Онлайн газет



БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Өтіп бара жатқан жылда да талай отандасымыз үйлі-күйлі болып, Жаңа жылды өз шаңырақтарында қарсы алғалы отыр. Алайда өмір бар жерде өсу бар, әлі де баспаналы болуды армандайтындар жеткілікті. Бірақ тұрғын үйге қаражат жинақтауға жаңадан келгендердің көпшілігі кейде бұл жүйенің талаптары мен шарттарын түсінбейді. «Ендігі кезек – менікі, келешекте «өз үйім – өлең төсегімде» жатамыз десеңіз, оның барлық жай-жапсарына қатысты «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры Азат ӘШІМОВПЕН жүргізген сұхбатымызға назар аударыңыз.
- Азат Әркінұлы, биыл үйлі болудан үміттілердің кезегін жылжыту үдерісі қалай жүргізілді?
- Тұрғын үй кезегінде тұрған елдің ең көкейкесті сұрағы осы, әрі бұл үлкен қажыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Біз 2005 жылдың 2 шілдесінде «Concordia Group» Ltd компаниясынан электрондық деректер базасы мен мұрағаттық файлдарды алып, талдаған кезде талай сәйкессіздікті анықтадық. Барлығы 642 281 жазба алынса, оның 6 573-інде деректер қайталанады, басқа да сәйкессіздік табылды. 1970 жазбаның ЖСН-і жоқ, аты-жөндері де әртүрлі толтырылған. Бір ЖСН-да санаты, облысы мен ауданы сол қалпында, бірақ кезекке қойылған күні ғана өзгертілген бірнеше жазба болды. Әртүрлі даталармен бір тұлғаның жәрдемақы санаттары өзгертілген жағдайлар тіркелді. Бір облыстың аумағында көшіп-қонып, қайта тіркелгенде әртүрлі аудандарда бірнеше кезек иемденіп, бір ЖСН-мен бірнеше өтініш толтырған, «Аты-жөні» жолында аттары үтірмен бөлінген әртүрлі адамдардың топтары кездесті. Тіпті 13 жастағы баланы «Мемлекеттік қызметкерлер 1», «Толық емес отбасы 2» сияқты үш түрлі санатпен кезекке қою фактісі анықталды. Ең қызығы 1959-1980 жылдар аралығында туғаны көрсетілген азаматтардың Ұлы Отан соғысының ардагерлері деп тіркелген 11 жазбасы анықталды. «Көпбалалы отбасылар» санаты көрсетілген жазбада да негізгі санатқа – мемлекеттік қызметкерге сәйкес келмейтін дерек шықты. Бұл сәйкессіздіктің барлығын жергілікті атқарушы мекемелер анықтап, содан кейін қабылдау-тапсыру актілеріне қол қою мүмкіндігі қарастырылды. Деректерді тасымалдау 2025 жылдың 13 тамызында аяқталды.
- Дәл қазір кезекте тұрған қанша адам Отбасы банктің базасына ауысты?
- Әкімдіктерден 642 281 жазба түскенімен, жоғарыда атап өткендей, қайталанатын деректер мен сәйкессіздіктер жойылған сайын жазбалар саны өзгеріп тұрады.
- Пәтер бөлу үдерісі кезекке тұрғандардың тізімі толық банктің бақылауына көшкеннен кейін бастала ма?
- Банкке ұлттық даму институты мәртебесі берілген сәттен бері, өзімізге жүктелген міндетке сәйкес, еліміздің азаматтарын есепке алу мен «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» (ТҮК) электрондық деректер базасы арқылы тұрғын үйге мұқтаждарды тіркеу, оларға тұрғын үй бөлу қызметін атқарып отыр. Мысалы, қанатқақты жоба аясында 2025 жылдың қыркүйегінде Қосшы қаласында жалға берілетін тұрғын үйлер таратылып, Көкшетау қаласында несиелік тұрғын үйге конкурстық іріктеу басталды.
2025 жылғы 20 қазанда Банк Baspana.kz порталында Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Абай облыстарында жалға берілетін тұрғын үйді тарату мен несиелік тұрғын үйге конкурстық іріктеуді бастады.
- Тұрғын үйлерді жалға беруде бөлінген пәтерлер мен жалдау шартын жасасуға дайын азаматтар санындағы айырмашылық неліктен туындап отыр?
