|
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін «көш» ұғымы ежелден қасиетті саналған. Көш тек бір жерден екінші жерге қоныс аудару ғана емес, ол – өмір сүрудің, дамудың, алға жылжудың символы. Сол көштің басында тұрған адам әрдайым ерекше бағаланған. Өйткені көшбасшы– елді соңынан ерте алатын, бағыт-бағдар көрсете білетін, жауапкершілігі жоғары тұлға. Бүгінгі таңда қоғам да, заман да өзгерді. Қазіргі кезеңде көш – ойдың, білімнің, жаңашылдықтың көшіне айналды. Сондықтан да бүгінгі қоғамға тек білімді ғана емес, өзгеріске бейім, басқарушылық қабілеті жоғары, жаңа жағдайға тез икемделе алатын көшбасшылар қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім беру саласы -
ел дамуының стратегиялық негізі. Ал сол саланы ілгері бастайтын-кәсіби әрі заманауи ойлайтын кадрлар» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы қолға алынды. Аталған жоба білім беру ұйымдарының басшылары мен басқарушы кадрлардың әуелетін арттыруға, басқару мәдениетін жаңғыртуға бағытталған. Жоба теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, тыңдаушылардың кәсіби құзыретін, стратегиялық ойлауын, көшбасшылық қасиетін дамытуға негізделген. Аталған жоба аясында ауданымыздан қатысып, іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өткен азаматтардың бір- Марс Абдықалиев. Марс Джанатұлы 1988 жылдың 18 желтоқсанында Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Ғ.Мұратбаев гимназия атындағы тәмамдаған соң, Тараз инновациялық мемлекеттік университетінде «Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Еңбек жолын 2008 жылдан бастап әртүрлі салада жалғастырып, «Қазфосфат» кәсіпорнында, Н.Ақшабаев атындағы, Гагарин атындағы орта мектептерде қызмет атқарды. 2020 жылдан бері №4 мектеп-лицейінде директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. «Өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы 2025 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында өтті. Ақпан айында үміткерлерден құжат қабылданып, сәуір айында психологиялық тестілеу кезеңі өткізілді. Одан кейін оқу процесі басталып, әр кезең сайын қатысушылар рефлексиялық есеп тапсырып, келесі деңгейге өтіп отырды. Жоба үш кезеңнен тұратын тестілеу мен жазбаша жұмыстарды қамтып, соңғы кезеңде жеке сұхбат өткізілді. Барлық сынақтан сәтті өткен Марс Джанатұлы Астана қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан «Өзгерістің 1000 көшбасшысы» сертификатын иеленді. Айта кету керек, бұл жобаға Жамбыл облысы бойынша 2324 адам құжат тапсырған. Соның ішінен небәрі 20 үміткер ғана соңына дейін жетіп, сертификат алды. Ауданымыздан 12 адам қатысып, олардың екеуі ғана осы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бағдарлама барысында қатысушылардың басқарушылық құзыреті, функционалдық және қаржылық сауаттылығы, психологиялық тұрақтылығы, стратегиялық жоспарлау қабілеті жан-жақты бағаланды. Сонымен қатар мектептегі өзгерістерді басқару, командалық жұмыс, тиімді коммуникация орнату, білім беру ұйымының даму бағытын айқындау секілді маңызды тақырыптар қамтылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Білімді ұрпақ-ел болашағының кепілі». Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін, білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеретін мамандардың кәсіби дамуы – аса маңызды мәселе. Осы тұрғыда «Өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы-білім саласына тың серпін беретін, басқару мәдениетін жаңғыртатын маңызды бастама. Марс Абдықалиевтің бұл жетістігі – жеке еңбектің ғана емес, ауданымыздағы білім беру саласының әлеуетін айқындайтын көрсеткіш. Өзгеріске бейім, жаңашыл ойлайтын мұндай көшбасшылар-қоғам дамуының қозғаушы күші екені сөзсіз.
Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». Байзақ ауылы. |