|

Ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ерекше балаларға арналған жаңа жылдық мерекелік кеш «Айдын» мейрамханасында өтті. Ізгілік пен мейірімге толы шара балалардың жүздеріне шаттық ұялатып, жүректеріне үміт сыйлады. Мерекелік кеште сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. – Сіздерді келе жатқан Жаңа- 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – әр баланың жүрегіне қуаныш, үміт пен шаттық сыйлайтын ерекше мереке. Бүгін әсем безендірілген шырша жанында сіздердің шат күлкілеріңізді көру біз үшін үлкен бақыт. Елімізде әр баланың назардан тыс қалмай, қажетті әлеуметтік қолдау алуына бағытталған
жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әрқайсыңыздың жүрегіңізде мейірім, талпыныс пен үлкен арман бар. Біз сіздердің денсаулықтарыңыз мықты болып, жүздеріңізден күлкі кетпей, армандарыңыздың орындалуын тілейміз, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар, аудан әкімі Олжас Елебекұлы ерекше балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Баланың әрбір жетістігі – қоғам мен мемлекеттің ортақ еңбегінің нәтижесі екенін жеткізді. Ата-аналар мен әлеуметтік сала мамандарына да ерекше тоқталып, жанашырлық пен төзімділікті талап ететін еңбектері үшін алғысын білдірді. – Құрметті ата-аналар мен әлеуметтік сала мамандары! Ерекше балаларға көрсетіп жүрген мейірімге толы еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Балалардың әрбір жетістігі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың жемісі, – деді Олжас Елебекұлы. Кеш барысында аудан әкімі жаңа жылдық шыршаға жиналған балаларға арнайы дайындалған жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етті. Бүлдіршіндер Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақшақарды шаттықпен қарсы алып, тақпақ айтып, ән салып, өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік кеш Балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушілері мен кішкентай бүлдіршіндердің әсем ән-билерімен жалғасын тауып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |
|
Обновлено 26.12.2025 11:36 |