|

Тәуелсіздік күні мерекесі мен ауданымыздың Байзақ баба есімімен аталуына 30 жыл толуына орай Сарыкемер ауылында ардагерлер арасында бильярдтан аудандық турнир өтті. “Ер-жұма” бильярд кешенінде өткен турнирді Қазақстан Республикасы судьялар Одағының төрағасы, Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы, жерлесіміз, Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылының тумасы Досжан Әмір ұйымдастырып, өз есебінен өткізді. Турнирге ауданымыздың 8 ауылдық округінен 18 ардагер қатысып, екі күн бойы бақ сынасты. Аталған іс-шараның ашылу салтанатында
аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдырәлі Оралов, еңбек ардагері Серік Кенбаевтар сөз алып, ауданға арнайы келіп, аудан ақсақалдарының басын қосып отырған Досжан Сарманқұлұлына алғыс айтып, үстіне шапан жапты. Ауданымыздың Құрметті азаматы ақын Қасқырбай Нарбатыр болса Досжанның бұған дейінде ауданнан шыққан ақын, әнші, спортшыларға демеуші болып, үнемі қолдап келгенін тілге тиек етті. -Мен бірнеше аудан, облыстарда қызметте болсамда өз ауданымды ешқашанда ұмытпаймын. Қолымнан келгенше көмегімді беріпте келемін. Енді міне зейнетке шыққаннан соң ардагерлердің басын қосып, қос мереке қарсаңында бильярдтан турнир өткізуді жөн санадым. Ал бұл жыл сайын өтетін дәстүрлі турнирге айналатын болады. Маған жасалып жатқан құрмет үшін аудан басшыларына, ардагерлерге алғыс айтамын,- деді ауданның Құрметті азаматы Досжан Сарманқұлұлы.
 Турнирге ауданымызға белгілі спорт маманы, ардагер Асқар Бекбауов төрелік етті. Көп ұзамай-ақ кешендегі 6 бильярд столында ойын қыза түсті. Осы жерде ардагерлеріміздің бұл спорт түрін тереңірек меңгергендерін байқадық. Олар жастарының ұлғайғандықтарына қарамастан ширақ қимылдап, ұрған шарларын ұяшыққа дәл түсіріп жатты… Мұнда мергендікпен бірге қажетті айла-тәсілдерді орынды пайдалана білгендер жеңіске бір табан жақындай түсті. Екі күнгі аса тартысты өткен турнирдің қорытындысында Сарыкемер ауылының ардагері Шары Абдурасулов барлық қарсыласын ұтып, бірінші орынды иеленді. Ал оның тағы бір жерлесі, белгілі әнші Әлмахан Исабаевта осал емес екендігін танытып, екінші орынды жеңіп алды. Бәйтерек ауылдық округі атынан келген Әбдібек Байділдаев жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Диқан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев жүлделі орыннан шеткері қалғанымен жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Сондықтанда ол “Жеңіске деген жігерлігі үшін” номинациясымен марапатталды. Ал Қасқырбай Нарбатыр болса “Шебер ойыншы”, Серік Кенбаев “Көрермен көз айымы” номинацияларын жеңіп алды. Турнирге төрелік жасаумен бірге жақсы ойын көрсеткен ботамойнақтық ардагер Асқар Бекбауовта жақсы ойынымен көптің назарын өзіне аударды. Бұл турнирдің ерекшелігі сол оған қатысқан ардагерлердің ешқайсысыда үйлеріне бос қайтпады. Турнир жеңімпаздарын аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Оралов, жарысты ұйымдастырушы Д.Әмірлер құттықтап, оларға 15-50 мың теңге аралығындағы сертификаттарды салтанатты жағдайда табыс етті. Сондай-ақ аталған іс-шараға қатысқан барлық ардагерлерге 10 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Турнир барысында қарияларға жеңіл-желпі дастархан жайылып, шаршап, шөлдеп қалмаулары басты назарға алынды. Сондай-ақ оларға екі күн бойы түскі, кешкі уақыттарда дәмханада ас-ауқат ұйымдастырылып, олардың бір-бірімен ашық-жарқын әңгімелесулеріне жағдай жасалды. -Сонау Астанада жүрсе де ауылын ұмытпай, елге келіп ардагерлердің басын қосып, батасын алып отырған Досжан інімізге алғыс айтамыз. Бүгін біз бильярд ойнап қана қоймай, жан-жақтан жиналған қариялар бір-бірімізбен әңгімелесіп, көңіліміз көтеріліп қалды. Тәуелсіздік мерекесі мен ауданымыздың Байзақ баба есімін иеленгеніне 30 жыл толу мерейтойы құтты болсын! Ауданымыз өсіп-өркендеп, қарыштап дами берсін,- деді қоштасар сәтте диқандық ардагер Әзімбек Ойықбаев.
Сундетулла Абилов, “Ауыл жаңалығы”. Сарыкемер ауылы. |