|
Тұрғын үй секторында өрттің болуына жол бермеу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Іс-шара барысында ауыл тұрғындарына «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Газ және электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары», «Сіріңкелер балаларға арналған ойыншық емес», «Балаларды қараусыз қалдырмау» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған жадынамалар
үлестіруде. Жылыту маусымында өрттің негізгі себебі — жылу жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып табылады. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақтау арқылы өрттің алдын алуға болатындығын естен шығармаңыздар. Әрбір ауыл тұрғыны пештер, қазандықтар және басқа да жылу беру құралдары мен жүйелерін тексеруден өткізіп тұрғаны абзал. Жарамсыз пештер мен басқа да жылу беру құралдарын пайдалануға тыйым салынады және жағылған пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Ал, тұрмыстық газ қондырғыларын ережеге сай орнатып, пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын естен шығармаған жөн. Сонымен қатар электр өткізгіштердің, ажыратқыштардың және ток көздерінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, электр аспаптарын бір нүктеге қосуға жол бермеу қажет (бұл электр желісінің шамадан тыс қуаттығына әкеп соқтырады). Сіріңке мен жандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыздар. Өрт-тілсіз жау. Ол кез келген уақытта қауіпсіздік пен техникалық ережелерді сақтамаған кезде орын алатын жайт. Кейде пештің тартпай қалуы, немесе саңылауларынан от қашуы салдарынан орны толмас қайғыға, материалдық шығынға әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасауы керек.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі. |