|
Мемлекетімізде халықтың қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасы. Бұл жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, қарыз жүктемесін азайтуға және қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты қолдау көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары несие ауыртпалығын жеңілдету бағытында бірқатар жүйелі шаралар
қолға алынды. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың несиелерін кешіру тетіктері іске қосылып, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Сонымен қатар, халықтың несиеге тәуелділігін төмендетуге бағытталған жаңа заңнамалық түзетулер әзірленуде. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл күрделі әлеуметтік мәселені түбегейлі шешу үшін қоғамда жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыру қажет. Осы мақсатта «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды толығырақ білу үшін “AMANAT” партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиевамен сұхбаттасқан едік. – Индира Әбілханқызы, “Amanat” партиясының бастамасымен қолға алынған “Қарызсыз қоғам” жобасының басты мақсаты қандай? – Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Яғни, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау, шығындарды басқару, қаржылық жоспар құру, депозит пен несие шарттарын түсіну секілді маңызды білімдерді азаматтарға үйрету. Сонымен қатар, шамадан тыс закредиттелудің алдын алу және қарыздан шығу жолдарын көрсету-жобаның басты бағыттарының бірі. Жоба аясында азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсетіледі, оның ішінде проблемалық қарыздарды реттеу бойынша кеңес беріледі. «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдан бастап елімізде белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның маңыздылығын атап өтіп, оны жалпыұлттық деңгейге шығаруды тапсырды. Бүгінде бұл бастама Үкімет, Қаржы нарығын реттеу және дамыту екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, іске асырылуда. 2023 жылы тек “Халық ” банкі арқылы жұмыс жүргізілсе, қазіргі таңда барлық банктермен бірлесе жұмыс істеп отырмыз. Бұл жұмыстың ішінде қаншама адам, қаншама отбасы, қаншама тағдыр жатыр. Партияның аталмыш жобасы осындай адамдар мен отбасылардың тағдырларының шешілуіне ықпал етуде. Бұл қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе болып отырғаны, көрсеткіштерден анық көрініп отыр. Сондықтан алдағы уақытта да «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасады. – Жобаның жүзеге асқанына үш жыл толды. Осы уақыт аралығында ауданымызда қанша адам оның шапағатын көрді? – Жоба аясында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі «Д» және «E» санаттарына кіретін отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы санаттағы, екінші деңгейлі банк немесе қаржы ұйымдары алдында 90 күннен астам берешегі бар тұрғындар үшін қаржылық сауаттылық курстарын ұйымдастыру бойынша 2025 жылға арналған арнайы алгоритм облыс әкімінің орынбасары С. Салемовпен бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес ауылдық округ мамандарымен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша «Д» және «E» санаттарындағы 2394 адамды оқыту жоспарланды. Оның ішінде 770 адам офлайн, 1624 адам онлайн форматта қамтылуы тиіс болатын. Жыл басынан бері 328 адам офлайн, 2080 адам онлайн түрде қаржылық сауаттылық бойынша білім алды. Оқуды аяқтаған азаматтарға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл сертификаттардың да нақты пайдасы бар. Мәселен, “Ауыл аманаты” жобасы аясында бизнес-жоспар құру барысында осы сертификат ескерілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, bitrix24.kz платформасы арқылы «D» және «E» санатындағы, 90 күннен астам несиелік берешегі бар 2408 азаматқа кеңес берілді. Бүгінгі күнге дейін жоба қатысушыларының арасынан 141 азамат сот шешімінсіз, 21 азамат сот шешімімен банкроттық рәсімінен өтті. Ал 33 азаматтың төлем қабілеттілігі қалпына келтірілді, 49 өтініш кері қайтарылды, қалған 2164 азаматпен жұмыс жалғасуда. Айта кету керек, биылғы жылы ауданымыз бұл бағыттағы жұмыстарды ел бойынша алғашқылардың бірі болып жоспарды асыра орындады. 2023 және 2025 жылдары осы жобаны іске асырудағы белсенділігім үшін “AMANAT” партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың “Алғыс хатымен” марапатталдым. – Негізінен қарызға батқандардың жас ерекшелігі қандай? – Қаржылық сауатсыздық белгілі бір жасқа тәуелді емес. Дегенмен, орта және егде жастағы азаматтар көбірек кездеседі. Кей жағдайда ата-аналар балаларының несиесін жабу, той жасау, оқу ақысын төлеу үшін өздері қарызға батып жатады. Көмек сұрап келетіндердің басым бөлігі-жастар емес, олардың ата-аналары, яғни үлкен топтағы азаматтар. – Жобаның қолжетімділігін арттыру мақсатында мобильді топтар құрылды ма? Биыл қандай жұмыстар атқарылды? – Қазіргі таңда арнайы мобильді топтар құрылған жоқ. Алайда жоба туралы ақпаратты түрлі сайттар арқылы бейнероликтер мен жарнамалық парақшаларды кеңінен таратып келеміз. Сондай-ақ елді мекендерге арнайы бильбордтар мен баннерлер орнатылды. Биыл қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жоба аясында азаматтар үшін 5 күндік тегін оқу курстары ұйымдастырылды. Курстарда отбасылық бюджетті басқару, шығындарды бақылау, дұрыс несиелік шешім қабылдау тақырыптары қамтылды. Сонымен қатар, қаржы сарапшылары азаматтарға жеке консультациялар өткізіп, несие шарттарын қайта қарау, реструктуризация жасау мәселелері бойынша көмек көрсетті. Борыштық проблемалары бар азаматтарға құқықтық қолдау және кеңес беру қызметтері де ұйымдастырылды. - Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан - Жанерке ӘЛТЕН, «Ауыл жаңалығы». |