- Бүгінде әкімдіктер 3 919 жалдамалы тұрғын үйді Банкке бөлуге берді, оның 3 337-сі алдын ала бөлінген. 754-сі жалға беру шартын жасасуға әкімдікке жолданды. Бөлінген пәтерлер мен жалдау шартын жасасуға дайын азаматтар санындағы айырмашылық жеке деректерді ұсынбаудан, жеке мәліметтерді жинауға, өңдеуге келісім беруден бас тартудан, туындап отыр. Мысалы, kezekte.kz тұрған 642 мың адам сайттан ауысқан кезде 102 мыңнан сәл астамы ғана келісімін берген, бұл небәрі -16%. Айталық, Ақмола облысында 331 жалдамалы пәтер болса, 241-і иесін тапты, 45-і баспана мұқтаждығы талабына сәйкес келеді, оның 30-ы жергілікті атқарушы органдарға жалдау шартын жасасуға жолданған. Түркістан облысында 6 жеке жалдамалы тұрғын үй болса, оның алтауы бөлінген, тек бір азамат түгендеуге келісімін берген, қалғандарының түгендеу деректері іздестіріліп жатыр. Жалпы алғанда, жалға берілетін тұрғын үй бөлу барлығы 15 облыста жүзеге асты.
- Ипотекалық тұрғын үйлерді иеленудің ендігі жай-жапсары қандай?
- Жыл басынан бері ипотекалық тұрғын үй сатып алу 63,3 млрд. теңгеге қаржыландырылды, 5 мың пәтер сатылды. 2025 жылдың қазан айынан бері қайтарылатын қаражат есебінен 57,3 млрд. теңгенің 5 мың пәтерін сату жөніндегі қосымша келісімдер жасалды. Алайда 2024 жылдан бері жеңілдетілген ипотекалық несиелерді беруге Банкке республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Барлық несие қайтарылатын қаражат есебінен беріледі.
Қаржыландыру шектелгендіктен, әр аймаққа тең үлеспен лимит белгіленді. Ең ірі қаржыландыру, сомасы- 5,85 млрд. теңге. Өңірлердегі шектеулер төмендегідей: Шымкент қаласы мен Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары 5,85 млрд. теңге алды. Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарындағы қазіргі қажеттіліктерді толығымен жабуға лимит белгіленді.
Бүгінде әкімдіктер мәлімдеп отырған 5 000 пәтердің нақты құны 45,3 млрд. теңгені құрайтын 3 313 пәтері Банкке берілді, осыларды несиелеу үдерісі басталды.
- Елдің бір азаматы бюджеттік саланың қызметкері ретінде кезекте тұрады делік, оған қоса көпбалалы отбасына айналса, жылдамырақ үйлі болуы үшін не істеуі керек?
- Тиімді санатқа өту үшін азамат қазіргі тұрғын үй кезегінен шығып, қажетті санатты көрсете отырып, тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеуге қайта өтініш беруі қажет. Қазірде  тіркеуден шығару тетігі есепте тұрған азаматтарға orken.otbasybank.kz порталында қолжетімді. Бірақ санатын өзгерту үшін тіркеу күнін жаңарту қажет болады.
- Кезекте тұрғандар келесі санатқа өткеннен кейін деректерінің дұрыс тасымалданғанын қалай тексере алады?
- Тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген азаматтардың сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың тізімдері Банктің hcsbk.kz ресми сайтының «Қолжетімді баспана» бөлімінде жарияланып отырады. Бұл ақпаратты orken.otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетіңізден де білуге болады. «Тіркелген азаматтардың тізімі» бөлімінде өз санатын таңдап, нақты жүріп жатқан кезекті қарап отырған жөн.
- «Жесір» немесе «жалғызілікті әке» сияқты жаңа санатта кезекке ілінгендер не істейді? Банкке өз аяғымен баруы керек пе, әлде мәліметтерді онлайн тексеру жеткілікті ме?
- Мұндай жағдайда Банк бөлімшелеріне барудың, хабарласудың қажеті жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, керек ақпараттарды Банктік hcsbk.kz ресми сайтының «Қолжетімді баспана» бөлімінен, сондай-ақ orken.otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетіңізден алуға болады.
Жесір немесе жары қайтыс болған, бірақ бұрын kezekte.kz сайтында «толық емес отбасы» санатында тіркелген азаматтарды түгендеу процедурасын аяқтау арқылы «жесірлер/жалғызіліктілер» санатына жаңарта алады. Егер мемлекеттік ақпараттық қызмет осы мәртебені растайтын болса, олардың санаты өзгеріп, тіркеу күні өзгеріссіз қалады.
- Жұртқа жеңілдетілген ипотекаға байқау жарияланғанын білдіріп отырудың жолдары қандай?
- Конкурсты өткізу мерзімі мен шарттары туралы ақпарат Банктің ресми ақпараттық ресурстарында орналастырылған. Оған қоса ақпараттандыру жұмыстары Банктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тиісті ақпаратты орналастыру арқылы да жүргізіледі.
- Жалға берілетін тұрғын үй конкурсына қатысу тәртібін толықтыра түссеңіз?
