|
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Тамыз кеңесі мен дәстүрлі Жолдауында да ұрпақ тәрбиесі-баршаға ортақ іс екендігін, баса айтқан болатын. -«Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның арасын ажырата білуі керек» деп Президентіміз айтқандай, ұстаздар мен ата-аналар алдында тұрған басты міндет - ұлтжанды, саналы, тәрбиелі, адалдықты серік еткен, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Үлгілі атындағы орта мектепте Дүниежүзілік балалар күніне арналған республикалық он күндік аясында «Бала тәрбиесіндегі әкенің ролі» тақырыбындағы әкелермен өткен іс-шараны
мектеп директоры Ақмарал Телеуова ашып, Дүниежүзілік балалар күнінің шығу тарихына кеңінен тоқталды. Мұнан соң жиналғандар назарына әлсіз денсаулығы жоқ балаға әлімжеттік көрсетіп жатқан оқушылар туралы бейнеролик көрсетілді. Әкесі ұлына немесе қызына өмірінің алғашқы күндерінен бастап не бере алады? деген сауал төңірегінде шараға қатысқан әкелер ойларымен бөлісті. Атап айтқанда ауыл ақсақалы Қалықбек Тойшыбеков балалар арасындағы әлімжеттік қоғамның назарын ерекше аударып отырғандығын, ұрпақ тәрбиесінде әке мен анаға жүктелетін міндеттің жауапкершілігі босаңсығандығын алға тартты. Бала тәрбиесінде әкенің рөлі айрықша екендігін айтып, бала құқық бұзушылыққа жол берсе, оған алдымен ата-ана жауапты екендігін жеткізді. Цифрлы технология дәуір құрған кезеңде ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы ұл-қыздарымыздың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіре алатынымыз жайлы әңгіме қозғады. Ал 8-сынып оқушысы Мерекенің әкесі Марат Тоғызбаев бала тәрбиесіндегі әке тарапынан кеткен кемшіліктерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ер бала бойындағы жауапкершілік, батылдық, сөзге беріктік секілді қасиеттерді қалыптастыратын әке екендігін, «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінен дұрыс бағбандық жасау» дей отырып, балаға сөзбен емес, іспен үлгі болуға шақырды. Әке бала үшін мінез-құлықтың үлгісі, сенімділік пен күштің қайнар көзі болып табылады,-деді.
 -Әке – отбасының тәрбие жұмысындағы маңызды орын алатын тұғырлы тұлға. Ата-ана тәрбиесінің артында ұлт тәрбиесі, мемлекет тағдыры жатады,- деп сөзін бастаған Үлгілі ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фазыл Шаухаров баланы еңбекқорлық, табандылық, үлкендер мен туыстарға, жалпы адамдарға қамқорлық таныту секілді қасиеттерге тәрбиелеуде әкенің рөлі үлкен екендігін айтты. Байзақ аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Азамат Үзен бала құқықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Озбыр да қатыгез әкелердің бала тәрбиесіндегі іс-әрекеттері, баланы жазалау мен тәрбиелеудің аражігін білу, бала тәрбиесіне салғырт қарамау керектігі жөнінде ойымен бөлісті. Қоғамда балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дені сау ортаны қалыптастыру бағытында елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға екпін салды. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы түрлі құқық бұзушылық, буллинг, теріс ықпалдағы ортаның әсерінің зиянын айтып, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан тірліктерге басымдық берді. Сонымен қатар құқыққа қайшы әрекетке барған балалар жауапкершілікке тартылатындығын ескертті. Аудандық білім бөлімінің маманы Айнұр Нургелова бала тәрбиесінде кейбір әкелер тарапынан орын алған келеңсіз жағдайлардан ақпарат берді. Балаға физикалық күш қолданбау, ақылға қонымды талаптар қою, олардың қол жеткізген жетістіктерін ескеру, қаншалықты жұмысбасты болғанымен перзенттеріне көңіл бөлу, тәрбиесін қадағалау, әкелік мейірімін көрсету, отбасындағы кикілжіңге орын бермеу, ата-аналардың қоян-қолтық тәрбие ісіне атсалысу арқылы білімді, өнегелі ұрпақ тәрбиеленетіндігін жеткізді. Еңбек ардагері Баубек Асанов ұрпақ тәрбиесіндегі әкеге жүктелетін міндеттің ауқымдылығын атап өтіп, ұл-қыздарына берген дұрыс тәлім-тәрбиесінің бүгінде жемісін көріп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Ахмет Байтұрсыновтың “Баланы ұлша тәрбиелесең - ұл, құлша тәрбиелесең - құл болады”,- деген сөзіне сүйене келе, отбасындағы жарасымдылық пен үйлесімдік, ата-ананың шынайы қарым-қатынасы, әрқайсының ұрпақ алдындағы жауапкершілігі - балаға үлгі екендігін, әр әке ұл-қыздарын мықты, еңбекқор, қиындықтарға төзе білетін тұлға етіп тәрбиелеу қажеттігін, бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі үлкен екендігін мысалдар арқылы тарқатты. Кездесу соңында мектеп директоры Ақмарал Рысбайқызы күн тәртібіндегі маңызды мәселеге қатысты ой бөліскен әкелерге алғысын айтты. Іс-шара барысында айтылған тың ұсыныс-пікірлер: атап айтқанда, ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосып жүрген әкелерді мектепте өтетін іс-шараларға көптеп тарту, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Ерікті әкелер» тобымен түнгі рейдтер ұйымдастыру және мектеп жанындағы дүкен иелерімен ауыл әкімшілігі, ішкі істер қызметкерлерімен бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу назарға алынатындығын жеткізді.
Динара Мелдебекова, Үлгілі атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. |