлы аталған тірлікке мол үлес қосқан ауыл азаматтары, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жамбыл Дәулетов, Ырысбек Қосыбаев, Садық Шохайбаевтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары Жамбыл облыстық «Ауыл»  партиясының мүшесі Алтай Райқұлов пен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жамбыл Дәулетов ізгі тілектерін білдірді.
Жиналған көпшілікке мектеп оқушылары өздерінің жыр-шумақтарын арнаса, ауылдың кимешек киген аналары жырдан шашу шашты.
Арканың ашылуына арналған лентаны аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен ауыл ақсақалы Кеңесбек Нұрдинов қиған бетте аналар жағалай шашу шашты.
Арка жанындағы Ынтымақ ауылдық округінің төлқұжатыда өзінің әсемдігімен ерекше көз тартады. Ондағы Мәдімар ауылының әлеуметтік - экономикалық паспорты мен Мәдімар ауылының картасынан көптеген мәліметтер алуға болады.
Іс-шараға қатысқандар ауылдық мешітте жайылған дастарханнан дәм татып, оқылған құранға қол жайды.

Сундетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
“Ауыл жаңалығы”.
Мәдімар ауылы.

Обновлено 30.12.2025 16:35
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1787
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26374
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда78918
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3456987

Серіктестер