-Бұл – жергілікті атқару органдары жалға беретін тұрғын үй. Жергілікті атқару органдарына жалға берілетін тұрғын үй Банкте тіркелген күні, сондай-ақ отбасы құрамы жөніндегі орын алу құқығы өлшемдерімен бөлінеді. Жалға берілетін тұрғын үй алу үшін пәтер алуға өтініш берудің қажеті жоқ. Банк оларды өзі бөледі. Тек жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім беруіңіз керек, егер мұны бұрын жасамаған болсаңыз, бөлінетін пәтерге келісім беріп, яки одан бас тарту қажет. Бұл құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жеке кабинетте қол қойылады. Республика азаматы немесе қандастар бөлінген пәтерге келісім берген жағдайда, Банк оның деректерін жалдау шартына қол қоюға әкімдікке береді.
- Кезекте тұрғандарға пәтер бөлінетін кезде өзінің тұрғын үй алуға келісімін растауға қанша уақыт беріледі?
- Тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейтін мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, еліміздің азаматтары мен қаңдастар 5 жұмыс күні ішінде келісімдерін растауға тиіс.
- Бірақ кейбір азаматтар жеңілдікті ипотека алу кезінде төлем қабілетін тексертуден өткізгенде қиындық бар екендігіне шағымданып жүр. Мұндай жағдайда банк қандай балама жолдарды ұсына алады?
- Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінде отбасының табысына қойылатын талаптар бар. Ол отбасының табысына қарай тұрғын үйді жақсарту құралының түрін анықтайтын баспана баспалдағы деп аталады. Сонымен қатар егер жеңілдікті ипотекаға қатысты төлем қабілетілігін растауға табысы жеткіліксіз болса, екі адамға дейін тең қарыз алушы тартуға немесе мүлікті толығымен сатып алуға рұқсат етіледі.
Егер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы несиені ресімдеп, одан әрі төлеп отыруға жетпесе, оған жалдамалы  тұрғын үй (отбасының табысы 3, одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін ең төменгі жалақының 2-ден аспайтын мөлшерінде, сондай-ақ отбасының табысы екі адамнан аспайтын отбасы үшін ең төменгі жалақының 3,5-тен аспайтын мөлшерінде) берілуі мүмкін. Сондай-ақ келесі санаттардағы азаматтар: І, ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетімдер мен балалар, 29 жасқа толмаған, кәмелет жасына жетпей ата-анасынан айырылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылардың соңғы алты  айда бір отбасы мүшесіне шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 деңгейінен аспаса, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға құқылы. Ипотекалық бағдарламалар талаптарына сай келмеген жағдайда, тұрғын үйге мұқтаж деп танылған азаматтар кейіннен жекешелендіру арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жалға берілетін тұрғын үй алуға немесе жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға өтініш беруге құқылы.
- Мысалы, адам басқа бір облыста кезекте тұрды делік, бірақ Астанаға көшуге ниеттенсе, оның кезегі сол қалаға ауыстырыла ма?
- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда көрсетілгендей, мұндай жағдайда тіркелген жері бойынша тіркелген елді мекенде, ал республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент сияқты қалаларда соңғы үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болуы қажет. Бұл талап тек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 29 жасқа дейінгі балаларға немесе кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған балаларға жүрмейді. Сондықтан, егер адам тұрғылықты жерінен басқа жаққа көшетін болса, ағымдағы кезектен шығару туралы өтініш беріп, содан кейін тіркеуге жаңа өтініш беруі керек. Бірақ тіркеу күнін жаңартуға тура келетінін тағы да еске саламыз.
- Кейбір азаматтарға деректері тасымалданғаннан кейін кезек нөмірі өзгеріп кеткені туралы хабарлама келіп жатады?
- Бұл жұмыстар ел азаматтарына тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74-бабына сәйкес, Бірыңғай республикалық электрондық деректер базасында, «Тұрғын үймен қамту орталығы» электрондық деректер базасында табыс деңгейі төмен, тұрғын үйге мұқтаж тұлға ретінде тіркелген күніне байланысты атқарылады. Бұл тіркелген кезек нөмірлерін көрсету заңда қарастырылмаған деген сөз (бұрын kezekte.kz сайтында болған жағдай). Әйтпесе, азаматтардың тізімдерден көретіні кезек нөмірі емес, тек тізімдегі реттік нөмір. Ол тіркелген азаматтардың жалпы санын көріп отыруға қажет. Сондықтан тізімдердегі нөмірге назар аударудың қажеті жоқ, өйткені тұрғын үй тіркелген күнін, үлестірілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 %-дай басым құқыққа ие санаттарды ескере отырып бөлінеді.
- Түгендеу процедурасы азаматтарымызға қаншалықты қажет?
- Түгендеу, инвентаризация – кезекте тұрған азаматтарымыз туралы ақпаратты жаңартып, тексеріп, нақтылап отыруға қажет. Мұның тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін барынша ашық әрі әділ жүргізуде маңызы зор.
- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – Айнаш ЕСАЛИ.
«Egemen Qazaqstan».

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2024
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26611
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда79155
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3457224

Серіктестер