|
Адам саудасы – тұлғаға қарсы жасалатын ең ауыр қылмыстардың бірі. Яғни адам саудасы, бостандығы мен еңбегін пайдалану, яғни өзгені құлдыққа түсіру, құқығын бұзу – кешірілмес қылмыс. Сарапшылардың пікірінше, адам саудасы заңсыз әрекеттердің ішінде табыс көлемі бойынша үшінші орында тұр екен. Яғни, адамдарды сату, пайдалану, азғыру, тасымалдау немесе жасыру әрекеттерімен байланысты қылмыстар. Сонымен қатар сарапшылар қаржылық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, кәсіптің болмауы адам саудасының құрбаны болу қаупін арттырады дейді. Бірақ жынысына, жасына, ұлтына және басқаларға қарамастан кез келген жан адам саудасының құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан адам құқықтарының бұзылуына
тосқауыл қоюымыз қажет. Бұл жерде әр азамат өзінің құқығын жақсы білуі маңызды. Бұдан тура он екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін белгіледі. Бұл күнді БҰҰ-ның халықаралық күндерінің жүйесіне енгізіп, 30 шілдеде атап өту жоспарланған. Жыл сайын әлемде Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күні аталып өтеді. Елімізде де адам саудасының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда адам саудасына қарсы арнайы заң қабылданды. Онда: -Жыныстық қанауға тарту, оның ішінде кәмелетке толмағандар, -Кәмелетке толмағаннан жыныстық қызмет алу үшін жазалау, -Бала туылғаны туралы хабарлама бермегені үшін жауапкершілік, -Тараптардың татуласуына тыйым салу сияқты жаңа нормалар енгізілді. Заң бойынша мұндай қылмыстар үшін 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. “Заң мен тәртіп” аясында Сазтерек ауылдық округінде адам саудасына қатысты түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Мұнда адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, тұрғындарға адам саудасының белгілері, мәжбүрлеудің кең таралған тәсілдері, сондай-ақ сақтық шаралары мен қорғау шаралары түсіндіріледі.
Руслан АНУАРБЕКОВ, Сазтерек ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп жүргізуші жетекші маманы. |