|
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БОЛДЫ

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Ең әуелі Президент аймақтағы «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты.Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді. Президентке медициналық препараттар мен дайын өнім түрлерін шығаратын негізгі цехтың жұмысы көрсетілді. «Әмір және Д» ЖШС-і әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрін шығарады. Бұл өнімдер В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады. Кәсіпорынға тиесілі медициналық бұйымдардың 200-ден аса атаулы түрі бар. Бүгінде серіктестікте 94 қызметкер еңбек етеді. Мемлекет басшысына «Super-pharm» фармацевтикалық компаниясының жұмысы туралы да ақпарат берілді. Бұл – елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауытта 600-ден аса
еңбеккер жұмыс істейді. Компания отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, кәсіпорын түрлі операциялар үшін хирургиялық және процедуралық жиынтықтарды, медициналық бетперденің барлық түрін, бірреттік қорғаныш киімін, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Сонымен қатар медициналық шприцтер, инфузионды және қанды қайта құюға арналған система құралдары, басқа да өнімдер дайындалады. Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті. Келесі кезекте Президентке Жамбыл облысына инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы индустриаландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді. Жыл басынан бері өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған. Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді. Алдағы уақытта пайдалануға берілетін ShengtaiBiotechCo.Ltd жүгері өңдеу зауыты жөнінде де баяндалды. Шу ауданындағы бұл жобаға 1,5 миллиард доллар инвестиция салынған. Сонымен бірге Байзақ ауданындағы ZhongkaiKazakhstanInternationalCompany қант зауыты құрылысы жайында мәлімет берілді. Бұдан бөлек, KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді. Бұдан кейін Президент DalaGlass әйнек өндіретін кәсіпорын қызметімен танысты. Зауыт биыл жазда іске қосылған. Жобаға салынған инвестиция 1 миллиард теңгені құрайды.Жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығару жоспарланып отыр. Бүгінде аталған нысанда 50 адам жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы мамандандырылған әскери мектеп-интернатының қызметімен де танысты. Президент оқу кабинеттері мен спорт залын аралап көрді.Мекемеде 180 бала білім алып, интернатта тұрады. Мектеп жас өскіндерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7-11 сыныптарға арналған. Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботты техника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады. Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады. Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Іс-шара соңында Мемлекет басшысы білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы жүрек соғысының бұзылуын жедел емдеуге маманданған медициналық мекемеге де барды. Өңірдегі бірегей орталық жүректі радиожиілік пен криоаблация тәсілдерімен емдейді. Мемлекет басшысына клиниканың кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек, соның ішінде жоғары технологиялық араласу арқылы дәрігерлік жәрдемнің толық спектрін көрсете алатыны жөнінде баяндалды. Мекеме бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ 47 орындық стационар бар. Орталыққа құйылған жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады. Президент сапары соңында Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесті.Жиын барысында Мемлекет басшысы Әулиеата өңірі жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып жатқанын атап өтті. – Ең алдымен, баршаңызды көргеніме өте ризамын. Мен бүгін Таразға жұмыс сапарымен арнайы келдім. Жалпы, Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті. Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Тараз-ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала. Бұл – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер. Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мың жылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиғалар болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр. Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артуда. Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді. Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалғанын тілге тиек етті. – Жаһандағы ахуалды көріп отырсыздар. Заман күрделі, болашақ бұлыңғыр болып барады. Соған қарамастан, еліміз бейтарап ұстаныммен байсалды сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Бұл Қазақстанның дамуына қолайлы жағдай жасауда. Елімізде түбегейлі жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа жасалды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заңға аса маңызды түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі арта түсті. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтарымыз стратегиялық маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене араласа бастады. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды. Ең бастысы, халық реформаның игілігін көріп жатыр, өзгерістің әсерін нақты сезініп отыр. Сонымен қатар қазір экономикамызда түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біз ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 миллиард доллардан асты. Биыл «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты -Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр. Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір. Біз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет. Осы жылы 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделуде. Әуе қатынасын дамыту ісіне де баса мән беріліп жатыр. Әлемнің ірі қалаларымен тікелей қатынас орнатылып жатыр, 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Осылайша, Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл – стратегиялық маңызы бар мақсат. Сондай-ақ интернет еліміздегі азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болды. Қазақстан – Starlink желісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Еліміз құрылыс саласында зор табысқа жетті. Биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды. Кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Бірінші қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Облыстардағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл жоба, ең алдымен, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бизнесі мықты мемлекеттің халқы бақуатты, қоғамы тұрақты болады. Бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер 4,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Өндіріс саласы тың серпінге ие болды. Елімізде белгілі шетелдік және отандық компаниялар ойдағыдай жұмыс істеп жатыр, ірі өндіріс орындары ашылуда. Биылдың өзінде 33 зауыт іске қосылды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Диқандарымыз екі жыл қатарынан рекордтық деңгейде мол астық жинап, қамбаны толтырды. Мемлекет шаруаларға қаржылық қолдау көрсетудің оңтайлы жолдарын ұсынып жатыр. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін диқандарға жеңілдікпен несие берілетін болды. Биыл осы мақсатқа 1 триллион теңге қаржы бөлінді. Бұл – осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Дегенмен Үкімет ауыл шаруашылығының тиімділігі бойынша белсенді түрде жұмыс істеуі керек, қомақты қаражатты субсидия ретінде беру ең жақсы тәсіл деп айтуға болмайды. Осы аймақтағы көрші елдерде мұндай көмекті ешкім бермейді. Тегін деген ұғым мүлдем жоқ, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ахуалға да назар аударды. -Қазақстан қауіпсіз ел ретінде қалыптасуда. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығып жатыр. Екі күн бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы әңгімелестім, ол да заң мен тәртіп саясатын жүзеге асыруда, қылмысқа, тәртіпсіздікке жол бермейміз деді. Осындай саясаттың нәтижесінде соңғы бес жылда елімізде аса ауыр қылмыстар едәуір азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша көрсеткіштер де төмендеді. Қоғамда жанашырлық пен қамқорлықты, тазалық пен жауапкершілікті арқау еткен жаңа мәдениет қалыптасып келеді. Қазақстан көршілермен және барлық мүдделес мемлекеттермен дәйекті түрде достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Ол – елдің егемендігін нығайту, Қазақстанның қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әр кездесу, бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін арттырып, экономикалық әлеуетін күшейтеді. Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Бізге бұдан қалыс қалуға болуға болмайды. Орталық Азиядағы және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі ел саналамыз. Алайда Үкіметке сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті, ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет. Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда. «Орталық Азия плюс» форматына сұраныс артып келеді. Биыл аймақ елдері Еуропа Одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді. Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Инвестициямен бірге жаңа технология, білім келеді, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Қазақстан тауарлары мен отандық бизнеске кез келген шекара ашық. Сондықтан барша шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру – заман талабы, тіпті, өмірлік қажеттілік. Осылайша, Қазақ елі жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Біз осы бағыттан таймай, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс екенін атап өтті. – Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет. Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды. Өздеріңіз білесіздер, биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін,-деген Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.
Аkorda.kz |