Онлайн газет



ӨМІРІ ӨНЕГЕ, ЕҢБЕГІ ҮЛГІ ЖАН

Адамның қоғамдағы орны жасаған жасының ұзақтығымен емес, пайым-парасатымен, адамдарға жасаған жақсылығымен, өзі өскен ортасына сіңірген елеулі еңбегімен бағаланады.
Ауылдан ұзамай-ақ адалдық деп аталатын ардағына дақ салмай, әділдік деп аталатын тұнығын лайламай, дастарханын даласының кеңдігімен өлшеп, ұлдарын нарға, қыздарын арға балаған, имандылықты қоныс, сыйластықты өріс етіп, салиқалы ғұмыр кешкен кісілер ауданымызда аз емес.
Сондай азаматтардың бірі-Үлгілі ауылында тұратын, өз өмірінің 40 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Фазыл Шаухаров.
Шаухаров Фазыл Сұлтанқұлұлы 1955 жылы 31 желтоқсанда ауданымыздың Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1972 жылы аудан орталығында орта мектепті, ал 1977 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан.
“Алты Алаштың баласы бас қосса, төр-мұғалімдікі” деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі қай кезде де маңызын  жоймайтыны анық. Міне мұны жастайынан оқып, білген Фазыл ағай бұл мамандықты бекерден-бекер таңдаған жоқ.
Диплом қолға тиісімен алғашқы еңбек жолын шалғайдағы Мойынқұм ауданының Аманкелді атындағы орта мектепте мамандығы бойынша бастауға тура келді. Жердің шалғайлығы, қысының қатал, жазының аптап ыстығы әсер етті ме ағамыз мұнда бар болғаны бір жыл қызмет етіп, ауданымыздағы Жамбыл атындағы орта мектепте екі жыл жұмыс істеді.
“Кез келген қиындық, жаңа мүмкіндікке жол ашады” деген жақсы сөз бар. Солай айтылғандай сырт жерде кездескен қиындықтар өз ауылына келгенде жемісін бере бастады.
Аталған екі мектепте жұмыс істеп азда болса тәжірибе жинақтаған Фазыл Сұлтанқұлұлы 1980 жылы алғашқы оқу жылы басталғанда өз ауылындағы өзі оқыған Үлгілі орта мектебіне алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып орналасты. Міне содан бастап 2019 жылы зейнетке шыққанға дейін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін үзіліссіз атқарып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие бере білді. Аталған мектептегі 39 жылдық еңбегінде 14 жыл мектеп директоры болғанын айта кеткен орынды. Ал бұл айтуға ғана оңай болып отыр.
-”Ұстаз-ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”,-деген еді күні кеше ғана 115 жылдығы атап өтілген, халқымыздың ұлы перзенті, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы.
Үлгілі орта мектебінде қызмет еткен жылдары оқу-тәрбие жұмыстарын жоғары талап деңгейіне қойып, ұстаздардың сабақты сапалы өткізуіне, теория мен практиканы ұштастыра жүргізуге қол жеткіздік. Мұғалімдердің кәсіби-теориялық шеберлігін арттыру тұрақты назарда болды. Оқушылардың жан-жақты дамуы жолында сабақтан тыс әртүрлі тақырыптарда жарыстар ұйымдастырылды.Соның нәтижесінде аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға оқушыларымыз қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрді,- дейді Фазыл ағай өткен күндерді еске алып.
Иә, мектепте атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмей оқумен бірге тәрбиелік жұмыстарда жандана түсті. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып отырды. Мектеп күрделі жөндеуден өтсе, мұнда да мектеп басшысы болған Фазыл Шаухаровтың еңбегі көп болды.
Басшысының тиісті талабының арқасында оқушылардың сабақ үлгерімі артып, білім сапасы көтеріле түсті. Аудан мектептері арасында алдыңғылар қатарына қосылды. Мәселен, мектеп оқушылары 2016-2017 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тесте орташа балл 95, ал келесі оқу жылында 93,4 баллдық көрсеткішке қол жеткізді. Мектеп бітірушілердің 60 пайызы мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, мұнда мектеп ұстаздарының еңбегі мол. Шәкірт жетістігі - ұстаз еңбегінің жемісі дегенде осы болар.
Білім саласындағы еткен еңбек ешқашанда елеусіз қалмады. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Бұлардан басқа да әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Олардың арасында аудан, облыс әкімдері мен аудандық, облыстық білім бөлімі, басқармаларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да бар.
Фазыл Сұлтанқұлұлы зейнетке шыққаннан кейін үйінде қарап отыра алмады. Ол мектепте жүргеннің өзінде  қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүретін. Үлгілі сайлау учаскесінің төрағасы қызметін бірнеше жыл атқарып, Қазақстан Республикасы Президентінің, ҚР Парламенті мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары сайлауының өз деңгейінде өтуіне айтарлықтай үлес қосқанында айта кеткен орынды. Ол сайлаудың өтуі ғана емес алғашқы сайлау жүйесінің қалыптасуына, сайлау органдарының кәсіби деңгейін арттыруға да сүбелі үлес қосты. Бұл үшін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б. Имашевтің, ҚР  бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Фазыл Шаухаров өзіне тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарып, қай жерде қандай қызмет атқарса да алғысқа кенеліп отырды.
Білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ауылға сыйлы Фазыл ағаға ауылдастары үлкен сенім көрсетіп, 2020 жылы Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлады. Міне содан бері ол ауылдың ауызбіршілігі, ел арасындағы тыныштық, әсіресе жастар арасындағы тәрбиеге ерекше назар аударып келеді. Өзі басқарып отырған ұйымның ұйытқысы бола отырып, ауылдағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп отыруды әдетке айналдырған. Округтегі мемлекеттік және кәсіби мерекелер, әртүрлі іс-шаралардың да ортасынан табылып, оның өз дәрежесінде өтуіне көп күш жұмсайды. Округ ардагерлері аудандық, облыстық ардагерлер арасында өтетін өнер, спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орындардан  көрініп жүр.
Фазыл ағайдың  қоғамдық жұмыстардағы белсенді қызметтері де атаусыз емес. Олардың арасында 2019-2023 жылдар аралығында «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподақ ардагері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы атағы бар.
Жаңа жыл қарсаңында 70 жасқа толатын ардагер-ұстаз, қадірменді қария Фазыл Шаухаров зайыбы Күлпаршын Қалзабекқызы екеуі үш ұл, бір қызынан бірнеше немере сүйіп отырған бақытты жандар. Жоғары білімді ұлдары мен қызы өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етуде.
Сөйлеген сөзінен қашанда жылылықтың лебі есіп тұратын ардагер ұстаз Фазыл ағайды Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келген 70 жастық мерейтойымен құттықтаймыз!

Сундетулла АБИЛОВ,
“Ауыл жаңалығы”.
Үлгілі ауылы.

Обновлено 26.12.2025 11:08
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1738
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26325
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда78869
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3456938

Серіктестер