Онлайн газет



ШЫРЫН ШЫҚҚАН БЕЛЕСТЕР

Шырын Қапарованы ең алғаш рет ауылдағы аналар алқасының жиынында көрдім. Ол кезде менің зейнеткер болғаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Аналар алқасына мүше де емеспін, барған кісілердің дүрмегіне ілесіп барып қалғанмын. Жиналыста ауданнан сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков пен аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарова келіп, ел алдына шығып сөйледі.
Шырынның шеберлікпен түсіндіре сөйлеген сөздері менің жандүниемді баурап әкетті. Сол жерде мен алғаш рет ойландым. “Ойпырмай зейнетке шықтық, қартайдық деп жүрсек әліде болса халыққа, елге пайдамызды тигізуге болады екен-ау” деген ой ойыма келді. Осы ой мені  180 градусқа бұрып әкетті.
Кейін таныса келе Шырын екеуміз Сарыкемер ауылындағы бір мектепте, мен бір сынып төмен оқыған екенмін. Міне сол бір кездейсоқ барған жиналыс, сол жиналыста сөйлеген аудандық аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарованың майда сөзі елді ұйытып жібергені бар.
Қапарова Шырын Мамашайқызы өз ауданымыздың Абай ауылында 1960 жылы өмірге келген. ТАРМУ-дың филология факультетін қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Свердлов аудандық партия комитетінің саяси ағарту бөлімінен бастады. Кейін  аудан мектептерінде қатардағы мұғалімнен бастап, басшылық қызметтерге дейін көтерілген білікті ұстаз. Түймекент, Пушкин,Гагарин атындағы мектептерде басшылық қызметте болған Шырын Мамашайқызының өз ісінің майталман шебері екендігін оның алған көптеген Алғыс хаттары мен басқада марапаттары, наградаларынан көруге болады.
2018 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Шырын Мамашайқызы үйде қарап отыра алмады. Аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттерін көрсете білді.
2022 жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар кеңесіне басшылық етіп келеді. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Республикалық қозғалысы бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы қызметін де бірге атқарып келе жатқан ардагер ұстаздың елге сіңіріп келе жатқан еңбегі орасан. Осының айғағы ретінде айтар болсақ, 2014 жылы облыстық “Бастауыш ардагер ұйымдарының жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру” атты семинарда аналар ісінің еңбегі жоғары бағаланды. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының ауданымызда 2 жылдық мерекесінің сән-салтанатпен мазмұнды атап өтілуі, биылғы “Жеңіс туы желбіресін” деген атпен өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, ардагерлер байқауында аудан аналарының жүлделі 2-орын алуын айтсақ болады. Сонымен қатар аудан аналары отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, қазақ тіліміздің өркендеуі мен ұлттық салт-дәстүріміздің жаңғыруы мен есте сақталуы үшін өз үлесін қосып келеді.
Аудандық кәмелетке жасы толмағандардың тәрбиелік ісі, отбасындағы зорлық-зомбылықтар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелерін қолдау, ата-анасынан айырылған толық емес отбасы балаларын назарда ұстап, қорғау, денсаулығы нашар зейнеткерлерге көмек беру, тіпті балабақша бүлдіршіндерін  ертегі, ойын, әңгімелер, өлеңдер айту арқылы тәрбиеге тарту да аналардың назарында. Облыстық “Қызыл Ай” қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыста болып, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен отбасылардағы балалар мен жалғызбасты аналарға ұдайы қайырымдылық көмек ұйымдастыруда. Оқу жылының басталуы да, жәрдемге мұқтаж оқушыларға оқушылар формасы, сөмке, оқу, жазу құрал-жабдықтарын әперіп, көмек қолын созуда.
Сонымен қатар, түрлі спорттық жарыстарға қатынасып, жүлделі орындарға ие болып жатқанының да жастарға тәрбиелік мәні зор. Ауыларалық мәдени іс-шаралар да аналар кеңесі қолдауын көріп жатыр. Аудандағы кәмелетке жасы толмағандар арасында көптеген тәрбиелік жиналыстарға қатысып, ақыл-кеңесімен бөлісіп, көптеген отбасылардың дау-жанжалдарында отбасын сақтап қалуына себепкер болуда.
Ауданымызда атқарылып жатқан мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүріп, тіліміздің шұбарланбауы үшін, ұлттық салт-санамыздың ұмытылмай жастар санасына сіңімді болуы үшін халық әндерін, мақал-мәтелдерін, ақындардың өлеңдерін сахна төрінде кеңінен насихаттауға да атсалысуда. Оған бір мысал, Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына байланысты аналардың аудан көлемінде және ауылдарда, мектептерде өткізген Абайдың қарасөздері оқуларын айтуға болады. Онда ұлы ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Шырынның басшылығымен өткен мұндай іс-шараларды айтып тауыса алмаймыз.
Жақында Шырын Мамашайқызы тағы бір  үлкен жетістікке қол жеткізді. “Қазақ аналары - дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында IV Республикалық “Абысын-ажын” байқауы өткен болатын. Аталған байқауға Шырын басқарған ауданымыздың Диқан ауылындағы өсіп-өнген, елге сыйлы Мамырайымовтар әулетінен құрылған “Әулиеата аналары” тобы Жамбыл облысының намысын қорғап, 14 облыс аналары арасында жүлделі екінші орынды иеленді. Әрине бұл үлкен жетістік. Мұнда да бір әулеттің 10 келінін екі ай бойы байқауға дайындап, оларды Қызылордаға апарып, әкелуде де біз сөз етіп отырған Шырын Мамашайқызының еңбегі көп.
Аудан әкімі Олжас Баққараев Ш.Қапарова бастаған 10 кимешек киген ананы арнайы қабылдап, сый-құрмет жасағанын аудандық газеттен оқыған едік.
Халық игілігі үшін, ұрпақ болашағы үшін атқарылып жатқан іс- шаралардың бәрінің басында, аудан көлеміндегі 80-нен астам аналарды ұлы істерге ұйыстыру деген зор белсенділікті, ерен еңбекті қажет ететін басшылық жұмыста білікті төрайым Қапарова Шырын Мамашайқызы тұр. Шырын-біздің досымыз, білгір басшымыз, аналардың  мақтанышы, іскер ана.
Біз Шырынға ұзақ өмір, зор денсаулық, отбасы шаттығын және қоғамдық жұмысының жемісін көруді тілейміз.

Майра САТЫБАЛДИЕВА,
аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары.
Үлгілі ауылы.

Обновлено 30.12.2025 16:21
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1944
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26531
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда79075
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3457144

Серіктестер