|
2025 жыл мен үшін үлкен жауапкершілікке, ізденіске және нәтижелі еңбекке толы кезең болды. Әлеуметтік салада қызмет ету – жай ғана мамандық емес, бұл әрбір жанның тағдырына бейжай қарамай, қолдау мен жанашырлық көрсете білу деген сөз. Осы жолда маған артылған сенім мен көрсетілген қолдау ерекше қуат берді. Мен 1995 жылдың 13 ақпанында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келдім. Бүгінде аудандық орталық емханада әлеуметтік қызметкер ретінде еңбек етіп, Сарыкемер ауылының тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету бағытында қызмет атқарып келемін. Әрбір өтініш пен тағдырға бейжай қарамай, көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету – менің басты ұстанымым. Жыл қорытындысы мен үшін қуанышты жаңалықпен есте қалды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жамбыл облысы әкімінің
«Әулиеата үздігі» жастар сыйақысының «Үздік жас әлеуметтік сала қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атану – менің еңбегіме берілген жоғары баға деп білемін. Бұл марапатты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің табыстауы мен үшін үлкен мәртебе болды. Аталған сыйлық өңірдің дамуына үлес қосып жүрген, кәсіби жауапкершілігі мен адалдығымен ерекшеленген жас мамандарды қолдауға бағытталған. Мұндай қолдау мені алдағы уақытта да өз ісіме бар күш-жігерімді салуға, кәсіби деңгейімді үнемі жетілдіруге ынталандырады. Осы орайда маған сенім білдірген басшылыққа, әрдайым қолдау көрсеткен әріптестеріме және тұрғындарға шынайы алғысымды айтамын. Әрбір алғыс сөзі мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа жыл қарсаңында барша әріптестерімді, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерін, аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық, мол береке мен жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Алдағы жыл баршамыз үшін табысты әрі игі істерге толы болсын!
Арайлым ҮЙКЕКБАЙ, әлеуметтік қызметкер. |
|
Обновлено 30.12.2025 16:24 |