|

Жақында Көкбастау ауылындағы Амангелді атындағы орта мектебінің педагогикалық ұжымының ұйытқы болуымен “Этно-ауыл” кешенінің ашылу рәсімі өтті. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, қол өнерін, өмір сүру стилін көрсету мақсатында ашылған «Этно-ауыл» кешені- ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруге ықпал ететіндігі анық. Іс-шараның шымылдығы жас бишілердің әдемі биімен ашылды. Одан соң облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков жиналғандарды «Этно-ауыл» кешенінің
ашылуымен құттықтап, аталған кешен жас ұрпақты ұлтжандылық пен патриотизмге тәрбиелейтіндігін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов аудан мектептері арасында бірінші болып ашылып отырған “Этно-ауыл” кешенінің мектеп оқушыларын халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне, мәдениетіне деген құрметті қалыптастыратындығын атап өтті. Ауыл ақсақалы Сасайбек Жанысбеков аталған жобаны іске асырған мектеп басшысы мен ұжымға алғысын білдірді.
 Ардагер ұстаз Мырзакәрім Құлақметов пен ауыл ақсақалы Сасайбек Жанысбеков ашылу лентасын қиған соң, ақжаулықты әжелер шашу шашты. Келген қонақтар мен жиналған қауым кешеннің ішін аралап көрді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Байдаралинова мен шәкірті, мектеп президенті Ақниет Ахмат халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған құрал-жабдықтар мен күнделікті тұтынатын бұйымдар көрмесін, этномәдени экспозициялармен таныстырды. Әсіресе көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Жұмабай Аюбаев, Қарлығаш Дубралиева, Салтанат Әміралиева және Еркеғали Мутан, Бекнұр Көлбай секілді оқушылардың қолынан жасалынған, алтыбақан, шөп таситын арба, құдық, құмыра көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнан соң жиналған көпшілік “Өнегелі әжелер” тобының орындауындағы “Ауылым” әніне ерекше қошемет көрсетті. Мектеп ұжымының күшімен қойылған «Бала Абай» көрінісін, асық ату, қазақша күрес ойындары мен домбырашылар ансамблінің орындауындағы “Ертұран” күйін тамашалады.
Айдар АЛДАБЕРГЕНОВ, “Ауыл жаңалығы”. Көкбастау ауылы. |