Онлайн газет



ЕРЛІГІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

Халқымыздың  ұлы  перзенті, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры  Бауыржан Момышұлы-есімі аңызға айналған  тұлға. “Батыр Бауыржан” десе еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін елең етіп, оның өшпес ерлігінің алдында бас иеді. Тұғырлы тұлғаның есімі әрбір қазақстандықтардың жүрегінде өшпестей болып орын алған.
Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған боздақтардың өмірін қиып, елімізге қисапсыз шығын келтірді. Туған еліміз бен жерімізді жау құлдығынан құтқару жолында шайқасқан жауынгерлер ерлік пен қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті. Жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыста жау әскерін тығырыққа тіреп, ақыл-айласын асырған Бауыржан Момышұлы атамыз 200-ден астам ұрысқа әскерді өзі бастап кіріп, бес рет қоршауда қалып, оны бұзып шыққан. Жеті рет жарақаттанып, ұрыс жүргізу теориясына жаңалық енгізген. Оны жүзеге асырған талантты, қайталанбас қолбасшы Бауыржан Момышұлы соғыстан кейінгі жылдары ұстаздықпен айналысқан. Мәскеудегі Жоғары әскери академияда 5 жыл “Жоғары тактикадан” аға оқытушы болып қызмет атқарған. Тік мінезді, шындық пен әділдіктің туы болған Бауыржан Момышұлы туралы белгілі  жазушы Мұхтар Әуезов: “Бауыржан Момышұлын тікесінен тік қойып, қылышпен шапсаң екі жарылып түседі, бірақ сіз бен бізге ұқсап келісімпаздыққа бармайды”, - деген.
Бауыржан атамыз ата тілін, оның байлығын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын айрықша қастерлеген. Кезінде жазушы Д.Снегин:“Бауыржан жүз жылда бір туады. Ол мен үшін мәңгі үлгі. Ол қазақ болудан қалған қазақтарды, яки тілін, дінін, ата-салтын білмейтін  қазақтарды жек көретін”, - депті.
Ерлік пен өрліктің биік тұлғасы болған Бауыржан Момышұлы-Ресейге де ортақ тұлға. Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Волоколамск қаласында генерал И.В.Панфилов пен Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылған болатын.  Ерлігімен елдің есінде қалған Бауыржан атамыздың ерліктері мен биік адамгершілік қасиеттері, өнегеге толы ғұмыры, ұрпақтан-ұрпаққа азық болатын шығармалары тарих бетіне алтын әріппен  жазылды.
Шындығында да Бауыржан Момышұлы-ғасырда бір-ақ рет келетін батыр. Оның батырлығы мен ақылдылығы халық даналығымен үндесіп  жатыр.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атап сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түбінен сөз келгенде,- деген өлең жолдарының астарында үлкен мән жатыр. Неге десеңіз 80 жылдығында Бауыржан атамыз Кеңес Одағының Батыры атағын алып, халқымен қайта қауышса, 2010 жылы 100 жылдық мерейтойы  ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді.
Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Жаужүрек батырдың мерейтойына орай Тараз қаласындағы “Баласағұн” орталық концерт  залында “Бауыржан Момышұлы мұралары: тарих пен таным” атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтіп, алқалы жиында батырдың ел-жұрт біле бермейтін тың деректер айтылған екен.
Халқымызда «Ер-елінің қорғаны», «Ердің ісі – ерлік»  деген сөз бар. Абай айтқан жүрек, қайрат, ақыл-үшеуінен туатын ерлік сөзінің бір аты-тәуекел.  Сын сағатта еліне қорған болған, тау тұлғаның есімі  аудан орталығы - Сарыкемер ауылында және елдімекендердегі көшелерге берілген.
Ұстаздар  қауымы алдында тұрған басты міндет- Бауыржан Момышұлының биік тұлғасын тану, оның өнегелі ерліктерін ұрпаққа үлгі ету, батырдың шығармаларына терең бойлап, өскелең ұрпақтың бойына туған жеріне, Отанына, батыр бабаларына деген  сүйіспеншілікті қалыптастыру. Бұл бағытта ауданымыздың барлық білім ордаларына жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақтың батыр ұлы, ұлт мақтанышы, жазушы, елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы халқымен бірге мәңгі жасай беретін болады.

Жанат Поштаева,
№2  орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі.

 

ҚАЙСАР ҚАЗАҚ

Ерекшелеп ен ерлік пен ерендік,
Танытушы ең тектілік пен тереңдік.
Бөлек біткен болмысың  бар  керемет,
Көрінетін кемеңгерлік, кемелдік.

Мінезіңде еркелік пен естілік.
Сезілетін серкілік пен сестілік.
Өзің тән сергектік пен серілік,
Жататұғын ел ішінде естіліп.

Ұғынғанға ұлағат пен ұлылық,
Қатар жүрген қаталдық пен жылылық.
Өне бойың тұнып тұрған қайшылық,
Өмір жолың өнеге мен ірілік.

Ақиқаттан алшақ емес аңыз да,
Айрықша еді адалдығың  парызға.
Ардың туын биік ұстап әрдайым,
Ақылыңмен айналғансың абызға.

Туа бөлек туымың да, тұлғаң да,
Кездерің жоқ иілген де, сынған да.
Қоса ұстаған қару менен қаламды,
Сен тірісің халқың аман тұрғанда.

Қайшылыққа толы өмірің расында,
Батырлық та, бақыт та бар басыңда.
Қайыспайтын қайсар қазақ қалпыңда,
Батыл аттап жеттің, Бауке, ғасырға!

Қайыпназар ШОТБАСОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Обновлено 05.12.2025 15:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1677
mod_vvisit_counterКеше4380
mod_vvisit_counterОсы аптада26264
mod_vvisit_counterӨткен аптада32234
mod_vvisit_counterОсы айда78808
mod_vvisit_counterӨткен айда133958
mod_vvisit_counterБәрі3456877

Серіктестер