|

Кеше аудан әкімдігінде аудан әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына комиссия мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Комиссия төрағасы, аудан әкімі Олжас Баққараев отырысты кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Онда «Байзақ ауданы бойынша Мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай орналастырылуы және пайдаланудың жайы туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина слайдты көрсете отырып баяндама жасады. -Мемлекеттік рәміздер-бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз
атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Мемлекеттік рәміздер мекеме, ұйым, ауылдық округ әкімдіктерінде, аудандағы барлық білім беру мекемелерінде орналастырылған. Мектептерде Мемлекеттік рәміздердің арнайы оқшауланған бұрышы бар. Әр аптаның дүйсенбі күні екі аусымда да мектеп оқушылары сабақты мемлекеттік Гимнді айтумен бастайды. Спорттық жарыстар өткізу кезінде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Гимннің орындалуы дәстүрге айналған. Ауданда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері орналастырылуы міндетті 176 мемлекеттік мекеме бар. Мекеме сыртында 176 Мемлекеттік Ту орналастырылса, бірінші басшы кабинетінде 86, мектептердің оқшауланған бұрыштарында 34 Ту, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде 502 мемлекеттік Елтаңба орналасқан. Биылғы жылы Мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы және пайдаланудың заң талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы 1 рет, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі тарапынан 4 рет зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, 1 жұмыс күні ішінде ретке келтірілді. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 22 қазан-5 қараша аралығында ауылдық округтер аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер, аудандағы бөлімдер мен мекемелерде орналасқан Мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді.
 Атап айтқанда, Сарыкемер, Диқан, Ботамойнақ, Бәйтерек, Суханбаев, Түймекент, Үлгілі, Темірбек, Бурыл, Ынтымақ, Жалғызтөбе ауылдық округтеріндегі саз мектебі, кітапхана, клуб, бөбекжай-бақшасы, спорт мектебі, фельдшерлік тірек, Суханбаев ауылдық округі әкімдігі мен жер қатыстары бөлімі ғимараттарында да сыртқы тулар оңып, тозған, Елтаңбалар күнге күйіп, сырлары оңып кеткен. Берілген ұсыныстарға қарамастан білім бөліміне қарасты бөбекжай-бақшаларда рәміздердің заңда көзделген талаптарға сай болуын қадағалау жұмыстары және қосымша рәміздермен (көбінесе ту) қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға әліде болса салғырттық танытуда. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге шақыру, оларға деген қөзқарасты қалыптастырып, насихаттау, бұл тұрғыда жастардың патриоттық сезімдерін ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатындағы жұмыстар жалғаса беретін болады, - деді Мадина Ерғалиқызы. Комиссия мүшелері Шырын Қапарова мен Индира Спаналиева тарапынан баяндамашыға сұрақ қойылып, жауап берілді. - Әрбір ауылдық округтердегі мекеме, ұйым басшылары Мемлекеттік рәміздерді үнемі қарап, қадағалап отырулары керек. Ауа райына байланысты тозған, күнге күйіп, сыры оңған рәміздер дер кезінде ауыстырылып отыруы тиіс. Бұл үшін аталған мекемелерде қосымша тулар алынып қойылғаны жөн. Ал кемшіліктерге жол берген мекемелерге айыппұл салу керек, - деді аудан басшысы. Бұдан кейін аудандық денсаулық сақтау мекемесіне қарасты мекемелерде рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі жұмыс тәжірибесі туралы бас дәрігердің орынбасары Ғалым Қалтаев айтып берді. Ал ауылдық округтерде мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөнінде Диқан, Суханбаев ауылдық округтерінің әкімі мен әкім міндетін атқарушы Жұман Абдуалиев пен Ардақ Әбдіманов өз тәжірибелерімен бөлісті. Отырыста қаралған мәселеге байланысты қаулы қабылданды.
Сундетулла АБИЛОВ, «Ауыл жаңалығы». |