|

Ғасырдан жұмбақ ашқан талай кісі, Сырың мол, мұраң ғажап арайлысың. Сан ұрпақ сусындаған кітапхана, Сарқылмас парасаттың сарайысың»,-деп ақын Ақұштап Бақтыгереева жырлағандай, кітапхана - ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Адамға рухани байлық сыйлап, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын - кітапхана. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, оқырманды кітап мұхитына жетелейтін
- әрине кітапханашылар. Кітапханаларда қоғамның қойған талаптарына сай бола алатын білімді, шығармашыл, өзгерістерді дер кезінде көріп, дұрыс шешім қабылдай алатын жоғары деңгейдегі мамандарды зерделеу, ауылдық кітапханашылардың біліктілігі мен кәсіби деңгейін анықтау - басты міндет. Ауыл кітапханаларының өңір тұрғындарына бүгінгі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету деңгейін анықтау мақсатында «Әулиеата - кітап оқитын өңір» жобасы аясында аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жылдың үздік кітапханашысы» аудандық байқауы өтті. Айтулы сайысқа қатысушылар «Кітапханашы - мәртебелі мамандық», «Жаршысы болып игі істің», «Үздік виртуалды кітап көрмесі», «Мамандығым- мақтанышым», “Шабыт”аталымдары бойынша сынға түсіп, өздерінің білім- біліктіліктерін көрсете білді. Қазылар алқасының шешімімен Түймекент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Миригул Дуйшекова бірінші,Жібек жолы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Тұрсынай Тұрғынбай екінші , Аймантөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы Асима Ибраймова үшінші орынды иеленді.
“Ауыл жаңалығы”- ақпарат. |